ӘлеуметБасты ақпарат

Толық отбасы тұжырымы қандай?

Елорданың отбасылық институты құрамын сөз еткенде басым көпшілігі  көпбалалы болып келеді. Отағасы құрылыстардың бірінде жұмыс істесе, балалардың анасы білім беру немесе денсаулық сақтау, тағы басқа мемлекеттік қызметтерде еңбек етеді деп айтуға болады. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуде елордалық әкімдік тарапынан түрлі мәдени, әлеуметтік шаралар өткізіліп, оның ортасында жүрміз де. Дегенмен мемлекетіміздің тірегі – отбасы мәселесіне келгенде шешуі күрделі түйінді мәселелер жеткілікті.

Соның бірі – соңғы оқиғалардың легінде әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелер алға шықты. Ол үшін арнайы заң қабылданды. Бір жақсысы, отбасыларға көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді, сондай-ақ тұрмыс саласындағы қылмыстар және балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейтуді атап өтуге болады деп биік мінберлерден естіліп жатыр.

Ендігі жерде күйеуі әйелін ұрып-соққаны, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіргені, азаптап-қинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді және күшейтілді. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға және алдын алуға бағытталған бірқатар шара көзделген екен.

Мұның бәрі өте дұрыс, бұрындары тұрмыстық, отбасылық, өзара адамдардың ішкі шаруасындай көрініп, қоғамда айтыла бермейтін бітеулі жараның аузы ашылғандай болды. Бірақ мұнымен мәселе шешіліп кетсе жақсы. Мұнымен толыққанды, ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық институттың шаңырағын биіктете ала ма? Әйел, бала-шағаны зорлық-зомбылықтан қорғағанмен, ұлттық менталитемізде бедел болып саналатын ер-азаматты жығып беріп тұрған жоқпыз ба? Бәлкім, бұл мәселеге басқа жақтан келу керек шығар?

 

Лев Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық универс­и­теті әлеуметтік ғылымдар факультетінің PhD докторы Сымбат ШАКИРОВ:

– Мен бұрындары да айтып жүрмін, қоғамда теріс үдеріс басталып кеткен сияқты. Әйел мен еркектің қоғамдағы орнын анықтай алмай жүрміз. Бір-біріне қарама-қайшы, бір-біріне илікпейтін, бір-біріне бағынбайтын, керек десеңіз, мойынсұнбайтын екі тұлғаға айналдырып алдық. Бұл қауіпті. Әйел мен ер азаматтың оның отбасындағы, жалпы табиғи жаратылысын ескермеудің соңы жақсылыққа жеткізбейді. Екі жарты қосылып, бір бүтін болудың қамын ойламаған жерде әрқайсысы өз орнын, міндетін, жауапкершілігін түсінбегенде толық отбасы идеясына оралудың мүмкіндігі аз.

«Толық отбасы» қағидасын қайта қарау керек. Толық отбасы – толық мемлекет, толық адам. Бұл жерде толық отбасы қағидасын конфликтология аясында да қарап, мемлекет тарапынан толық отбасын қолдау болып, оны мемлекетіміздің мықты негізін құрайтын институт ретінде көтермелеуі тиіс. Ұлттық құндылықтарға негіздеп тұжырымдамасын жасау керек. Неке, отбасы заңдарын еуропалық ұстанымға емес, ұлттық құндылықтарға бейімдеп жазу керек. Демек оларға жеңілдіктер беріп, отбасын сақтай алғандарға қосымша мүмкіндіктер ашып жағдайын жақсартуға жағдай жасалуы керек.

Расында да ғалымның айтуынша, қоғам біржақты ұстанымға байланып, таяқтың екі ұшы барын елемей жатқан сияқты. Толық отбасын қорғау жағында емес, ажырасқандардың таңдауын жөн көріп, отбасы қиындықтарына шыдамай, бастарын құрай алмағандарды қолдайтындай көрінеді. Әрине, болған істің қылмыстық астары болса, жауапқа тартылуы керек. Дегенмен, осы жағдайда жеткізген жайттың алғы шарттарын, салдар-себептерін зерттеген адам бар ма? Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, берік отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастыруды қайдан үйренбек? Одан қалды, отау құратындардың денсаулығы бірінші кезекте. Статистика бойынша көптеген отбасылардың шаңырағының шайқалуына баласыздықтың әсері мол. Белсіздік те жастар арасында белең алуда. Жаңа үйленгендердің баспананың болмауы психикалық жағынан қысса, жетіспеушілік пен жұмыссыздықты қосыңыз.

