ӘлеуметБасты ақпарат

Киіктің санын табиғаттың өзі реттеуі керек

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдегендей, 10 ақпаннан бастап ақбөкенді атуға уақытша тыйым салынды. Түз тағысының популяциясын реттеу бойынша жұмыс келесі жылы жүргізіледі екен. Бәрекелді! Дұрыс шешім дейік. Бірақ ақбөкенді ату қаншалықты дұрыс болды. Бұл тақырып біраздан бері мазалап жүрген-ді. Санадағы сан ойды Кәрім Жүзбаев есімді ақсақал дөп басты.

– Кезінде Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық, Сүттіқұдық совхозының қойшылары Қыратауды жайлау ететін. Оған Шиелі ауданының бірнеше елді мекені қосылады. Әр совхоздан 30-50 мыңнан қой таудың жайлауында өрлейді. Біз Қаратаудың теріскей бетінде болсақ, күнгей жағында Шымкент облысы Созақ ауданының малшылары болатын. Қой араласып кетіп, отарды қайта бөлген кездер орын алды. Бәрі есімде…

Біле білсек, киік суыққа төзімді болу үшін қар астынан шыққан улы шөптермен қоректенеді. Шөптің басын кертіп жейтіні осы себепті. Киік жеп кеткен шөптің ортасы уақ мал мен ірі қара, тамырын жылқы жейді. Біздің жаққа киіктер келіп оттамағалы көп болғандықтан, ерте көктемде малдар жиі тышқақтап жүреді…

Сол кездері отармен бірге ақбөкеннің көк қуалап жүргенін талай рет көріп, сырттай сүйсініп отыратынбыз. Киіктер табын болып далада әрі-бері жосып жүруші еді. Қыс қатты болған жылдары бөкендер Сырға келіп, одан әрі Қызылқұмға өтетін. Жазда батыс­тағы Мұғалжар тауынан оңтүстіктегі Мойынқұм алқабына дейін емін-еркін жайылып жүретін. Қазір сайын далада кедергі көп. Темір жолдар мен уран құбырлары дала тағысының әрі-бері өтуіне мүмкіндік бермейді. Болмаса, Ақтөбедегі ақбөкендер Мойынқұмға дейін келіп, өзінің байырғы өрісін табады ғой! – деп әңгіменің тұздығын келтіріп алды.

Одан әрі: – Қазір ақбөкенді атып, қырып жатыр. Есті адамның істейтін тірлігі ме? Киік – киелі аң. Оның обал-­сауабы болады. Мейлі ғой, лицензия алып, атуға жауаптанған компания толық құрал-жабдықпен жабдықталса жақсы ғой! Бөкенді атқаннан кейін арнайы мұздатқышпен жабдықталған автокөлікке тиеп, олардың етін, терісін өңдейтін жерге өткізгені жақсы. Министрлік осындай талаптарды қойды ма? Меніңше, даланы қан қақсатып, қатыгездікпен киіктерді атып, сасытып алуда. Өйткені атушыларда талапқа сай келетін құрылғы жоқ. Е, оның етін өңдейтін арнайы орын жоқ. Біздегілер ақбөкеннің мүйізін кәдеге жаратып жатқан болар, – деп ойын аяқтады ол.

30 жылдан аса шопан болған Кәрім ақсақалдың ойы жүйрік екен. Алды-артын бағамдап, санадағы сан сауалға дәл жауап берді.

Бұрынғының қариялары: «Бөрі қақпанға түспесін, Ақсұңқар торға түспесін, Ақбөкен орға түспесін» деп бата береді екен. Сондағы бөрі де, сұңқар да, бөкен де қазақтың нақ өзі! Өзінің бір баламасына балаған бөрі мен ақбөкенді қырып тастасақ не болады? Әрине, экологиялық апат болады.

Қасқыр – даланың экологиялық тазартқышы. Әртүрлі есеп бойынша 15 мыңға жетпейтіндей ғана қалыпты. Енді ақбөкенге ауыз салдық. Ақбөкен популяциясының тез көбейіп кетуіне қасқырдың азайып кетуі өз әсерін беруде. Бұған дәлелді дәйек келтірейік.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы ұлттық паркке бұғылар жіберіледі. Ауа райы жайлы, шөбі шүйгін арнайы аймақта бірнеше жылда бұғылар тез көбейеді. 2010 жылы 32 мың басқа жетеді. Бұғы санының күрт артуы табиғи тепе-теңдік заңдылығын бұзады. Қалай, бұған бұғының қандай қатысы бар дейсіз ғой?! Себебі бұл парк бақа-шаян, құрт-құмырсқа және сан түрлі құстарымен ерекшеленеді екен. Бірақ түз жануарының күрт көбеюі салдарынан шөптің кейбір түрлері жойылып, өзеннің суы тартылады. Бұл жәндіктерге де әсер етеді. Құстар өздеріне қажетті қорек түрлері азайғандықтан, басқа жақтарға кете бастайды. Содан Америка ғалымдарының арасында ұлттық парктегі бұғыларды атып, санын азайтуды ұсынады. Бұған келіспейтін екінші тарап өз мүддесін алға тартады. Не керек, ұзаққа созылған айтыс-тартыстан кейін паркке қасқырлар жіберіледі. Түз тағысы парктегі ақсақ-тоқсақ, кәрілерін жеп, аз уақытта бұғының санын азайтады. Соның нәтижесінде өзеннің деңгейі қалпына келіп, бақа-шаян мен құстар да келеді. Құстар мен жәндіктердің келуімен шөптердің көп түрі қайта шыға бастайды. Міне, өркениетті қоғам табиғи тепе-теңдікті осылай реттейді.

Біз шетелдік таңсық тәжірибелерді енгізуде жан салмаймыз. Бірақ ең қажеттісін алсақ қой, қанеки! Ойлану керек! 80 мың киікті атамыз деп популяциясын жойып жіберсек, жауапкершілікті мойнына алатын тұлға бар ма?

P.S: Қайбір жылдары қызыл мияны тамырымен қопарғанда экологтар тоғайдағы шөптің түрлері жойылып кететін болды деп шулады. Сөйтсек, мияға ұялайтын аралар тоғайдан безіп кетеді. Нәтижесінде даладағы шөптер будандаспай, жойыла бастайды. Табиғаттағы тепе-теңдік тіршіліктің тұғыры десек, онда адамдар Жер-анаға қасақана ықпалын азайтуы керек. Олай болмаса, мұның арты үлкен экологиялық проблемаға әкеледі.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button