Басты ақпаратРуханият

Жомарттың рухани әлемі

философ, көсемсөзші, жорналшы Жомарт Әбдіхалық шығармашылығының тылсымы терең

Қаламгер мақсаты дегенді қалай түсінгеніміз жөн? Көпіртіп жазды, газет-жорнал бетін бермейді, арагідік радиодан саңқылдап сөйлеп, телеарнадан келбетін көрсетіп қояды, кітаптары балалап, тізбектеліп жатыр… Сонымен, есімі еліне әжептәуір белгілі екен. Мақсат тиянағы осы ма? Ал биыл сәуірде туғанына 80 жыл толатын Жомарт Әбдіхалықтың пайымы қалай еді? «Журналистің талғамы мен ар-ожданы, биік парасаты мен патриоттық адал сезімі дес алған жерде ешқандай әпербақандық, ақша құмар ашкөздік, әділдіктің, ақиқаттың ала жібін аттау­ға себеп болмайды деп сенемін» деген еді. Бұған ­халықтық, әлеуметтік мүддені, адамгершілік дәстүрлерді бәрінен де биік қою арқылы діттеген мақсатқа жетуге ­болатынын және пысықтайды.

Мақсатсыз жанға нұр құйылар ма? Мәуелі жеміс ғайыптан, аузына үзіліп түсер ме? Мақсатына жетпеген адам бақытқа кенеле ме? Тағы Жомартқа сұраналық. «Бақытты кім?» деген сауалға данышпан Фалес: – Кімнің тәні сау, рухы сабырлы болып, бойына біткен қабілет-дарынын жетілдіре түссе, сол адам бақытты, – деп жауап беріпті. Осы ойға жүгініп, терең пайымдаған Жомарт, өз білімі мен іліміне, философиялық сарабына сүйенеді де: «осы үш өлшемге, ең азы, қосымша үш мың талап қосыла айтылғандай көрінеді маған» деп түйіндейді. Бақыт туралы әлгі айтылған үш өлшемге Жомарт үш мың талап ілістіре қояды. Саралаңыз. Бақыт тіпті де оңай жаңғақ болмай шығыпты! Бұл ретте де Жомартқа жүгінбей, сөздің әрі, ойымыздың мәні кірмес. «Белгілі бір мақсат қойған адам сол жолға сәйкес іс-қимыл жасап, талпына берсе, бағын жандыратын нәтижеге жетпеуі әсте мүмкін емес, – дейді ол ой көрігін жалындата қыздырып. – Ал алдыңа айқын мақсат қоя білу үшін қандай ақыл керек?! Мұны жеңіл-желпі талпыныспен ешуақытта аттап кете алмайсың. Демек, ақылыңа сай мақсаттар ғана тіршілік дидарын әйгілемек!» Жетелі сөз! Демек, мақсат – талпыныс бірлігінен бақыт басы қылтиятындай әсерде қаласыз…

Сонда, қалай, Жомарт бақыттылар санатына жата ма, өзі? Шүкір, денсаулығынан тәні шайлыққан жоқ. Маусымдық аллергиядан көзі жасаурап, қызарып, жазып жатқан қағазына төніп түзеліп, көк сиямен сұлу да өрнекті жазуын бипаздап түсіріп, кабинетіне тосыннан кірген бізге: «алаңдамаңыз, аллергиясы түскір ғой, соқтықпалы қинайтын, әйтпесе, жалпы басы-қарыным дін аман» деп қатар келіп қалған түшкірігі мен көз сорасына қол орамалын алма-кезек сырғыта бастаған-ды. Тапсырыс – мақаламыз бар еді, соның жайын айтқызбай-ақ, кінәлі кейіппен өзі ақтап алып жатыр. Жуырда індетіп қолға алып бітіріп, жеткізіп бермекші… Жеткізе алмады… Кенеттен қиылып кетті… Өмір жолында, ой нөпірінде, қалам шаруасында үзілді. Көркем Көкшетауға таң елеңінде жетіп алып, облыстық сессияға өзі бас боп шығарып жүрген «Арқа ажары» газетін жаймалап көрсетіп, алғы күндерге жоспар құру мақсатымен алып-ұшып келе жатқан. Көлік жылдамдығынан шыр айналған сұлу Бурабайдың ғажап көрінісіне көз тіктей бере… арғы жағы… жұтылып кетті!..

