Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Қазақы қасиетті де ескерейік!

Бір досымыз жаңадан сатып алған үйіне қонаққа шақырды. Кең, мол жайылған дастарқан үстінде емен-жарқын әңгіме болды. Алайда қайтар мезгілге таяған шақта есік қағып кіріп келген полиция қызметкерлері көтеріңкі көңілімізді су сепкендей қылды. «Сіздерге көршілеріңізден шағым түсті» деп хаттама толтырып, 18 мың теңге айыппұл салды. «Құтты қонақ келсе қой егіз табар, Құтсыз қонақ келсе қойға қасқыр шабар» деп атам қазақ айтқандай, бұл жағдайға біз де қатты қысылдық.

Әрине, арақ ішіп, ән салып, бүкіл ғимаратты басымызға көтерсек бірсәрі. Сары қымызды сапырып ішіп әңгіме айтқан қонақтар көршінің мазасын алатындай айқайлаған жоқ. Тек кішкентай екі бала ғана кіріп-шығып жүрген. Оларға да үй иелерінің «ақырын, ақырын жүріңдер, есікті ақырын жабыңдар» деп қайта-қайта ескертіп отырғанын менің де көзім шалған. Бірақ оны полиция қызметкері тексеріп, анықтаған жоқ. «Сіздерге көршілерден бұрын да шағым түскен, сондықтан айыппұл жазамыз» деп үй иесіне қол қойдырды.

– Жігіттер, бұларың артықтау емес пе? Арақ ішіп, шулап отырған жоқпыз. Бала болған соң әрі-бері жүреді. Енді оған бола көршісі арыз­данды деп айыппұл сала саласыздар ма? Жағдайға қарамайсыздар ма? Қай қазақ үйіне қонақ шақырмайды? «Заңда жазылды» екен деп қазақы қасиетті де белден баспаңдар, «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген бар қазақта. Сендердің бұл әрекеттерің көршіні жауластыру ғой, – десем, «біз келген соң заң бойынша хаттама толтыруымыз керек, қонақ келер алдында көршілерге бір ауыз ескертпедіңіз бе енді?!» деп артық сөзге келтірмеді. «Бардым, бәріне айттым, тек сол біздің үйдің астындағы көрші есігін ашпай қойды» деп үй иесінің әйелі де шыр-пыр боп тұр. Бірақ оны полиция құлағына да қыстырған жоқ. Айыбын салып кете барды.

Үй иесінің айтуынша, бұл жағдай осымен 5-6 рет қайталанған. Тіпті үйге келетін полиция қызметкерлерін танып та алдық дейді. Өйткені астыңғы қабаттағы қытымыр көршісі сағат 10-нан кейін бір қасық сыңғыр етсе де «мазамды алды» деп полицияға шағымданады екен.

«Сағат 10-нан кейін дәретханаға кіруден де қорқатын болдық. Үйдің дыбыс өткізбеу сапасы өте төмен. Үстіңгі қабаттағы көршінің балалары шуласа да, қытымыр көрші бізді кінәлі көреді. Барып жағдайды түсіндіріп те көрдік. Орыс тілді әйел онымызды тыңдамайды да» деп үй иесі шарасыздық танытты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, астыңғы қабаттағы көршісі бұларға әбден өшігіп алған. Ал қалған көршілерінен шағым болған емес. «Жақсы көрші саяң, жаман көрші шаян» деген осы.

Әрине, бұл, былай қара­ғанда, мәдениетке қатысты мәселе болғанмен, мұның арғы жағында қазақы қасиетке қарсы пиғыл, «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген ұғымды қақпайтын қараңғылық жатыр. Әйтпесе біз «алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген халық едік қой. Ал заң атқарушыларға келсек, «шағым түсті» деп айып сала беруі де орынсыз деп ойлаймыз. Үй қабырғаларының дыбыс өткізуі нашар болса, бұл – құрылыс компанияларының кінәсі. Тірі адамның үй ішінде әрі-бері жүретіні, аңқылдап сөйлеп, қарқылдап күлетіні де заңдылық. Сағат 9-да ғана қозғалып, 22:00-де «сөніп» қалатын ол үйде құлтемірлер тұрып жатқан жоқ қой. Көршім арызданады екен деп өз үйінде үндемей, тышқан аңдыған мысықтай жүруі керек пе?! Олардың мүддесін кім қорғайды сонда?! Мүмкін «көсей берсе от өшер, түртпектей берсе көрші көшер» дегендей, мүмкін ол әдейі сыйғызбай жүрген де шығар. Осындайда «Жер сатып алмай тұрып суын сұра, Үй сатып алмай тұрып көршіңді сұра» деген сөз еске түседі.

Астана қаласы ПД ЖПҚБ УПИ ЖҰЖ басқарма бастығы, полиция майоры Мирхат Фархатұлы Құрманғалиевтің айтуынша, көршілердің мазасын алуына байланысты мынадай түзім бар: «егер масаң күйде түнгі уақытта көршілерін мазаласа, ҚР ӘҚбК 437-бабына сәйкес (тыныштықты бұзу), әкімшілік жауапкершілікке тартылады, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзуы осы бап бойынша 5 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар масаң күйінде қоғамдық орында көршілерінің мазасын алса, ҚР ӘҚбК 440-бабына сәйкес (алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), әкімшілік жауапкершілікке тартылады, осы бап бойынша 5 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді».

Сондай-ақ қоғамдық орында масаң күйінде көршілеріне былапыт сөйлеп, мазасын алса, ҚР ӘҚбК 434-бабына сәйкес (ұсақ бұзақылық), әкімшілік жауапкершілікке тартылады, осы бап бойынша 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 5-тен 30 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді. Бірақ бұл арада заң атқарушылардың «арыз түсті, біз шара қолдануға мәжбүрміз» деп жағдайдың мәніне толық көз жеткізбей айып салу орынсыз. Мүмкін біреудің көршісі мазасыз шығар, ал біреудің кішкентай балалары көп шығар, көршім арызданады екен деп балаларын сатып жіберуі керек пе, жоқ аяқ-­қолын байлап, аузын буып қоя ма? Демек, бұл мәселеге екі жақты талдау жасаған дұрыс. Заңды атқарғанда моральдық құндылықты да ұмытпайық!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button