Қала мен Сала

Жайлы қала жолынан көрінеді

Қыс мезгілі аяқталғанда, қала ішіндегі жолдың ақаулары анық көрінеді. Сондықтан жыл сайын жол жөндеу жұмысы жаз басталмай-ақ басталып кетеді. Биыл Астанада жалпы ­ұзындығы 53,5 шақырымды құрайтын 51 көшеде жол жөнделеді.

Биыл елордада жалпы ұзындығы 53,5 шақырым болатын 51 көшеге жөндеу жүргізу жоспарлануда. Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл сайын жол-құрылыс жұмысы маусымы басталар алдында көше-жол желісіне тексеру жүргізіледі. Бүгінде осындай тексеру жүргізілді. Қаланың жол-көше желісінің жай-күйін кешенді талдауға сәйкес, қанағаттанарлықсыз жағдайда тұрған көшелер анықталды. Барлық анықталған ақау бо­йынша жөндеу жұмысының кестесі бекітілді. Осылайша, биыл 51 көшеге жөндеу жұмысы жүргізіледі. Атап айтсақ, Сығанақ көшесі Ш.Айтматов көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін, С.Сейфуллин көшесі К.Күмісбеков көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін, Тәуелсіздік даңғылы Ж.Нәжімеденов көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін жөнделеді.

Сондай-ақ ағымдағы жылы қаланың 200 көшесіндегі шұң­қырларды жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте қала әкімдігі сапасыз жолды өз ақшасына жөндейтін компаниялардың тізімін жария­лаған болатын. Олар: Жетіген көшесі (А.Пушкин көшесінен Ж.Досмұхамедұлы көшесіне дейін) – «Сотис групп» ЖШС; А.Иманов көшесі (А.Янушкевич көшесінен Ш.Уәлиханов көшесіне дейін) – «Айя Сервис» ЖШС; Алаш тасжолы (жол өтпесінен Жолымбет көшесіне дейін) – «Айя Сервис» ЖШС; Мәңгілік ел даңғылы (М1 көпірінен Бұқар жырау көшесіне дейін) – «Компания Энергодор» ЖШС; Қабанбай батыр даңғылы (Сарайшық көшесінен Қорғалжын тасжолына дейін) – «Сотис групп» ЖШС; Жеңіс даңғылы (І.Есенберлин көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін) – «Сотис групп» ЖШС; Р.Қошқарбаев даңғылы (Қордай көшесінен М.Төлебаев көшесіне дейін) – «Сотис групп» ЖШС; Еңлік-Кебек көшесі (Сұлтан Бейбарыс көшесінен Болашақ көшесіне дейін) – «РЕКМА КЗ» ЖШС. Барлық жұмыс жоспарлы түрде және ауа райы қолайлы болғанда атқарылады.

Мамандардың мәлімдеуінше, учаскелердің жабылуынан туындаған уақытша қолайсыз­дықтар ұзаққа созылмайды, бірақ жолдар жақсарады және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін 2018 жылдан бастап iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, онда жол төсе­мінің қанағаттанар­лықсыз жай-күйі бойынша өтініш жіберуге болады. Сонымен бірге өтініштер iKomek109 мобильдік қосымшасы, әкімдіктің ресми сайты, Telegram-бот, Smart Astana мобильдік қосымшасы және электрондық пошта арқылы да қабылданады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button