Бақытты болмаққа рух сабырлығы керектігін айтқанбыз жоғарыда. Бір ақылға жетерлік сабырлы еді-ау, сабазың. Оқып-тоқыған шағында, отбасында, жолдас-жора арасында, газетті он жыл басқарған қызметінде, небір саясатпен шарпылған қоғамдық жұмыс қимыл-әрекетінде сабырлығы сұлу бейнесін, биязы мінезін, алшаң басқан адымын жағымды түрлендіріп, ішкі буыр­қанған сезімін сыртқы байсалға жеңдіріп, «жігіттің нағыз төресі екен» дегізерлік қызығушылық пен қызғанышты түртіп оятатын сабатты да нулы жердей алабөтен жаратылыс еді-ау! Әне, өр рух, сирек мәрттік, салиқалы ізеттік тал бойынан табылатын Жомарттың құйма-қалыбы «иә, ол – бақытты болуға жаратылған пенде» деген тұжырым жасататын. …Зерендіде Елбасымен сапарлас болып, кейін оңаша қалғанымызда, Жүкең қою қарағайлы орманның аясына салынған шайханада еркін жазылып сыр бөліскен. Шаршап жүргенін, газеттің әбден титықтатқанын, кесек дүниесін жазуына мұрсат жоғын, әне-міне, төбесі көрініп тұрған алпыс жасқа шығысымен, жоғары оқу орындарының біріне оқытушылыққа ауысып алмақ ойы бер екенін қамшы салдырмай-ақ судырата жөнелген. Әңгіме ауанынан, көзіндегі мұңнан, жүзіндегі кіреукеден «көп жазуым қалып барады-ау» деген сыңайлы түңіліс сезілген-ді… Содан өзі де көп ұзамады ғой…

Грек философының әлгін­дегі бақытты әспеттеген үшінші өлшемі қандай-ды? «Бойына біткен қабілет-дарынын жетілдіре түссе, сол адам бақытты» деп түйінделгенін тағы еске сала­йықшы. Жомарттың Құдай берген қабілет-дарынында шек жоқ. Оны ой әлемімен, түйін-тиянағымен, парасат-пайымымен, терең ­теориялық білімімен, жан жүрегі сорғыштай қабылдаған бай ілімнің сала-саласының, атап айтқанда, журналистік, философия­лық иі қанған талғампаздығымен даралап, әрлі-бояулы, ұлттық нақышты ою-өрнек дәлелімен үстемелей түсіп, дәлелдеп берер едік. Оның көкірек көзі жіті еді. Өзге көрмейтінді іліп-шалатын. Астарлы көріністен айқын сыр түйе қоятын. Кешегіні қоясын ақтарып бұтарлап, бүгінгіні індете паршалап, ертеңнің болжамын дәлдікпен қолға ұстатқандай ететін, сөйтіп қастерлі де қасиетті білімпаздығын ойына текшелеп жинап, қажетті жерінде сол лағылдарын жарқ еткізіп, тамсандыратын.

Жомарттың өмірлік ықыласымен әрі ынты-шынтымен берілгені: «оқыған – біледі, тоқыған – тұтады» деген тұжырыммен суарылған. Өзінің сөзімен бейнелесек: «Таңдап, талғап оқу, құр ермек үшін емес, танымыңа демеу, тіршілігіңе жебеу болатын дүниелерді індете жүріп іздестіре оқу – ғажаптың ғажабы» деңгейіне көтеріледі екен. Сондықтан да болар оның «Жаңа кітап – беті ашылғанша, жат жұртқа жаңа келіп түскен жас келін тәріздес пе, қалай, жүзіне көз тоқтатып, дидарын тани бастағанша, үміт-тілектеріне тоят таппай дал ұрасың» деп кітапқа құштарлықтың сырын бейнелеп, дөп басып айта білуі.

Иә, ол кітапты анасындай сыйлады, әкесіндей ардақтады. Дүкен сөрелерін сағаттап сүзіп тұрып алатын. Қолтығына қызықтап қысқан бір кітап оны жер-көкке сыйғызбай үйіне дедек қаққызатын. Бас алмайды. Өзін ұмытады. Басқа әлемде, өзге тіршілікте салтанат құрғандай, құмыға түседі. Әдетте жанын сала оқитыны – ғылыми, философиялық кітаптар.

