Басты ақпаратМәселе

Баланы зиянды астан сақтайық

Астана қаласындағы 6 мектепте «Ұлттық мектеп асханасы» қанатқақты жобасы іске асады

«Астана ақшамы» газеті жылдың басында «Тамақтан төнген қауіп» (№4, 11.01.2024, Қ.Үсемханұлы) деген тақырыппен өткір мақала жариялап, Қытайдан әкелінген балалар денсаулығына қауіп төндіретін зиянды тағамдардан сақтану туралы дабыл қаққаны оқырманның есінде болар. Басылым көтерген мәселеге сенатор Бибігүл Жексенбай бірден үн қосып, Сенаттың пленарлық отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, «қоқыс» тағамдардан еліміздің нарығын, балалардың денсаулығын қорғау бағытында нақты ұсыныстарын жеткізді.

Депутат дабыл қақты

Ең алдымен депутаттық сауалдан үзінді келтірелік. «Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден «қоқыс» тағам-тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, «қоқыс» тағамдардың көбін көшелер мен жертөлелерінде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында «қоқыс» тағамдары деп көрсеткен. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да, «қоқыс» тағамдар қорғалмаған шетел нарығын жаулап жатыр. 2023 жылдың 11 айында кедендік статистика бойынша Қазақстанның Қытайдан импорты 14 млрд АҚШ долларын құраған. Қытай Қазақстанның сыртқы саудасының жалпы көлемінде (26,8%) 1-орын алады (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді есепке алмағанда). Бұл көрсеткіш ішінде «қоқыс» тауарлар үлесі қанша екені белгісіз. Осы орайда сұрақ! Біріншіден, еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы туралы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуы тиіс. Алайда дүкен мен базарларда сатылатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша бұл талаптар неліктен сақталмайды? Екіншіден, шетелден ағылған тауарға ақшасын төлесе, жылдам сертификат алуға көмектесетін ғаламтордағы жарнамадан көз сүрінеді. Жеке делдал компаниялардың бұл бағытта көптігі нарықтағы сапасыз тауардың көбеюіне әкеліп отырған жоқ па? Үшіншіден, зиянды тағамдардың жарнамасы жайлы айтпау мүмкін емес. Өйткені бүгінде жұрт, әсіресе балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспалардың мөлшері көп өнімдер жарнамаларының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес. Әрине, жарнама тиісті заңдармен реттелгенмен, оларда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы. Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы ДДҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен. Зиянды тағамдар жарнамасын көбейту – түсіне білгенге жамандыққа азғыру. Сондықтан бұған барынша шектеу қою, қажет жерінде тыйым да салу керек. Төртіншіден, күнделікті астың ағзаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағамдағы қант, тұз және қаныққан майларды бақылау маңызды. ДДҰ-ның тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың құрамы жөніндегі қаулысы бойынша оның мөлшері 5%-дан аспауы қатаң орындалуы тиіс. Бүгінде әлемде зиянды тағамға қосымша салық салу практикасы айтарлықтай кең тараған. Соңғы 10 жылда мұндай салық Дания, Эквадор, Египет, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде бар. Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70%-ы зиянды және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартты. Халқымызды зиянды тағамдардан қорғау, аталған мәселеде дұрыс бағыт көрсету шаралары мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс» деп мәлім етті Б.Жексенбай.

Халық қалаулысы елдік мәселені шешу бағытында нақты 7 ұсыныс айтты.

Үкімет есеп берді

Көп ұзамай Үкімет аталған мәселе бойынша қолға алынған және атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Қоғам назарындағы өткір мәселе бо­йынша 12 наурызда Сенат қабыр­ғасында арнайы отырыс өтті. Басқосуға сенаторлар Бекбол Орынбасаров, Нурия Ниязова, Ғалиасқар Сарыбаев, Әлішер Сатвалдиев және Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Сауда және интеграция, Қаржы, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы тұтынушылар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшылары мен өкілдері қатысты. Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі мен жолдары кездесудің басты тақырыбы болды.

