Ел тынысы

Олимпиада чемпионы жүлдесін олжалады

Астанада Олимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаевтың жүлдесі жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир мәресіне жетті. Жарыста Қазақстанның барлық облысынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген боксшылар арасында жеңімпаздар анықталды.

«Beeline Arena» спорт кешенінде керілген шаршы алаңда 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер бәсекеге түсті. Алғаш рет ұйымдастырылған жарысты тамашалауға Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Василий Левит, Серік Елеуов, Мерей Ақшалов, Біржан Жақып, Айбек, Нұрбек Оралбай, Дулат Бекбауов сынды атақты боксшылар қатысып, Бақтияр Артаевтың жарысына қолдау білдірді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетов және басқа да мамандар марапаттап, жеңісімен құттықтады.

Жарыстан кейін Бақтияр Артаев турнирді қорытындылап, өз ойымен бөлісті.

«Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионын шығару үшін 15-16 жастағы жасөспірімдерге қазірден көңіл бөлу керек. Осы мақсат менің біраз уақыттан ойымда жүр еді. Енді, міне, осы идеямның алғашқы қадамы жасалып отыр. Алғашқы турнирге тек Орталық Азия елдерінен ғана командалар шақырылды. Алдағы уақытта қатысушы елдер санын арттыру қажет деп санаймын. Сондай-ақ жүлде қорын да көбейтуді ойластырамыз. Жалпы жасөспірімдер арасындағы жарыс болғанмен, қатысушылардың жеңіске деген жігері, техникасы ересектерден кем түспейді. Әсіресе жеңіл салмақтағы боксшыларға дән риза болдым» деді Бақтияр Артаев.

Халықаралық жарыста бір салмақта ғана Өзбекстан боксшысы жеңімпаз атанды, қалған салмақтың бәрінде Қазақстан жасөспірімдері топ жарды. Ал Астана қаласының боксшылары 1 алтын (Ерасыл Маратов, 44 келі), 1 күміс (Санжар Сейітхамит, 80 келі), 3 қола (Икрам Мусаев, Мухаммад Исмайыл, Амир Алимжанов) олжалап, жалпы есепте 5-орыннан көрінді. Сондай-ақ елордалық Ерасыл Маратов «Турнирдің үздік боксшысы» сыйлығын иеленсе, Санжар Сейітхамитке «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығы берілді.

Олимпиада ойындарының чем­пионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін өткен бірінші жарыстың негізгі ұйымдастырушысы – Астана қаласы әкімдігінің «№3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ мен демеушілер айтулы жарысты дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button