Орта мектепті ана тілінде бітірген Жомарттың білім желкені қанатын кеңге жайды. Орысшаны жетік меңгерді. Баяндамалар жасап, көпшілік алдына суырыла сөйлейтін боп қалыптасты. Қиналған. Қиындық қайтарымы жеңілдік екен, мерейленді. Бүгінгі Астананың ізашарлары – Ақмола, Целиноград қауымына ұлттық тіні дараланған тұлға боп қалыптасты, танылды, сүйсіндірді. Үш баласы орысша бітіріп, өздерінің ана тіліндегі асыл қазыналарды оқуға, өз беттерінше түсініп, пайым­дауға шорқақ болғаны жанына қаншалықты батса да, төл тілінің үстемдігі үшін күресін бір сәт те бәсеңсіткен жоқ еді…

Оның оқу қабілеті сирек құбылыстай таңдай қақтыратын. Өмірге оқу үшін келгендей, өзге дүниені тәрік ететін. Даналықтың алуан түрлі нұсқаларын теріп біліп, одан философиялық қағидаларды жүйелеп, таратуға көнтерлікпен ысылған еді. Сократ пен Диогендер… Будда мен Конфуций, Фалес, Солондар… Ежелгі Үнді, Түркия, Мысыр, араб-парсы әлемі… Бәрін-бәрін атай келіп, көз жетер тарихтан өз топырағымызға аяқ тіресек, Қорқыт баба, Майқы би, Жүсіп Баласағұн, әл-Фараби… Ақтанберді, Қазтуған… Асан қайғы мен Бұқар… Жалпы қазақтың мың бір шешені, жүз бір биі, хандары мен батырлары қалдырған ілкі мұралары – тіршіліктің нағыз даналық нұсқалары екеніне шексіз көз жеткізер еді.

Газетке басшылық жасап отырып, оның ыңыршақ айналдыратын қат-қабат қарекетінен тыныс алған сәтте оқуға осылайша сарсылып отырудан не пайда тапты екен? Сыдыртып оқи бермей қаламына да тыным бермепті ғой, жарықтық. Жазғандары және қандай! Еш әсіресіз айтсақ, қынабынан суырылған алмас кездіктей жарқ-жұрқ етеді. Кез келген шығармасын тұшынып, рахат сезіммен оқисыз. Сапырылған сөз тасқыны емес, сананы оймен сәулелендіретін пайымы келісті, терең мәнді, асқақ пафосты, өміршең дүниеге сусын қандырасыз. Мәселенки, бір кітап туралы рецензия жазды ма, ол туындыны мың кітаппен салыстыра қарағандай болып, жалқыдан жалпы пікір туындатып, мол мағлұматпен көмкеріп тастайды. Мақаланың бас-аяғы жұп-жұмыр, бір-екі бет қана. Ал одан көл-көсір білім ұрығы шашылып жатқандай еді… Сарабы қандай, түйіні қандай! Тамсандырады. Сөйтсек, бәрі миға жинаған білімінің ұшқыны екен ғой… Жазғанынан білімі көрінбесе, бәрі бекер екен-ау! Сылдыр суша ағады да кетеді.

Жазғанының салымы бар ма Жомарттың? Бар болғанда қандай! Әттең, әттең… жазылмай қалғаны қаншама! Көзі тірісінде бір ғана кітабы шығыпты. Өкінішті-ақ! «Шарболат сенім» – философия­лық-публицистикалық проза. «Бұл кітаптың атауын осылай атадым, – деп түсінік беріпті автор. – Сенім неге «шарболат» ұғымымен өрімдес болуы керек? Мен оған неліктен мән бердім?.. Сеніміңді шарболаттай шымыр, серпінді ету – ұзақ жол, үздіксіз еңбек, тынымсыз ізденіс пен талпыныстың жемісі… Адамның қай кезде неге, қалай сенгенінің ізі оның өмір жолының өн бо­йында сайрап жатуға тиіс. Оның тіршілігі қалай өткеніне және қалай өтетініне басқаша дәйек жоқ. Сенімің – күшің. Сенімің – ісің. Сенімің қандай болса – өмірің сондай. Қате, жаңсақ, жемісті-жеңісті істеріңнің бәрі таныммен, сеніммен сабақтас. Басқаша болуы мүмкін де емес». Бұған не алып-қосарсың?

Сонымен, «Шарболат сенім» қандай кітап? Оған еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде баспасөзде жарық көрген таңдаулы публицистикалық туындылары және эстетикалық-философия­лық проза жанрында жазылған жаңа еңбектері жинақталыпты. Автор бүгінгі қоғам мен адам проблемаларын тарихи жаңа мүмкіндіктер мен нақты өмір аясында қарастырады. Мына өріс ала бастаған демократиялық үрдіс, өркениеттер беттесуі, бүкіл әлемді қамтыған жаһандану нышандары өмірімізге тағы қандай тосын өзгерістер әкелмек? Біз қандай бағытты сеніммен қалап, қандай құндылықтарға табан тіреуіміз керек?

