Қоғам

«Адамға табын, Жер, енді!» дей бермейік…

Қазақтың қай ниетіне бергенін қайдам, өткен күзде ­далаға сыймай кетті деген сылтаумен киіктерді қан-жоса етті. Даланың иесі де, киесі де – ақбөкеннің қаны тамған жерге қыстың қиыншылығы қатты түсті. Көп ұзамай қар аралас жауын жауып, артынша Арқаға жұт келді.

10 мыңға тарта жылқы қырылды деп жатқанда бөгендер жарылып, ауыл-­ауылымен суға батқан елді мекендерді жоқтап тағы қалдық. Жұт жеті аға­йынды, апыр-ай, Жер-ана тағы қандай қыспаққа алар екен?!

Жер бетінде жеті жылдық та жұт болған. Адал басшының арқасында одан да адам баласы аман өтіп, өсіп-өнген еді. Әлі де ел еңсесін көтерер. Алайда ай-күннің аманында осыншама қыспаққа түсуіміздің себебін іздеген жан бар ма?

Алдымен аштан қырылған жылқының жайын айтайын. Қыстың ауыр болатыны күздің алғашқы қарынан белгілі болды. Ол кезде жылқының қазысы қайтпаған кез. Көнекөз қарттардан сұрап біліп едім, олар мұндай кезде жазда шөп-жемін жинап, малды қорада ұстайды екен. Мал санын көбейтпей, жарап тұрғандарын тұқымға қалдырып, қалғанын сатып, пұлын қалтасына басып отырады екен. Келесі жылы мал орнына мал алады. Малсақ қазақтар жайылымды жер жыртатын тырмамен жердің тоңын ойып, қара жерге жем-шөп шашып та ылаждаған. Далада үсіп өлген жылқының жартысын сатып жем алдыртса, жартысы қалар еді ғой. Арқада суық болса табынды жылқыны жылы жаққа ықтырып, сол жақта қыстайтын да тәжірибе бар екен. Ер Төстік ертегісі естеріңізде болар, жұттан малды сақтау үшін ағалары ауып кетпеуші ма еді. Ертегіні ертегі делік, шаруаның қамын ойлаған ел басшылары бір-бірін қолдап, солтүстіктен ызғар соққанда, оңтүстікке ықтатып малдың амандығы үшін бірлесе әрекет етуге болмады ма?! Жайлау, қыстаудың мәнін зерттеп, шаруаға қолданбаса, қазаққа мал қайдан бітеді?

Наурызды он күн тойладық. Бірақ Наурыздың басты ғұрпын ескерген жан болмады. Ең бастысы, ауылдардың айналасындағы бөгет, каналдарды тексеріп, көшелердегі су ағар арықтарды тазалап, судың жолын ашатын еді. Сақтансаң сақтайды. Басшыларға қарап ауыз ашып отырмай, ауыл адамдары жиналып қарекет етіп, етек-жеңін түгендеп отыруға болмас па?! Қарапайым нәрсе, ауламыз­дағы жауған қарды да күреуге жоқпыз. Ел шетіндегі өзен-көлдердің жаздыгүні суы тартылғанда табанын тазалап, ­жиегін көтеретін. Техника қат болса, суға мал жалдап, өсіп тұрған қамысты орып, қалғанын малдың тұяғы таптайтын еді. Жер-ананың жайын ойламадық. Көзі соқыр адамдар дәрменсіз хал кешіп, өз портфельдерін өздері арқаламай, көмекшілеріне ұстататын әкім-қараға сендік. Сендік те, Жерден, ата-бабаның табиғатпен үйлесімді ғұмыр кешу жолынан бездік. Ақыры не болды?!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button