Айтпайын-ақ деп едім!

Ертерек ескеру керек еді…

Биыл Қазақстанның бірқатар өңірлерін су басып, қыстың соңы апатқа ұласты. Қыстай күн құрғатпай қарын тазалап, мұзын ойып шығарып тұрған Астананың өзі күн күрт жылынғанда қала көшелері көлкіген суға айналды. Ал астана төңірегіндегі Қоянды, Қараөткел елді мекендерін су басып, тұрғындар қарғын судың ортасында қалды. Кейбір облыс­тарда жолдарды су шайып, өрістегі мал да суға кетіп жатыр.

Әрине, Төтенше жағдайлар министрі ақпан айының ортасында су тасқыны қаупі жоғары өңірлерді атап, ерте дабыл қаққанымен, көп өңірлер сел апатына дайын болмай шықты. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев «биыл қыста қар мол түсіп, кей аймақта қалыңдығы екі метрге жетті, яғни тасқын болатыны анық еді, бірақ Үкімет пен әкімдіктер апаттың алдын алуға дайын болмады. Өңірлердегі гидротехникалық құрылыстар тозған және қараусыз қалған» дейді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегі бойынша, елде 537 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет, оның 8-і – иесіз. 200-ден астам бөгеттің құжаты жоқ және олардың техникалық қауіпсіздік деңгейі қандай екені беймәлім. Оның үстіне, жыл сайын тасқыннан соң миллиардтаған қаражат бөлінсе де, бұл алдағы жылдарды қамтамасыз етуге жұмсалмай келеді. Яғни көп жұмыс көктемгі тасқын мезгілінен өтіп алу тұрғысынан ғана жасалады, ұзақ мерзімді жоспармен, стратегиялық тұрғыдан істеліп жатқан жұмыс жоқ.

Соңғы жылдары елімізде су ағарларға заңсыз құрылыстар салып, су жолын бөгеп тастайтын жағдай да жиіледі. Оны біртұтас жоспар бойынша қадағалап отырған әкімдік те, құзырлы орган да жоқ. Көшелерде, ауыл араларында еріген қар суы мен жаңбыр суы ағып кететін арық-тоған желісі жоқ, бар болса да көбі көзбояушылықпен жасалған. Жол салғанда, ауыл көшелерін асфальттағанда су мәселесі ескеріліп, су өтетін көздер қалдырылмайды да, көтеріңкі салынған жолдар табиғи түрде ағын суды бөгеп, көктем сайын жол жағасы, ауыл арасы көлкіген көк теңізге айналады.

Сонымен қатар, елімізде ауа райы­ның жағдайына қарай дайындық жасау жағы да әлсіз. Мәселен, биыл күзде жаңбыр көп жауып, қыс басында қара суық қатты болды. Сонымен жердің тоң қабаты қалыңдап, бір метрге дейін тоң жүрді де, көктемде күн күрт жылынғанда жер жібімей, қарғын су жерге сіңбей аққан су селге айналды. Демек, біздің ел көктемгі селдің жердің тоңымен де қатысты екенін ескерген жоқ.

Қысқасы, Қазақстанда су тапшы деп зарлағанымызбен, көктемде бейберекет ағатын қарғын суды басқаруды, сақтауды үйрене алмай келеміз. Су тасқынынан сақтанудың ұзақ мерзімді жобасы жасалып, ол мемлекет тарапынан қадағаланбай, қарғын судың қыспағынан құтылмаймыз.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button