Мәдениет

Театр мерекесіне тарту

Астана театрларында Халықаралық театр күніне орай бірқатар іс-шара өтті. Атап айтқанда, «Жастар» театрында жас суретші Тоғжан Тілеубекқызының аталмыш театр актері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовтің шығармашылығына арналған «Сөйле, сурет» көрмесі өтіп, «Жанарымдағы жалғыз әуен» спектаклі ұсынылды. Музыкалық жас көрермен театрында «Театр әлемі» концерт қойылымы көрсетіліп, Қазақстан театрлар ассоциациясының алғыс хаттары тапсырылды.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма
театрында «Қаллеки тынысы» атты спектакльдер шеруінің қорытындысы шығарылып, үздіктер анықталды. Сарапшылар шешімімен «Үздік спектакль» номинациясын «Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» спектаклі иеленді. «Үздік ер адам рөлі» Асылбек Қапаевқа («Жошы хан» спектакліндегі Шыңғыс хан рөлі үшін) бұйырса, «Үздік әйел рөлін» Айнұр Жетпісбаева
(«Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» спектакліндегі Күнікей рөлі үшін) иеленді. Сонымен қатар «Екінші пландағы үздік ер адам рөлін» Нұрсұлтан Есен («Бала Мерген» ертегісіндегі Төртқұлақ хан рөлі үшін) қанжығаласа, «Екінші пландағы үздік әйел рөлін» Бегімнұр Қалила («Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» спектакліндегі Таңсық рөлі үшін) алды.

Көрермен таңдауы бойынша «Үздік актер» – Қайыржан Садық, «Үздік актриса» – Ақмарал Танабаева, «Үздік спектакль» – Жошы хан спектаклі. Мерекелік концерт барысында театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар актер мен ұжым қызметкеріне, үздік көрермен мен театр насихатына үлес қосқан журналистерге алғыс хат табыс етілді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button