Қоғамдық өрістерде жеке адамдар берік таңдау жасап, тегеурінді әрекеттер арқылы нық сеніммен өмір сүруі үшін олар тиянақты танымға, өмірдің өркенді күштеріне арқа сүйеуге тиіс екен. Жомарт кітабының темірқазық идеясы да, автордың ең негізгі лейтмотив кредосы да осы сұрақтарға жауап іздеу. Міне, бұл кітап осынысымен де құнды.

Көрнекті қаламгердің артында қалған мұрасы – үш кітап! Бұл әзірге шығып үлгергені. Басқа қолжазбаларының тағдыры беймәлім. Ретімен айтсақ, екіншісі – «Әлем ойшылдары мұрасынан» сериясымен шыққан «Ой-қазына антологиясы. ХХ ғасыр» жинағы. Жобаның авторы Ж.Әбдіхалық бұл жинаққа әлем ойшылдарының үлкен легінің туындыларынан үзінділерді топтастырып беріпті. Сөйтіп қазақ оқырмандары тұңғыш рет ХХ ғасырдың қоғамдық, саяси-әлеуметтік, философиялық ой-қазынасына әбден ден қоя алады. Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы мен ­Ахмет Байтұрсынұлының ақыл-ой мұрасымен де кеңірек танысуға мүмкіндік мол. Және де мәдени-­рухани өміріміздегі алғашқы қадам болуымен де маңызы зор еңбек. Ғасыр қазынасы жаңа мыңжылдық бастауында тәуелсіз Қазақстанның ілгері тартқан көшін түзесуге, сөз жоқ, септігін тигізеді деген ойдамыз. Көкіректі күйініш кернейді, антологияның жобасын құрастырып, баспаға әзірлеп, оған редакторлық еткен аяулы қаламгер көз майын тауысқан бұл еңбегін көре алмай кетті… Ғапыл дүние десеңші…

Келесі кесек туындысы – «101 толғам, 1001 түйін». Философия­лық байып. Орасан ойшыл азаматтың артында қалған теңдессіз мұрасы. Өзі көрмесе де, қалың елі қазағының көз қуанышына айналып, ой-өрісін байытқан өміршең шығарма.

Енді сол телегей талғамды, терең тамырлы түйсік пен түйіндердің бірсыдырғысына көңіл аударып көріңіз: «Мөлшерсіз талғам, өлшеусіз тілек – өмірдің құты емес, қиянатына, тіпті қасіретіне алып келеді»; «Өкінішке қарай, көптеген қандастарымыз, қайсыбір отандастарымыз, шынтуайтқа келгенде, ізгілікті, асыл, асқақ сезім, шарболаттай берік сеніммен өрілген мұраттардан мақұрым»; «Әрине, шегіне жеткен қайшылықтардан әйтеуір бір апат болмай қоймайтыны ойлантады…»; «Өзінің жеке мүддесін көксегендер ұлтына әділ болады деп сену – қотанға қасқырды «паналатқанмен» бірдей»; «Фольклорлық деңгейден өзін жоғары санайтын қазақтар өзінің ұлттық тегінен әлдеқашан қол үзгендер десе болғандай…»; «Қазақта, ұят та болса айтайын, өзінде барды ұқсатпау былай, оны елемейтінін мақтан көретін де мінез бар»; «Біреуге кінә артып, мін тағудың себебі көп, ал оны ұғып, түсінудің жолы – жалғыз: тек өзіңнің кісіге деген талабың мен өлшеміңді сәл өзгертсең болды. Демек, оның тұрғысын да елеп, онымен санасуың керек»; «Өмір – күрес» деген анықтауыш шындықтың бір ғана қыры, ал өмірді көп жағдайдың бірлігі, үйлесімі, тұтастығы тұрғысынан алып көріңіз, ол ешқандай да күрес емес. Сондықтан жарасуға, табысуға, бірлікке ұмтылуға бәлендей шек, шекара қойылмауы керек. …«Өмір – күрес» деген формуланы аса абсолюттендірмеген дұрыс. Сыңаржақтық бәрібір опа бермейді».

Ауыр да болса, бір аунатып айта беретін болдық қой «өзі көрмей кеткен кітабы» деп. Иә, сондай мұрасының бірі – «Ақселеуге жаздым хат» деп аталатын эпистолярлық эссе. Жан аямас достардың – Ақселеу Сейдімбеков пен Жомарт Әбдіхалықтың 1966-1998 жылдар аралығында жазысқан хаттары бүгінде халқымыздың мол рухани қазынасы ретінде тарихта қалары кәміл. Бұл кітапқа тек Жомарттың Ақселеуге жазған хаттары ғана берілген. Өкінішке қарай, Ақселеудің жауап хаттары құрастырушылардың қолына түсе қоймаған сыңайлы. Бұл олқылықтың да орны толар. Қос әдебиетшінің жауаптасқан хаттары да жұптасқан күйі оқыр­мандар игілігіне айналар… Ал мына кітаптағы терең пайымды, толғақты пікірлер әр хаттың мазмұнын байытып, өнегелік тұжырымымен қоғам, адамзат мүддесін тұздықтай түсуімен де құнды.

