Басты ақпаратҚоғам

Ән-тағдыр

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның он шақты жылдан бергі көрерменіміз. Әсіресе өнер ордасының «Халық әні» бөлімінің концерттерінен қалмауға тырысамыз. Ұлттық ән өнерінің жауһарларын ұсынатын бұл бөлім 20 жылдай бұрын дәстүрлі әнші, мәдениет саласының үздігі Секен Сыздықтың бастамасымен құрылды. Секен Жолдыбайұлының өзі осы бөлімді ұзақ жыл басқарып, 3-4 жыл ілгері ғана тізгінін әріптесі Тельман Нұркеновке тапсырды. Бірақ басшылықтан кеткенмен, әншіліктен кеткен жоқ, астаналық филармония құрамында дәстүрлі әннің насихатына әлі күнге дейін үлесін қосып келе жатыр.

Малшы етігінің қонышында «Жұлдыз» журналы жүретін, таңертеңнен қара кешке дейін төрт түліктің соңынан жүр демесең, малшы атаулы әдебиет, өнер дегенде ішер асын жерге қоятын заман болған. Шың­ғыстау баурайында мал жаятын Жолдыбай да солардың сойынан еді. Жайлауға шыққанда қол радионы жанынан тастамай, халық музыкасынан концерт беріліп, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Дәнеш Рақышев, Мәдениет Ешекеев, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова ән салғанда тамсанып, «Па, шіркін!» деп отыратын. Жолдыбайдың өзінің де той-­томалақтарда, дастарқан басында «әу» деп жіберетін өнері бар еді. Әкенің жанында отырып, кішкентайынан радиодан қазақ әні алыптарының үнін тыңдап өскен Секеннің де әнге құмарлығы оянды.

Сол жылдары үйіне Ахат Шәкәрімұлы жиі келіп, әкесі Шәкәрімнің әндерін салып, өнер туралы әңгіме шертетін. Жидебайдағы Абай музейін басқарған Ниязбек Алдажаров сынды басқа да өңірге сыйлы ақсақалдар Жолдыбайдың шаңырағына бас сұғатын. Үлкендердің әңгімесіне құмар бала Секен жандарында тыңдап отыратын. Ән тағдыры екен, өмірдің өзі оны өнер жолына бағыттап жіберді.

Орта мектепті аяқтағаннан кейін әскерге шақыру қағазы келді. Әскери комиссариатқа барса, таныс аудандық милиция бастығы жүр екен. Сол кісі бозбала Секенге: «Осы сенің ән салатын өнерің бар емес пе?! Сені жарты жылға әскерден алып қалайын. Бірақ бір шартым бар: милиция қызметкерлері арасында ауданаралық ән байқауы өткелі жатыр, соған қатысасың» деді. Бұл байқауда Абай ауданының милиция бөлімі бірінші орын алып, абыроймен оралды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жеңімпаздарды қабылдап, Секенге сол уақытта атағы дүркіреген «Қаламқас» ән-би ансамбліне жолдама берді. Жарты жылдай осы ансамбль құрамында өнерін шыңдады. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін өнерпаз қыз-жігіттердің арасында іріктеу жүргізілді. Онда топ жарғандарға аудан басшылары: «Сендер енді босқа жүрмеңдер. Алматыда Жәнібек Кәрменов деген ағаларың бар. Соған барып, Семейдің Абай ауданынан келдік деп айтыңдар» деп бағыт сілтеді.

«Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне жеттік. Бір кезде күткен адамымыз келді. Үстіне аппақ костюм-шалбар киіп алған. Бойы аласа болғанмен, ойы биік адам ғой. Айнаға қарап, шашын тарап тұрғанда жанына «Ассалаумағалейкум» деп жетіп бардық. Асықпай, саспай «Сендер кімсіңдер?» деп сұрады. «Біз Абайдан келдік» деп жауап бердік. «Мында не қылып жүрсіңдер?» деп тағы сұрады. «Ән айтайық» деген сөзімізге «Абайда сендер сияқты әнші балалар бар ма еді?» дегенінде «Мына кісінің қабылдауы қалай?» деп секем алып қалдық. Шамалы уақыттан кейін «Жарайды, қазір көреміз өнерлеріңді. Өнерге ағайынгершілік жүрмейді» деді. Тыңдау басталды. Ол аяқталғаннан кейін өнерімізге көңілі толмай, «нашар екенсіңдер» деді. Бірақ тағы бір жерге тыңдауға жіберді. Соған барып, Абайдың «Сегіз аяқ» әнін айтып бердім. Тыңдаған адамдар «тамыз айында тағы кел» деді. Ауылға оралып, Жүсіпбек Елебековтің тағы бір шәкірті Амангелді Жікеновтен дәріс алып, ән үйрендім. Айтылған уақытта Алматыға қайта оралып, Жәнібек Кәрменовтің сыныбына қабылдандым» деп еске алады қазір сол кезді Секен Сыздық.

