Басты ақпаратБілім

Үйірмеге үйір ұрпақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап елордада балаларға арналған үйірмелердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс іске асырылуда. Жобаны іске асыру басталғаннан бері, яғни 3 жыл ішінде шығармашылық тапсырыс бойынша 26 мыңнан аса баланы тегін шығармашылық үйірмелерімен қамтуға мүмкіндік берілді. Осы бағытта бюджеттен 10 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Қазір елордада шығармашылық бағыттардың 50 түрі бойынша 713 үйірме бар. Оған 343 жеткізуші қызмет көрсетеді.

Кеше Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен өткен елорда мәслихатының кезекті сессиясында бір­қатар маңызды мәселе қаралды. Соның негізгісі: мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты іске асыру мәселелері бойынша қала әкімінің орынбасары Есет Байкен баяндама жасады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап елордада балаларға арналған үйірмелердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс іске асуда. Жобаны іске асыру басталғаннан бері, яғни 3 жыл ішінде шығармашылық тапсырыс бойынша 26 мыңнан астам баланы тегін шығармашылық үйірмелерімен қамтуға мүмкіндік берілді. Осы бағытта бюджеттен 10 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Қазір елордада шығармашылық бағыттардың 50 түрі бойынша 713 үйірме бар. Оған 343 жеткізуші қызмет көрсетеді, – деді Есет Байкен.

Оның айтуынша, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында тегін үйірмелермен 26 мыңнан астам бала қамтылды. Бағдарлама басталғалы бұған қала бюджетінен 11,7 млрд теңге бөлінді. Қазір спорттың 31 түрі бойынша 930 секция жұмыс істейді, ал қызметті жеткізушілер саны – 337.

2021-2022 жылдары мем­лекеттік шығармашылық тапсырыс «Артспорт» платформасында жүзеге асты. Өткен жылдан бері бұл тапсырыс «Даму бала» платформасында іске асуда. Жалпы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысқа осы жылдың жартыжылдығына 8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы 52 мың ваучерді, яғни осыншама баланы қамтуға бағытталған. Ал жалпы биыл тиісті жұмысқа қала бюджетінде 14 млрд теңге қарастырылған.

Қала әкімінің орынбасары алдында бұл бағытта бірқатар мәселе туындағанын, әкімдік оларды сәтті шеше білгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, 2023 жылға дейін ваучерлер тек қана «Артспорт» платформасында берілетін. Сол уақытта қызметті жеткізуші өте көп тапсырыс орналастырып, қала бюджеті оны көтермей қалды. Тапсырыстар белгіленгеннен екі есе асып кеткен. Соған қарамастан, қалалық мәслихаттың қол­дауымен қала әкімдігі бұл мәселені шешті. Сондай-ақ ваучерлер, қызметті жеткізушілер бойынша да проблемалар туындаған. Олар да шешілді.

– Қазір елордадағы көші-қон мен сәбилердің дүниеге келу деңгейі баршаға белгілі. Бақытымызға орай, жыл сайын астанада 35 мыңнан астам бала туады. Бұған қоса, осыншама бала өңірлерден көшіп келеді. Яғни ішкі көші-қон жақсы дамыған. Биыл, мәселен, 1-сыныпқа 30 мыңнан астам бала қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бұрын 20 мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттайтын. Сондықтан мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысқа сұраныс одан сайын артады деп болжап отырмыз. Сол кезде бюджеттен оған бөлінетін қаржы да көбейеді, – деді Есет Байкен.

Оның айтуынша, қазір деректерді талдау және басқа ақпараттық жүйелермен біріктіру бойынша қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Мәдениет басқармасы бірігіп жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, «Миндаль», «Индиго» және өзге де қосымша білімге қатысты платформалар «Даму бала» платформасымен бірігеді.

– «Даму бала» платформасы қала әкімдігінің серверінде орналасқан. Яғни әкімдіктің мүлкі, ондағы мәліметтер ешқайда жоғалмайды. Тиісті ереже бойынша бір балаға бір ваучер берілуі керек. Қазір қалада бір балаға екі ваучер берілгені, яғни ол тегін екі үйірмеге барады деген әңгіме айтылып жатыр. Әлеуметтік шиеленіс пен тұрғындардың наразылығын тудырмас үшін қатардағы спортшылар мен шығармашылықпен айналысатын балалардан артық вау­черлерді алып қоймадық. Бірақ болашақта ақпараттық жүйелер біріктірілгенде, бұл мәселе мұқият қадағаланады, – деді әкім орынбасары.

Балалардың тегін үйірмедегі сабаққа нақты қатысуын ата-­аналар электронды-цифрлық қолтаңбамен растау керек. Бұл мәселеде қызметті жеткізуші мен ата-аналар өзара келісіп, жалған мәлімет берген жағдайлар кездескен. Яғни ақпараттық жүйеде өтірік деректерді енгізуден қорғайтын тетік жоқ.

Есет Байкеннің айтуынша, аталған мәселені шешу үшін тегін үйірме ғимараттарында мектептердегідей турникет орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ қызметті жеткізуші шығынданбайды, тиісті жұмыс пен қаржыны мойнына алатын инвестор іздестірілуде. Елорда әкімдігі бұл тарапта Қызылорда облысының тәжі­рибесін зерттеген. Сыр өңірі осы бағытта бір жыл ішінде 3 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеген.

– Сыр өңірінде және елордада тегін үйірмемен қамтылған балалардың саны, әрине, сәйкес келмейді. Бұл тарапта Астанада әлдеқайда көп қаржы үнемделеді деп болжауға болады. Осы үнемделген қаржыны бағдарламаға қайта салып, тегін үйірмелермен қамтылатын балалардың санын көбейтуге болады. Қызметті жеткізушілер де көбірек табыс тауып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алар еді, – деді Есет Байкен.

Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша коммуналдық мемлекеттік мекеме құру қажеттігі туындағанын жеткізді. Өткен жылы қала мәслихатының қолдауымен қалалық Мәдениет басқармасының жанынан мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыратын осындай мекеме ашылғанын баяндады. Бұл дирекция тегін үйірмелер бо­йынша қаржы операцияларын жүргізіп, сапаны бақылайды.

Астана қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі Сәуле Самидин балаларға қосымша білім беру және спортқа бейімдеу мәселелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, Астана қаласында қазір спортпен 50 мыңға жуық бала немесе олардың жалпы санының 15,9 пайызы айналысады. Соның 10,7 пайызы «Арт­спорт» платформасы арқылы тегін үйірмелерге барады. Депутат ерекше қажеттілігі бар балаларға ваучер беру мәселесін көтерді.

Қалалық мәслихаттың басқа да депутаттары мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс мәселесіне өз көз­қарасын білдіріп, қала әкімінің орынбасарына сұрақтар қойды, сауалдарына тиісті жауаптар алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button