Мәдениет

Актриса мерейтойына арналды

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Өз заңдары бойынша өмір сүретін әйел» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылым осы театр актрисасы, Қазақстан Президенті Құрмет грамотасының иегері, «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған Наталья Матвееваның мерейтойына арналды.

Мелодрама жанрындағы спектакль – Италия драматургі Эдуардо де Филиппоның ең танымал туындыларының бірі. Шығармада махаббат дертіне шалдыққан әйелдің өмірі бейнеленеді. Мұнда махаббат машақаты, ақыры жүрегінің айтқанына ғана сеніп, сүйіктіме қайтсем де қолымды жеткізем деген әйелдің жеңісі кескінделген. Спектакльді қою үшін Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Михаил Филимонов (Челябинск қаласы) арнайы шақырылды. Қойылымның қоюшы-суретшісі – Қанат Мақсұтов.

Мелодрамада Наталья Матвеевамен қатар театрдың жетекші әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Ресей Федерациясының «Дос­тық» орденінің иегері Сергей Матвеев,  Мәдениет саласының үздіктері Зинаида Абаназиди мен Оксана Бойко, Мәдениет қайраткері Александр Корженко, Евгений Карачаров, Полина Харламова, Айжұлдыз Халикова, Юрий Козулёв, Сағи Саржан және Диас Қожантаев кейіпкерлерді сомдайды.

Наталья Матвеева – Мәскеудеге А.Луначарский атындағы театр өнері мемлекеттік институтының түлегі. Осы оқу орнының дипломын алғаннан кейін 24 жыл Н.Крупская атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында (Фрунзе, Бішкек қаласы) еңбектенді. Актрисаның өнер жолын бастағанына, яғни шығармашылық өміріне биыл 45 жыл толды. Ал Астанаға 2003 жылы келіп, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына орналасты. Міне, жиырма жылдан астам уақыт осы театрда сан алуан бейнелерді сомдап келе жатыр. Әсіресе, рөлдерінің ішінде А.Цагарелидің «Ханума» спектакліндегі Ханума бейнесінің шоқтығы биік. Осы рөлімен актриса «Үздік әйел бейнесі» аталымында Астана қаласы әкімінің сыйлығын иеленді. Енді қоржынына «Өз заңдары бойынша өмір сүретін әйел» спектаклінің бас кейіпкері Филумена Мартурано бейнесі қосылды.

Актриса қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет те атқарады. Ол – «Драма театры актерлері мен режиссура» кафедрасы, «Театр өнері мен өнертану» факультетінің доценті. Бұған қоса, «Театр өнері, драма театры мен кино актерлері» мамандығына оқытатын орыс тобының жетекшісі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button