Дәм-тұзы жараспай, арада бала болып, екі айырылғандардың жағдайын кімдер ескеріп жүр? Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің әр аймағындағы екі мыңнан астам некесі бұзылып, ажырасқандардың арасында сауалнама  жүргізіліпті. Бірінші некеден баласы бар ерлердің тең жартысы бала тәрбиесіне араласа алмайды. Әрбір бесінші әке, яғни сауалнамаға қатысқандардың 21 пайызы анасымен бірге тұратын өз балаларымен сирек кездеседі, әрбір төртінші әке баласымен мүлдем кездеспейді, оның тәрбиесіне де араласпайды. Айтпаса да түсінікті, бір кездері сүйіп-күйіп қосылғандардың бітіспес жауға айналып, баласын бір иіскеуге де зәру етіп кек қайтарғанның амалы.

Әрине, көшелерімізге «Әке, алимент төледің бе?» деп көзі жасаураған сәбидің суретін іліп қою жеңіл шаруа. Ал нақтысына келсек, әкенің баласынан безуіне заңымыз бен әйелдердің қолайына жығылған қоғамдық стереотип әсер етіп жатқан жоқ па? Ортада бала болған соң, ерлі-зайыпты болып бірге тұрмаса да  қалыпты адами қарым-қатынасты сақтау қажеттігін, оның амалы мен жолын заңмен реттемей, өздерінің жауапкершілігіне салып қоюдың ақыры осыған жеткізген жоқ па деп те ойлайсың.

Осындай әлеуметтік мәселенің жалғыз шешімі «толық отбасы» деген ғалымның сөзінің жаны бар. Сексенінші жылдарға дейін жастар арасында ажырасу сирек болатын. Күйеуден қайтып келгендер сүйекке түскен таңбадай, өз әулеті-ақ тұқыртатын. Қоғамда ешқандай сыйы мен орны жоқ еді. Сол себепті көп нәрсеге кешіріммен қарап, ажыраспайтын. Қазіргілердің таңдауын қолпаштайтын заңымыз бар, қоғам басынан сипап мүсіркеп отыр. Екеуіне бірдей түсетін жауапкершілікті жалғыз әкесіне аударып қойып, алимент төлетіп отырғаны да әйелдің сөзін сөйлегендіктен. Шетелдерде басқаша, ажырасқан күнде де адами қарым-қатынасынан қалмай, бала тәрбиесіне араласып, бала өскенше бір-бірін қолдап отырады екен. Бұл, ең алдымен, балаға керек. Толыққанды отбасында өспесе де әкенің  қамқорының, панасының аясында өседі. Біздің заң баланың жайын емес, баланың қалтасына түсетін азын-ауық ақшамен шектеліп отыр. Бұл да –  алдағы уақытта қаралуға тиісті мәселе.

Айтатыны жоқ, ажырасуды тоқтату қиын нәрсе. Адам тағдыры деген жерде  заңның да, законның да күші жүрмейді. Егер толық отбасын сақтай алмайтындай жағдайда бір-бірімен ұстасқан жауға емес, бірін-бірі тыңдай алатын, сабырлы қатынасты  ұстап тұрудың мәдениетін қалыптастырған жөн.

Асылында «толық отбасы» идея­сы көңілге қонады. Оны қолдап, жаңадан шаңырақ көтергендерге үй алуға жеңілдіктер болып, медициналық қызметтер тегін көрсетіліп, отбасымен шыққанда демалыс орталықтары қошеметпен қарсы алып, бір отбасының үш толқынына (атасы, баласы немересі) тегін қызмет көрсетіп, тағы сол сияқты игіліктерге қолын жеткізіп, қолпаштап жатса, онда олардың қоғамдағы беделі де өседі. Жастар да ұясын бұзбас бұрын, қоғамдағы құрметін жоғалтатынын ойлап, ақылдың безбеніне салар еді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button