Депутаттық сауалда зиянды, соның шеттен тасылатын «қоқыс» тағамдар, «сұр сертификаттар» мен оларды жарнамалау мәселелері қозғалған болатын. Осы мәселеге орай Бибігүл Жексенбай құзырлы орган жетекшілерінің берген деректері мен ақпараттарын оқырман қауыммен бөлісті.

«ЕАЭО кеңістігінде «сұр сертификаттардың» басымдылы­ғының өткір проблемасы бар. Сәйкестікті растау құжаттары көбінесе рәсімдерді бұзумен немесе сынақсыз беріледі, бұл контрафактілік өнімдердің көбеюіне және адам денсаулығына теріс әсер етуіне алғышарт жасайды. 2022 жылы Қазақстанда басқа елдерде берілген 200, ал 2023 жылы 300 «сұр сертификат» жойылды. 2023 жылы азық-түлік тауарларының 3194 партиясы қарап-тексерілді, сәйкес келмейтін 120 тоннадан астам тамақ өнімін әкелу тоқтатылды» делінген Үкіметтің ресми жауабында.

 127 тонна өнім сатылымнан шығарылды

Енді Үкімет жауабының толық мәтінін ұсынайық.

«Ерте жастағы балаларға арналған балалар тағамын (қоспа, езбе, шырын, биологиялық белсенді қоспалар, консерві және т. б.) әкелу және өткізу Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінде орналастырылған мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер болған кезде жүзеге асады. Басқа тамақ өнімдері, оның ішінде энергетика сусындары, чипсілер, фаст-фуд және басқа да зиянды өнімдер сәйкестік туралы декларация болған кезде елге әкелінеді және өнімді бақылау мақсатында сатып алу және оларды санитарлық-эпидемиологиялық мониторингілеу шеңберінде өткізу сатысында бақыланады. Өнім талаптарға сәйкес келмеген кезде лауазымды адамдар оны әкелуді (импортын) уақытша тоқтата тұру және тиісті сараптамаға жіберу туралы шешім қабылдайды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге (импортқа) тыйым салуды белгілейді. 2023 жылы азық-түлік тауарларының 3194 партиясы қарап-тексерілді, сәйкес келмейтін 120 тоннадан астам тамақ өнімін әкелу тоқ­татылды. Жалпы алғанда, рес­публика бойынша 153 тонна­дан астам азық-түлік өнімі мен шикізат, оның ішінде 127 тоннадан астам басқа елдерден әкелінген өнім, 26 тоннадан астам отандық өндіріс сатылымнан алынды. Ішкі нарықты қорғау мәселелері барлық мүддесі мемлекеттік органдардың (Сауда және интеграция, Ауыл шаруа­шылығы, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі) қатысуымен ахуалдық штабта үнемі қаралады.

Анықтама үшін: аккредиттеу субъектілерін мемлекеттік бақылау бойынша 217 іс-шара өтті, өнімнің сәйкестігі туралы 1689 сертификаттың/декларацияның күші жойылды, 33 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, 60 аттестаттың (аккредиттеу жөніндегі орган және аумақтық департаменттер) аккредиттелген қызметі тоқтатылды.

2023 жылы азық-түлік тауарларының 3194 партиясы қарап-­тексерілді, сәйкес келмейтін 120 тоннадан астам тамақ өнімін әкелу тоқтатылды. Жалпы алғанда, республика бойынша 153 тоннадан астам азық-түлік өнімі мен шикізат, оның ішінде 127 тоннадан астам басқа елдерден әкелінген өнім, 26 тонна­дан астам отандық өндіріс ­сатылымнан алынды

Жағдаяттық штабтың 2023 жылғы қазандағы көшпелі кеңесінде Мемлекеттік шекараның Қазақстан-Ресей учаскесіндегі өткізу пункттеріне барып, сапасыз және қауіпті импорттық өнімдерді әкелуге және айналымына жол бермеу мақсатында шекара маңындағы бақылау бойынша ұсынымдар және шаралар қабылдау жөніндегі бірлескен іс-қимыл алгоритмі әзірленді.

