Басты ақпаратМәселе

Құлдык қамыты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінде өткен алқа мәжілісінде еліміздегі адам сау­дасымен күрестің өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу мен кінәлілерді сот тәртібімен жазалауды қатайту қажеттігін, сондай-ақ осы бағытта алда атқарылатын жұмыс­тардың маңызын атап өткен еді.

Заңды қатайтқан жөн

Қазір адам саудасының ең көп таралған түрі әйелдерді жезөкшелікке итермелеу, притондар ұйымдас­тыру мен жеңгетайлық болып отыр. Тіпті еңбек нарығындағы құлдық та жылдан-жылға көбейіп барады. Әсіресе ішімдікке бейім, жанын қинап жұмыс істегісі келмейтін 20-50 жастың арасындағы ер адамдар көбірек жапа шегуде. Өткен жылы тіркелген жаңа туған нәрестелер мен кәмелетке толмаған балаларды сату оқиғалары да алаңдатып отыр.

Жыл қорытындысына байла­нысты кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Ішкі істер министрі, ведомствоаралық комиссия төрағасы Ержан Сәденов жасырын адам саудасына қарсы күресте құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 2023 жылы атқарған жұмысын саралап, осы негізде жүйелі де кешенді шаруалардың атқарылғанына тоқталды.

Жасыратыны жоқ, елімізде адам саудасы біраздан бері Үкімет пен құзыретті органдардың бас ауруына айналып келеді. Тек 2023 жылы ғана осы бағытта 124 қылмыстық іс қозғалып, 27 адам құлдықтан босатылған. Оның 22-сі – жасы кәмелетке толмаған 12-17 жас аралығындағы жасөспірім. Ең сорақысы, ардан безгендер 14-17 жас аралығындағы 7 қыз баланы жеңіл жүріске мәжбүрлеген.

«Құқық қорғау органдары адам саудасына қарсы күресте жұмыла қимылдап, қолдан келетін барлық мүмкіндікті жүзеге асырып жатыр» деді ведомство басшысы. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне жолдаған заң жобасы. Бұл құжат таяу уақытта қабылданса, адамдарды тірі тауарға айналдырып, аяғын алшаң басып жүргендерге қылбұрау салып, тәубесіне келтіруге молынан мүмкіндік туар еді деп ойлаймыз.

Расында, қазір адамдарды көшеден, вокзалдан, аялдамадан алып кетіп, ұрып-соғып, құжатын тартып алып, алыс мекендерге апарып мал бақтырып қоятындар немесе әлі он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қыздарды жезөкшелікке жегетіндер заңның осалдығын, олардың өз құқығын жете білмейтін сауатсыздығын пайдаланып жүр.

Мәселен, Астана қаласының тұрғыны Әлима есімді келіншек өзінің отбасындағы болған келеңсіз жағдай туралы істің анық-қанығына жете алмай екі жылдан бері құқық қорғау мекемелерінің табалдырығын тоздырып жүр. 2019 жылдың қыркүйек айында 1979 жылы туған Ерқанат атты інісі базарда жүкші болып жұмыс істеп жүреді. Бір күні үйіне кешқұрым келіп апыл-ғұпыл «Бір жақсы «калым» шығып тұр» деп қасындағы Тарғын деген жігіт екеуі үш күнге 200 мың теңгеге бір жұмысты атқаруға келіскенін айтып, үйден шығып кетеді. Сол кеткеннен ол қайтып оралмайды. Отбасы, жақын-жуығының іздемеген жері қалмайды. Із-түзсіз жоғалып кеткен адамды полиция да таба алмай дәрменсіздік танытады. Оның үстіне елде дәл сол кезде жаппай індет басталып, «жығылғанға – жұдырық» болады. Тек 2021 жылдың мамыр айынан бастап Әлима інісін дендеп іздей бастайды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландыру береді. Аяғы жеткен жердегі шаруа қожалықтары мен фермерлерді түгел аралап шығады. Балшы-көріпкелдерді де жағалайды. Дегенмен еш нәтиже болмайды. Сөйтіп жүргенде, 2021 жылдың күзінде қоңырау соғылады. Хабарласып тұрған қалалық криминалды полиция бөлімінен екен. Қарағанды облысының Бесоба деген ауылында өзеннен өтеміз деп екі адамның бірі суға батып кеткен де, екіншісі жағаға шыққанмен, еш құжаты жоқ, ауруханада хал үстінде жатқанын айтады. Ертеңінде аталған мекенжайдағы ауруханаға барса, ес-түссіз жатқан өзінің інісі екенін таниды. Бір айдан кейін оның беті бері қарағанмен, өзінің қайда, кімде құлдықта болғанын тап басып айта алмайды. Тек айтатыны: «Бізді Нариман есімді бір адам көп ақша беруге келісіп, қой қырқуға алып барып, құжатын тартып алып, жібермей қойған». Содан бұл екеуі ыңғайын тауып қашып шығып, өзеннен өтеміз дегенде есін жоғалтқан. Тексере келе, олар судан өткен Бесоба ауылында ондай фермер де, шаруа қожалығы да жоқ болып шығады. Ауылдан бірде-бір адам бұл кісілерді көрмеген болып шығады.

