ӘлеуметБасты ақпарат

Шұбардың «шұбарала» мәселесі

Астанада «Шеткі аймақсыз шаһар» деген тамаша бағдарлама бар. Бұл бойынша елорданың орталығы ғана емес, шеткі аймағын заманға сай дамыту көзделді. Дұрыс бас­тама! Бірақ қаланың дәл орталығында орналасқан Шұбардың «шұбарала мәселесі» таусылмай келеді.

Тұрғындар не дейді?

Редакцияға хабарласқан Елубай Тайбеков көшесінің тұрғыны Зәуре Бектемірова «Оңтүстіктен елордаға газ келеді деген хабарды естіп, енді көмір тасып, күл шығарудан құтылатын болдық деп қуан­ған едік. Елордаға көгілдір отынның келгені қашан, бізге әлі келген жоқ. 2024 жылдың басында іске қосылады деген еді. Енді қыркүйек айында беріледі деген ақпаратты естідік. Таңертеңгі уақытта Шұбар көк түтін болады. Далаға шығып таза ауа жұту мүмкін емес» деп ентігін басты.

Бірнеше минуттық үнсіздікті бұзып: «Қаланың нышаны не? Біздіңше, орталық кәріз жүйесі мен ауыз суы. Бізде бұл да жоқ. Шұбардың орталық көшесі – Тайбековте бірде-бір бағдаршам жоқ. Осы себепті жиі-жиі автокөлік бір-бірімен соқтығысады. Мектеп те, балабақша да жоқ. Балаларға арналған ойын алаңы да жоқ. Әзірге «жоқтан» көз ашпай тұрмыз» деді Зәуре.

Былтыр Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қыс мезгілінде қала түтінге оранып, тұрғындар мен дипломатиялық корпус алдында ыңғайсыздық туындайтынын айтты. Шұбар аумағы дипломатиялық корпусқа жақын екенін ескерсек, Мемлекет басшысы осы аумақты тездетіп газдандыру керектігін айтқанын түсінуге болады.

Шұбарға арнайы барып, сондағы тұрғындармен кездестік. Қайыржан Бәкіров деп таныстырған тұрғынның айтары көп екен.

«Шұбардың байырғы тұрғынымыз. ХХ ғасырдың 90-жылдардың басында қоныстандық. Ақмолаға ел астанасы көшкенде «біздің алқапқа өркениет өрісі келеді» деп қатты қуанған едік. Содан бері елордамыз дамудың жолына түсті. Бірақ Шұбар ұмыт қалды. Астанаға газ келеді дегенді естіп тағы қуандық. Әлі күнге дейін көмір жағып, күл тасудың бейнетін көрудеміз. Осында балаларымыз туып, жетілді. Енді немерелеріміз өсіп келеді. Үш ұрпақтан бері Шұбардың шарапатын көре алмай бейнет кешудеміз. Әкімдер уәде береді. Алайда іске асқанын көргеніміз жоқ, – деп ренжісін білдірді Қайыржан ақсақал. Ал Темірқазық көшесінің тұрғыны Мұрат Аралбаев: «Шұбардың бір мәселесі – қоқыс. Қоқыс жәшігі тұрғындарға арналғанмен, көбіне коммерция­лық құрылымдар қолданады. Осындай нысандардан шыққан қалдықтың иісі тым жағымсыз. Көшелері тар, екі көлік қатар жүруі қиын. Солай бола тұра, кәсіпкерлік субъектілері көптеп ашылады. Былтыр бір нысаннан газ баллон жарылып, адам қайтыс болған-ды. Бірақ кафе қайта ашылып, жұмысын жалғастыруда. Әр үй шама-шарқы келгенінше кәріз (септик) қазып алған. Онда су толған кезде арнайы техника шақыртып, суын тартады. Осындай кезде де Шұбарда жағымсыз иіс жайлайды» деді.

Шұбар тұрғын алабында 50 көше бар. Жалпы ұзындығы – 27 шақырым. Наркескен мен Сарайшық көшесі аралығындағы Мұқағали Мақатаев көшесі – ең ұзыны. Бірақ көшелері тым тар, жаяу жүргінші жолы жоқ, адамдар көлікпен таласып, көшеде жүреді. Көп көшеде жарық қамтылмаған. Бұл туралы Шұбардың тұрғыны Майра Шахмұратова айтып берді. Қысқасы, бас қаланың орталығында тұратын тұрғындар өздерін шалғай елді мекенде тұратындай сезінетінін жайып салды.

Басшылар не дейді?

Тұрғындардан мән-жайды білгеннен кейін жауапты басшыларға хат жолдап, атқарылатын жұмыстар жөнінде білдік. Есіл ауданынан қар тазалау және абаттандыру жұмыстарына ғана жауапты екенін білдік. Газдандыруды Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы іске асырады. Басқарма басшысы Ерлан Сыздықов: «Шұбарды газдандыру жобасы бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмысын жүргізетін компания анықталды. Қазір мердігер компания 5 шақырым газ тарату желісін салды. Газдандыру жыл соңына дейін аяқталады. Бұдан басқа, алқапты сумен жабдықтау және су бұру желісін салу бойынша жобаны әзірлеу жүргізеді. Бұл жоба 2025-2026 жылы іске асады» деді.

Онда мектеп те, балабақша да болмауы қызық. Қанша жасөспірім бар? Бұл туралы да ақпарат қолжетімсіз. Әлеуметтік инфрақұрылымы дамымаған алқапта тұратын оқушылардан сапалы білім алуды талап етудің өзі артық сынды. Бұл сұраққа Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева жауап берді.

– Шұбарда тұратын мектеп оқушылары №17 мектеп-гимназияда білім алады. Мектепке көлікпен тасымалдау қарастырылмаған. 2027 жылға дейін қалада 60 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым салу жоспарланды. Қазір жер телімін бөлу жағы қарастырылуда. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында Шұбарда балабақша салу жоспарланды. Ал мектеп құрылысы, қаланың бас жоспарына сәйкес, 2026-2027 жылдары қарастырылады, – деді Маржангүл Қаирбаева.

Яғни шұбарлық оқушылар 3-4 жылға дейін мектептерге қатынап білім алуына тура келеді. Бәлкім, басқарма қатынас көлігін шешіп беретін шығар. Мұндай тәжірибе өзге өңірлерде қаралғанын жақсы білеміз.

Ал Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев:

– Шұбарда көшелерді кеңейту мүмкін емес. Онда көлік қызметі №121 маршрутпен жүзеге асады. Кестелердің жалпы саны 5 бірлік және қозғалыс аралығы 10 минутты құрайды, – деп қысқа жауап берді.

P.S: Елдің айнасы – Астана десек, елорданың дәл ортасы – Шұбар деп қарастырып, алқаптың инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындарға жайлы жағдай қалыптастыру маңызды. Тұрғындармен тілдесу барысында осындай ой түйдік.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button