Қала мен Сала

Көпірді жөндеу қашан аяқталады?

Бас қала тұрғындары Алаш тасжолы бойындағы көпірдің күрделі жөнделуі ұзаққа созылып кеткеніне наразы. Ол жердегі жұмыстың қашан аяқталатыны жөнінде қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Халық арасында «бүкір» деген атауы бар көпір бұған дейін апатты деп танылып, оның сол жағындағы қозғалыс 2021 жылдың қаңтар айынан бастап автокөліктер үшін жабылған болатын. Ол арқылы қозғалыс 2022 жылдың жазында ашылды. Бүгінде өткелдің оң жағы жөнделді.

Ол кезде көпір апатты деп танылып, оның бір бөлігіне, атап айтқанда, жол өтпесінің авариялық бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілген еді. Жоба бойынша 140 метр көпір салынды. Сонымен қатар көпірдің екі жағынан 700 метрден асфальт төселді. Сондай-ақ металл эстакаданың жүру бөлігі жөнделген болатын.

Астанадағы Алаш тасжолы бойындағы көпірді жөндеу жұмысы содан бері әлі де жал­ғасуда. Қала тұрғындары оны тезірек аяқтауды сұрап отыр.

Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, Алаш тасжолындағы көпірдің сол жағында деформациялық тігіс­те асфальтбетон жабынының ішінара деформациясы пайда болды. Осыған байланысты көпір апатты деп танылды және сол жақтағы көлік қозғалысы жабылды. Бүгінде автокөліктер жол өтпесінің оң жағымен екі жаққа да қатынауда.

Басқарма мәліметінше, кө­пірдегі толыққанды қозғалыс осы жылдың күзінде қайта басталады.

«Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған тиісті жоба әзірленді. Қазіргі уақытта жұмыс жүргізілуде. Күзде жол өтпесінің сол жағында да қозғалыс қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр» делінген ведомство таратқан хабарламада.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button