Абай облысында жүйке ауруымен есепте тұратын 50 жастағы ер адамды екі жігіт алдап, Семейден 200 шақырым жердегі ауылға алып барып, малдың соңына салып қойған.

Оралда 30 жасар келіншек 17-дегі қызды алдап-арбап, қорқытып, үш ай бойы тәнін еркектерге саудалап, түскен ақшаны тек өзінің қалтасына басып отырған.

Айта берсе, мұндай мысалдар жетіп артылады. Тіпті арасында жаңа туған сәбиді саудаға салғандары да бар.

Қатаң бақылау болса…

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыспен күрес департаменті адам саудасымен күрес басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаеваның айтуынша, 2022 жылы адам саудасына қатысты елімізде 57 қылмыстық іс қозғалса, 2023 жылы ол 103-ке жетіпті. Бұл – қатты ойланарлық жағдай. Жыл өткен сайын адам ұрлау өсіп бара жатыр. Заңгер Мұратбек Есмұрза мұның астарында еңбек заңнамасының өрескел бұзылатыны, адамдарға уақытында мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілмейтіні сияқты түйінді түйткілдер жатқанын айтады. Бұған қоса, құқық қорғау органдары адам ұрлығы мен адам саудасына жеткілікті дәрежеде маңыз беріп отырған жоқ. «Жұмыс іздеп кеткен шығар, табылар» деген сыңайда жан-жақты іздеуге, оны жіті тергеуге жеткілікті көңіл аудармайды.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Қазақстанда адам саудасы, негізінен, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен құрылысқа, сосын жас қыздарды жезөкшелікке пайдалану мақсатында алаяқтық жолмен жүзеге асатыны белгілі болды. Алайда жергілікті жерлерде оған ешкім де назар аудармайтын жағдайға жетті. Мәселен, ауылдық жерде «бәленше деген фермер қаладан бір-екі «бич» алып келіп жұмыс істетіп жатыр екен» деген сөздерді кез келген адам естісе де, оған мән бермейтін болдық. Ал шындығында, бұған жергілікті жердегі көзі ашық әрбір адам бей-жай қарамауы керек еді. Дабыл қағып: «Ол адамдар қайдан келген? Жеке басын куәландыратын құжаты бар ма? Жұмысқа өз еркімен келді ме, әлде зорлықпен әкелді ме?» деген жайларды көтерсе, адамды құлдыққа жегетіндер саны азаяр еді» дейді заңгер.

Мойындау керек, қазір ауылдық жерлерде көп адамның жеке басын куәландыратын құжаты жоқ. Күнделікті қажеті болмаған соң қайда қалғанын білмейді немесе жоғалтқан. Міне, осындай адамдар жұмыс іздеп шығып, көбіне адам саудасымен айналысатындардың құрбаны болып жатады.

– Бұған қарсы тұру үшін ауылдық жерлерде мұғалімдер мен дәрігерлерді, әкімдіктің қызметкерлерін осындай еңбек құлдығына жегілген адамдарды анықтайтындай оқу курсын өткізу керек. Еңбек инспекторларына күдіктенген әр адамды бақылау­ға алатын, қажет болса, тергеп-тексеретін өкілет берілуі керек, – дейді қоғам белсендісі Нұрзада Есім.

Сәбилер саудаға салынады

Туған анасын іздеп жүрген белгиялық қазақ жігітінің тағдырына алаңдап, оның заңды өкілі болып жүрген белгілі журналист Қымбат Досжанның айтуынша, елімізде бала сату осы ғасырдың басында өріс алып, әлі жалғасып келе жатқан көрінеді. Тіпті перзентханаларда баласынан жағдайы болмай бас тартқан аналарға кейін «сәбиің шетінеп кетті» деп жақындатпайтын фактілердің бар екені айтылады. Сосын сол шақалақты перзент сүйе алмай жүрген келіншектерге сататыны белгілі болып жатыр. Қылмысы әшкере болып, басы дауға қалып жатқан медицина қызметкерлері де анықталыпты. Бұл – өте ауыр қылмыс. Сатқанның да, сатып алғанның да іс-әрекеті дәлелденсе, 18 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін. Бірақ оған тоқтап жатқан қаскөйлер байқалмайды.

Астана қаласының тұрғыны Өтеулі Кенжебектің ойынша, сәбилерді саудаға салуға о баста мемлекеттің өзі жол беріп қойған. Кейін астыртын етек алып кеткен бұл қылмыстың жолын түпкілікті кесу енді мүмкін еместей көрінеді.

«Жат елге қаракөз бүлдіршіндерімізді «сырқатынан емдетеміз» деген желеумен қомақты қаржыға саудалағаны өз алдына, дені сап-сау бөбектердің кезінде қаншасы мұхит асып кеткенін бір Құдай білсін. Дегенмен бүгінде олардың кейбірі там-тұмдап айқындалып жатыр. Сәбилер әлі де сатылады. Осы келеңсіздікке құзырлы органдар, қоғамды жұмылдыра отырып, жол бермесе құба-құп болар еді» дейді қала тұрғыны.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button