Қай хатта да шындықтан, әділдіктен айнымайтын Жомарттың жазғаны көңілді дөптігімен жайландырып, ойға батырып, бейне бір көркем шығарма оқып отырғандай, сананы сан-саққа жүгіртіп, өмір атты асау теңізбен алпарыстырып қоятынын қайтерсің. Қысқасы, бей-жай қалдырмайды. Құр отбасының амандығын сұрасқан қарабайыр «сау-сәлеметтік» үстірт жазбалар емес. Мысалы: «Ақселеу! Хатыңды алысымен іле әңгімені де оқып шықтым. Жай қоңыр салқын ғана әсер берді. Екі шалыңда да даралық мінез өріліп шығатын өзек бар, бірақ әңгімеде көздеген идеяға жыға алмапсың және негізгі идея көмескі қалған» деуінде қаншалықты дос шығармашылығына деген жан ықыласы жатыр десеңізші! Көңіл жықпастық емес, батырып айтып отыр. Міне, достықтың қадір-қасиеті осындай өткірліктен де білінсе керек-ті. Ақселеудің жауабы қалай екен? Туламаған шығар…

Ақселеудің ізденісіне «май құятын» мына бір ақыл-кеңесінің де сипаты бөлек: «…сенің күй аңызын кешіктірмей қолға алуың қажет. Халықтың өзін-өзіне, одан соң өзге елге танылуы үшін ондай еңбектің құны мәңгілік өлшеусіз. Бұл тақырып – әрі көркем аңыздау әңгімеге де, әрі ғылыми-сараптау еңбекке де ие бермейтін кен қазына. Кіріс тезірек. Өзің айтқан осы мақсаттың қадір-құны өлшеусіз әрі өміршең».

Өзін үнемі қамшылай түсіп отыратын Жомарт қол жеткізгенін әсте місе тұтпайды. Шығармашылықтағы ілгерілеу, толысу, қанағатсыздық… Басын идіртетін «осал» тұстары осы: «Ақселеу дос, арман көп, алған көп, бергеніміз жоқ бұл ғұмыр тыншу беріп, тыныш ұйықтатар емес. Мазасыз халде үндесер бір өзіңсің деп айтамын да бәрін. Әйтпесе, жалпы әлсіздігіме қарамай, менде дәті беріктің де жобасы барын сен жақсы аңғарған болуға тиіссің» дегенді бекер меңзеп отырмаған болар. Өмірде тындырғаны көл-көсір болса да, аузын құр шөппен сүртіп отыр. Бұдан оның мақсат айқындығы мен мұрат биіктігі де сезіліп тұрғандай.

Жә, Жомарт хаттарынан ажырағың келмес. Өмір айнасы іспетті. Көңілге бәрін сыйғызған. Әлемге көзді ашып қарағың келеді. Жай бір тірлікті емес, адамзаттық ауыр жүкті, келелі міндетті, ертеңнің болжамын дәйектеген білім салмағын өзіңше екшегенге не жетуші еді. Оқып-тоқығаны көп екен ғой. Әсем келбетінен, ойлы көзінен, мірдің оғындай сөзінен, тіпті келісті жүріс-тұрысынан білімдарлығы байқалып тұратын тегеурінді тұлға екен, сағындырған Жомарт!

Түйсік түйіні мынадай: «Шарболат сенім», «101 толғам, 1001 түйін», «Ақселеуге жаздым хат» – осы үш таған еңбектерінің басын қосып, кереғарыс том етіп халық кәдесіне жаратса… Себебі Жомарт Әбдіхалықтың мағыналы сүрген өмірі: заман бейнесі, қоғам бедері, адам жасампаздығы – бәрі-бәрі солардың беттерінде өшпестей таңбаланған ғой!

Демек, қайран Жомарт бізбен бірге өмір сүріп жатқандай екен-ау! Жан түкпіріне лағыл-маржан қатталыпты. Соның шақпағынан шашыраған алтын сәуле ұшқыны ешбір бәсеңсімейтіндей… Әр жүректі арайландырып тұр!

 Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button