Секен Сыздық 1988 жылы «Жігер» республикалық жастар фестиваліне қатысып, лау­реат атанды. Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауына қатысқанда қызық жағдай орын алды. Әнші Біржан салдың «Жонып алды» әні мен халық әні «Қарғаш-айды» дайындаған еді. Бірінші кезеңнен сәтті өтті. Екінші кезеңде ұстазы Жәнібек Кәрменов Ақан серінің «Құлагерін» айтуды тапсырды. Сөйтсе, қазылар алқасындағы көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовті риза қылу үшін ойлап тапқаны екен

Ән жампозы Жәнібектің сыныбына сол уақытта 4 жігіт, 4 қыз қабылданды. Олардың арасында Секен Сыздықпен қатар қазіргі белгілі әнші, ұстаз, Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарин, Бейсен Белеков, Еділ Құмарбаев, Мейіргүл Нұрмағамбетова, өмірден ерте өткен талантты әнші Бұлбұл Көбелекова болды.

«Жәнібек ағамыздың сабақ беру әдісі ерекше еді. Ол ән тарихын айтып келіп, сөзі нені бағдарлап тұр, әнді қалай түсіну керек, қалай жеткізу керек, сөзін жаттатып, санаңа сіңдіріп барып айтқызатын» дейді әнші.

Оқуды бітіргеннен кейін Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Алматыда қалып, мемлекеттік ән-би ансамбліне (қазіргі «Салтанат» ән-би ансамблі) қабылданды. Үш жыл өткеннен кейін ұжымда қысқарту жүріп, босап қалған өнерпаздарды әр өнер ошағына бөлді. Секен Сыздықты Өзбекәлі Жәнібековпен бірге Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясын құрған Ғабиден Тұяқаев осы ұжымға қарайтын «Адырна» фольклорлық ансамбліне аттай қалап алды. «Адырнада» 2000 жылдардың басына дейін жұмыс істеді.

Бір күні өмірде аға-інідей араласқан академик Рымғали Нұрғалиұлы «Секен, Алматыда не бар, жас Астанаға келсеңші» деді. Аға кеңесін құп алған әнші елордаға келіп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сол кездегі ректоры Мырзатай Жолдасбековке кірді. Көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбектің «Ақжауын» камералық оркестрі сол уақытта осы жоғары оқу орны жанында болды. Осы өнер ұжымына қабылданды. Міне, дәл сол кезде елорда мәдениетіне бір уық болып қадалды.

Арасында астаналық филармонияның концерттеріне барып тұратын. Өнерпаздардың өнерін тамашалап отырып, қазақ әнінің насихатын күшейтуге қатысты бір ой келетін. Соны бір күні өнер ошағының сол кездегі директоры Сәкен Әбдірахмановқа кіріп айтты. «Өскелең ұрпаққа сал-серілердің мұрасын, халық әндерін, Қазақстан композиторлары әндерінің желісін үзбей, бояуын кетірмей насихаттау үшін филармонияда «Халық әні» бөлімі болуы керек» деді Секен әнші. Мұны құп алған басшы оны жұмысқа шақырды. Сөйтіп астаналық филармония­ға қабылданып, директордың қолдауымен аталмыш бөлімді құруға кірісті. Әр өңірдің әншілік мектептерін қамту үшін жан-жақтан әншілерді жинады. Концерттердің бағдарламасын әзірлеп, бірыңғай ән болып кетпей, сән-салтанатпен өту үшін арасында филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, би ұжымдары сахнаға шығатындай етіп дайындады. Бұл 2005 жыл болатын. Міне, сол уақыттан бері «Халық әні» бөлімі филармония құрамында жемісті жұмыс істеп келе жатыр. Алғашқы жылдары Кәкімбек Салықов, Еркеғали Рахмадиев, Рымғали Нұрғалиұлы, Ақселеу Сейдімбек сынды қазақ өнері мен әдебиеті, ғылымының қайраткерлері бөлім концерттерінің тұрақты көрермендері болып, ризашылығын айтатын, өзара талдау жүргізіп, артық-кем тұсы болса, соны жасырмайтын. Бұл дәуірді, сол тұлғаларды Секен Жолдыбайұлы қазір сағынышпен еске алады.

Секен Сыздық 1988 жылы «Жігер» республикалық жастар фестиваліне қатысып, лау­реат атанды. Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауына қатысқанда қызық жағдай орын алды. Әнші Біржан салдың «Жонып алды» әні мен халық әні «Қарғаш-айды» дайындаған еді. Бірінші кезеңнен сәтті өтті. Екінші кезеңде ұстазы Жәнібек Кәрменов Ақан серінің «Құлагерін» айтуды тапсырды. Сөйтсе, қазылар алқасындағы көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовті риза қылу үшін ойлап тапқаны екен. Алайда шәкірті «Құлагерге» арнайы дайындалмаған соң ойдағыдай шықпады. Бірақ бар ойы ұстаздың тапсырмасын орындау болған әнші бұған өкінбейді. Жәнібек Кәрменов­тің ғұмыры жастай үзілгені белгілі. Осыдан 15 жыл бұрын шәкірті оның 60 жылдығына орай Астанада еске алу кешін өткізді.

Өнердің арқасында Түркия, Франция, Германия, Польша, Болгария, Қытай, Ресей сынды елдерге концертпен барып, қазақ әнін паш етті. Қазір филармонияда ән салумен қатар, жас әншілерге тәлімін беріп келеді. Ұлы Мәди де өнер жолын таңдап, осы күндері біршама танылып қалды. Осылайша ән керуені жалғасып жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button