Айтпайын-ақ деп едім!

Заң біреу, би төртеу ме?

Жақында жер дауына қатысты бір мәселеге байланысты 7 адвокаттан кеңес алдым. Бір қызығы, жетеуі жеті түрлі кеңес беріп, басымды одан әрі қатырды. Керек десеңіз, орыс тілді заңгер мен қазақ тілді заңгердің заң жөніндегі білімі де ұқсамайтынын байқадым. Қатысты заңдарды өзім ақтарып көріп едім, ештеңе түсінбедім. Қазақша жазылғаны болмаса, тілі түсініксіз, ұғымға ауыр. Яғни орысшадан түйе үстінен сирақ үйіткендей ділдалап аудара салғаны көрініп тұр.

«Қазақстанда заң күштілердің мүддесін қорғайды немесе заң азуы алты қарыс алпауыттарға жүрмейді, ол – тек қарапайым халықты басқару үшін ғана жасалған құрал» деген сөз жиі айтылады. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұл сөз де текке айтылмаса керек. Яғни заң біреу, заң алдында барлық адам тепе-тең деп сөз жүзінде айтылғанмен, біздің заң «күштілерге телпек, қараларға тентек» мінез танытатыны жасырын емес. Оның үстіне елімізде заңгерлердің алатын ақы өлшемі жөнінде де анық белгілеме жоқ па, кім білсін, ісің түсіп алдына бара қалсаң, аузына келген бағасын айтады. Мәселен, жоғарыдағы 7 заңгердің үшеуі құны 2 миллион жердің дауы үшін адвокат болуға бір миллион теңге сұрады. «Жолақы сияқты басқа да шығындар мұның сыртында» деп қояды тағы аузы қисаймай.

Еліміздегі заңдар орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылған да, оның аудармасы қатеге толы әрі түсініксіз. Мәселен, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Парламент Мәжілісі 2 заңды мемлекеттік тілде қабылдаған (1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы мен 2002 жылы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңы). Әрине, заңымыз түсініксіз жазылғаннан кейін қарапайым халық өз мүддесін қорғау үшін заңгерлерге жүгінеді. Бірақ «Тура биде туған жоқ» деп әділ жұмыс істейтін заңгерлер де аз. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, сотта үкім шығарушыларға кімнің бергені көп болса, таразы басы солай ауытқиды деп жұрт та зар қағады. Керек десеңіз, көмектеседі деп ақшасын төлеп алған заңгеріңіз кейде қарсы жақпен де астасып, екі жақты қатар соғып, өз қалтасын қампайтатын жағдай да жоқ емес. Демек, осы мәселелерді мемлекет деңгейінде зерделеп, заңдарымызды төл тілде жазып, халықтың құқықтық сауатын, заңгерлердің кәсіби этикасын көтермей, Әділетті Қазақстан құру қиын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button