Мәдениет

Толқынның тамылжыған әндері

Елордада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында республикалық бауқаулардың лауреаты Толқын Нұртасқызы «Алтын бесік – туған жер» атты шығармашылық кешін өткізді. Концертте «Қорқыт» этно ансамблі, «Наз» би театры, «ALEM» заманауи би балеті, эстрадалық вокал, халық ән  бөлімдерінің әншілері өнер көрсетті. Концерт аншлагпен өтті, залда ине шаншар орын болмады. Халық есті әнді сағынған екен.

Қазақ өнері аспанында ұлттық аспаптарымен таңғажайып музыкасымен танылып жүрген «Қорқыт» этно ансамблі жеке орындауда, белгілі әншілермен бірге халқымыздың жыр-жауhарын ұсынды. Гиннестің рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно ансамблінің көркемдік жетекшісі – Мәдениет қайраткері, Білім саласының құрметті қызметкері Шолпан Қорғанбек.

Толқын Нұртасқызы – Көкше өңірі, Уалихан ауданы, Сарыадыр ауылында дүниеге келді. 1995 жылы мектеп бітірген соң Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мәдениет және өнер факультетінде оқыған. Ән жазуды университет қабырғасында оқып жүргенде бастады. Содан бері өнер жолында біраз жетістіктерге жетті. Қазақтың белгілі ақындары Ф.Оңғарсынова, С.Тұрғынбекұлы, М.Айтқожа, Н.Оразалин, М.Бектемірова, С.Рахымбек, Қ.Жүнісов, Е.Тілепбердімен тығыз шығармашылық байланыста көптеген әндер жазды. Бұл күнде Толқынның көптеген әндері халық жүрегінен жол тауып, ыстық ықыласына бөленді. Еңбек жолында жас өнерпаздарды өнерге баулып, көркемдік жетекші, Қазақ радиосында музыкалық аға редактор болды.

Кеште Толқын Нұртасқызының төл тумалары орындалып, әндері шырқалды. Интерпритацияларынан тұратын концертте композитордың «Балдаурен», «Әже әлдиі», «Алтын бесік – туған жер», «Ностальгия», «Өмір нұры», «Сарыадыр», «Атамекенім Қазақстан» әндері орындалды. ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Клара Төлентаева, Медет Салықов, Гүлмира Сарина, Бағдат Сәмединова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Перизат Тұрарова, Данияр Сағынтай, Айжан Керімқұлова, Шахаризат Сейдахмет, Ғалия Есқұлова, Асылхан Шалқаров, Зинат Қасымова, Алуа Қалымбекова, Нұржан Мейірхан, Жандос Иманбай, Өзгеріс Шерікбай, Парасат Отан, Мұратбек Хайролда, Диана Май, Айдын Жұмабай өнер көрсетті.

Әнші, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаеваның орындауында алғаш орындалған ән Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Пай-пай, өмір!» әні жүректерге жетсе, әнші Айжан Керімқұлованың орындауындағы «Отан» әні, Айдын Жұмабайдың орындауындағы сөзін Смағұл Рахымбеков жазған «Шағала арман» әнін көрермендер зор ықыласпен қабылдады. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Арайлым Боярина орындаған «Қазақстан» әнімен концерттік кеш қорытындыланды. Залдағы көрермен орындарынан тік көтеріліп, ду қол шапалақтап, кеш авторына айрықша құрмет көрсетті. Қазақ ән өнеріндегі нәзік болмысты, кең жүректі Толқын Нұртасқызының өзі домбыраның сүйемелдеуімен орындаған әндері Отанға, туған жерге, анаға, әкеге деген махаббаттан туған керемет өнер туындылары еді. Залда отырған анасына да құрмет көрсетіліп, «Ықылас гүлі» тартылды. Аязды күні Астанада болған концерттік кеш, жүрегімізге жылылық ұялатып, санамызды серпілтті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button