Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Кінә кімде?

Жақында БАҚ беттерінде тараған «Астанадағы 66 жекеменшік мектептің басым көпшілігі аралас тілді болса, 5-еуі қазақ тілді, 15-і орыс тілінде оқытады» деген ақпарат жұртты біраз шулатты. Мұның басты себебі неде? Халық өзі кінәлі ме, әлде бұл биліктің мемлекеттік тілге немқұрайды қарағанының көрінісі ме?

Ұлттық бюро статистикасының жыл сайынғы есебі бойынша 2023 жылдың басында елімізде қазақтардың үлесі 70,65 пайызға жетіп, бас қала ұлтымыз үлесі 80 пайыздан (81,09%) асқан бес өңірдің қатарына кіргенмен, Астанада аралас тілді мектептер жыл сайын көбейіп келеді. Өйткені елімізде оқыту тілі ата-ана­лардың қалауына қарай айқындалатындықтан, орыс тілін өз ана тілінен артық көретін және «орыс тілін білмесе жан баға алмайды» деп білетін қазақтар баласын орыс тілді немесе аралас тілді мектептерге сүйрегенін қояр емес. «Қазақ тілінің ешқандай келешегі жоқ» деп түсінетін олар қазақ тілді мектептерді де аралас мектепке айналдыруға көп әрекет жасайды. Соның салдарынан Қазақстанда аралас мектептердің саны артып барады. Мәселен, 2016 жылы 2045, 2017 жылы 2037, 2018 жылы 2046, 2019 жылы 2054, 2020 жылы 2043, 2021 жылы 2047 аралас мектеп болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 2778-ге бір-ақ қарғыған. 2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақ тілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін құлдыраған.

Аралас мектептердің біртіндеп азаюдың орнына қайта көбеюі – мемлекеттік тілдің болашағына деген сенімнің азая бастағанының көрінісі. Сондай-ақ «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі» деп Мекемтас Мыр­захметұлы айтқандай, қанымызға өтіп кеткен құлдық сана да халықты соған итермелеп отыр. Бұл арада мектепті, ата-ананы кінәлағаннан ештеңе өзгермейді. Өйт­кені мемлекет ұрпақты қазақша оқуға ынталандырып отырған жоқ. Себебі елімізде қазақ тілінде оқыса, мемлекеттік тілді қанша жетік білсе де, орыс тілін игермесе, министр, әкім, депутат бола алмайды, дұрыс жұмыс таба алмайды. Керісінше, қазақ тілін білмесе де, министр немесе әкім бола алады. Осыны көріп-біліп отырған халық баласын орыс мектепке немесе аралас мектепке сүйремей қайтеді?! Олар неге керек емес тілде баласын оқытып, ұрпағын қинайды? Қазақ тілінде білім беретін мектептердің орыс тілді мектептерден оқу сапасы төмен деген – бос сөз. Қазір көптеген ата-ана қазақ тілін керек емес тіл деп санайды. Тіпті қазақ тілді мектептің баласы «маған қазақ тілі не үшін керек?» дейтін халге жеттік. Демек, аралас мектептің көбеюінің астарында ұлттық идеологияның жоғы мен мемлекеттік тіл саясатының әлсіздігі жатыр. Билік мемлекеттік тілге мән бермей, қазақ тілін қастерлемей, аралас мектеп те азаймайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button