Мәдениет

Өз үйі – музей

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші-зергер Берік Әлібай ұлттық өнерді көпшілікке дәріптеу мақсатында өз үйін музейге айналдырып, жылдар бойы мыңдаған бұйымды жеке коллекциясына жинақтаған. Бабамыздың асыл өнерін ардақтап, зергерлік өнердің шыңына шыққан шебердің этнография музейі әсіресе Астанаға келетін туристер үшін ерекше көз тартады. Отандық зергерлер арасында баламасы жоқ отбасы мұражайымен біз де танысып қайттық.

Бас қаланың оң жағалауындағы үй-музейге кі­рер­де бірден ең әуелі екі қабатты еңселі үйдің ауласындағы бес қанатты киіз үй тігілгені көзге түседі. Зергер оны Қарақалпақстаннан келген қандас азаматтан сатып алыпты. Үйдің іші ұлттық оюлармен безендірілген. Көне сандықтар, құрақ көрпелер, басқұрлар, қысқасы ертеде ата-бабамыз ұстанған жабдықтардың бәрі қойылған.

Дені XIX ғасырдың жәдігерлері саналады. XV-XVI ғасырда ғұмыр кешкен қазақ батырының сауыты ілінген. Бір бұрышта көне күбі тұр. Отбасы мұражайында байырғы бабаларымыз пайдаланған тұрмыстағы жабдықтардың барлығы сақталған. Қаздай тізілген көне самаурындар да көз тартады. Отандық қылқалам шеберлерінің туындылары да көрнекі жерден орын алған. Зергердің өз қолынан шыққан бұйымдары да қо­йылған. Қысқасы, этнография музейінен тарихымыздың тұтас бір келбетін көруге болады.

Музейден көзімізге ерекше түскен Абай бұрышы туралы сыр тартқымыз келді. Мұнда хакімнің өз домбырасы сақталған. Өзіндік тарихы да бар. Оңтүстікте Хақмадияр атты бай саудагер шығыстағы Абайдың ауылына ақынды іздеп барып, бір жылдай ойшылдың жанында болады. Кейін кетерінде Абай осы домбырасын сыйлаған көрінеді. Ал зергердің қолына аталмыш жәдігер сау­дагер ұрпақтарынан түскен екен. Сондай-ақ осы бұрыштағы сүйектеп ойылған, Құнанбай ұстаған делінетін асадалға да әркім қызыға қарары анық.

Зергердің үлкен қызы тұрмысқа шыққанда жасаған сәукелесі – бар назарды аудартатын бұйымның бірі. Көркемдігі жоғары туындыда бар өңірдің үлгісі салынған. Сәукеленің әшекейлері таза күмістен өріліп, барқыттан тігілген. Оны жасау үшін зергер көп еңбектеніпті.

«Бабаларымыз қызы ұзатылар кезде бар малын шашса да аянып қалмаған. Бір сәукеленің өзін 500 жылқыға бағалаған. «Сау кел» деген мағынасы бар өте құнды бұйым. Қызыма арнап жасалған бұл сәукеле – отбасымыздың бағасы жоқ жәдігері» деп зергер тарихтан сөз қозғады.

Шебердің күміспен күптеп жасаған алқалары, жүзіктері, білезіктері және сырғалары да әсемдігімен көз тартады. Өңіржиек, үкіаяқ, бойтұмар, құдағи жүзік, отау жүзік секілді бұйымдарды тағудың да тарихи-тағылымды өз реті бар. Әшекей бұйымдарының бәрі де таза күмістен жасалған. Әрине, алтын, жез, мыс, ақық, перуза, малахит және құлпырма тасты қосымша пайдаланған. Сонымен бірге ұстаның қолынан шыққан кездік, пышақ, қанжарлар да жұтынып тұр. Реңі жүз құбылады. Бір бөлменің іші ат әбзелдеріне арналған. Олардың көнесі XVI-XVII ғасырдан бастау алады. Халқымызға танылған қылқалам шеберлерінің түпнұсқа туындылары төрден орын алған.

«Жалпы, әр халықтың өз тарихы бар. Сондықтан оны жіті білу қажет. Мәселен, бүгінгі таңда әшекей бұйымдар мен басқа да заттарға қазақтың ою-өрнектерін қалай болса солай жапсыру белең алды. Түпкі мәніне үңіліп жатпайды. Әр жәдігердің сыры бар. Жөнді-жөнсіз қолдана беруге болмайды. Мысалы, беріректе түсірген тарихи киноларда актерлер мен актрисалар пайдаланған әшекей бұйымдарды көргенде жүрегім ауырады. Әр жасқа тән әшекейлер бар. Соған лайықты киініп, әшекейлерді тағады. Ал бізде оған ешкім қарамайды. Мән бермейді. Қырғыздың, түрікменнің бұ­йымдарын біздікі деп қолданады. Туысқан ел болғандықтан, ұқсастығымыз бар шығар. Дегенмен оны ажырата білу керек немесе содан хабары бар адамнан сұрауы қажет. Оған елімізде өндірістің дамымағаны мен мемлекет тарапынан қолдаудың жоғы да әсерін тигізбей қоймайды» деді өз сөзінде Берік Әлібай.

Көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан құндылықтарымызды көріп, ертегі әлеміне енгендей күй кештік. Мұражай құдды бір этнография ауылы секілді жылы әсер қалдыратынымен ерекше. Айта кетейік, елордаға келген шетел делегацияларын біздің азаматтар осында әкелуге құмартып тұрады екен. Олар шебердің жеке коллекциясын көріп, көшпенділер тарихын тани түседі. Туристерге арнап музейде түрлі шебердің бұйымдарынан жинақталған дүкен де бар.

Берік Әлібайдың қолынан шыққан бұйымдардың барлығы да ешбір техника көмегінсіз, маңдай термен жасалған таза қол еңбегі. Сонысымен де бұл бұйымдар бағалы. Зергердің айтуынша, шын көңілмен істелген зат тұтынушыға қуаныш сыйлайды. Сүйіп жасалған бұйымның өзіндік энергетикасы сақталады. Берік Әлібайдың ендігі арманы – бұл дүниенің барлығын ұрпағына қалдырып, шәкірт тәрбиелеп, жасөспірімдерді ұлттық өнерге баулу. Осы мақсатта зергер музей жанынан мектеп ашсам деген асыл арманын жойғысы келмейді. Біз де соған тілекшіміз.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button