Бұдан басқа, отандық өндірушілердің маусымдық қажеттіліктері мен ұсыныстары ескеріле отырып, өнімдер бо­йынша өзара іс-қимыл тетігі әзірленді, оған қатысты қосымша бақылау шаралары қолданылуы мүмкін. Білім беру және тәрбиелеу объектілеріне қойылатын санитариялық қағидаларда мектепке дейінгі ұйымдарда, білім беру және тәрбие объектілерінде, балалар үйлерінде, балаларды сауықтыру және санаторий объектілерінде зиянды тамақ өнімдерін (ыдысқа құйылған минералды және ауыз суларды қоспағанда) газдалған, емдік және емдік-­асханалық минералды суларды, тәтті алкогольсіз сусындарды, алкогольсіз энергетикалық (сергітетін) сусындарды, концентрацияланған диффузиялық шырындарды; фаст-фудтарды: гамбургерлерді, хот-догтарды, пиццаларды, наггеттер, чипсілер (чипсондар), дәмдік қоспалары бар тұздалған крекерлерді сатуға тыйым салу белгіленген.

Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылар мен студенттерге арналған ұйымдарда тәрбиеленетін балалардың тамақтану нормалары қайта қаралды (тамақ өнімдеріндегі қант мөлшері азаяды, картоп нормалары басқа көкөністердің санын көбейту есебінен азаяды, күнделікті рационға сүт және сүт қышқылы өшімі, А, Д, Е дәрумендерімен байытылған тағамдар енгізілді); Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес тұз нормалары шектелген (тәулігіне 5 г-нан аспайды) (шұжық өнімдерін алып тастау есебінен ет өнімдерінің (ет, құс еті) нормалары ұлғайды, кептірілген жемістер саны ұлғайды).

Қазақстан мектептерінің 20 пайызында Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген дәрумендер мен минералдармен байытылған өнімдерді қоса отырып, оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар енгізілді. Астана қаласының 6 мектебінде, Алматы қаласының 3 мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» қанатқақты жобасын іске асыру басталды. Жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастыру бо­йынша кезең-кезеңмен шаралар кешенін қарастырады. Өңірде өндірілетін отандық өнімді пайдалана отырып, мәзірді әзірлеу бөлігінде норма енгізілді. Медициналық мекемелер мен білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыру стандарттары бекітілді, онда тамақтануды ұйымдастырудың жалпы қағидаттары мен тәртібі айқындалды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша мектепке дейінгі ұйымдармен халықтың әлеу­меттік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан 97,4 мың бала тегін тамақпен қамтылды. Жалпы 2023 жылы жергілікті бюджет қаражатынан 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Кәсіпкерлермен аса маңызды заттардың (тұз, қант, трансмайлар) құрамын ескере отырып, тамақ өнімдерінің қаптамасына қосымша түсті индикация енгізу арқылы түсті таңбалауды енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта құрамында қант бар сусындарға салық енгізу мәселесі Парламент Мәжілісінде қаралатын «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде қаралуда. Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында дұрыс және ұтымды тамақтану, салауатты әдеттерді балалар арасында қалыптастыру мәселелері бо­йынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу көзделген. Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат министрліктері ұлттық телерадиоарналарда балаларға зиянды тауарларды жарнамалау бойынша уақытша шектеулер енгізу мәселесін пысықтауда.

Қоғамдық денсаулықтың өзекті мәселелері бойынша органдар мен ұйымдарды ұйым­дастырушылық-әдістемелік сүйемелдеуді, салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану қағидаттарын енгізу жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуді ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Қоғамдық денсаулық сақтау және оңалту басқармасы мен ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК жүзеге асырады. Денсаулық сақтау министрі А.Әлназароваға депутаттармен кездесу ұйымдастырып, аталған мәселелер бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы нақты баяндау тапсырылды».

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Сенат депутаты:

– Әрине, адам ағзасына зиянды тағамдармен күрес­те мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар күш біріктіре жұмыс істеуі керек. Зиянды тағамдарға шектеумен қатар, пайдалы, отандық өнімдерді барынша қолдау және насихаттау қатар жүрген дұрыс. Бастысы, мәселеге көңіл бөлініп, нақты іс-шаралар қолға алына бастағаны қуантады. Сауда мен кәсіпкерлікті балаларымыздың денсаулығы – ұлт келешегі есебінен жасауға жол бермеуіміз қажет.

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button