Басты ақпаратИмантаразы

Дініміздің діңгегі нық болсын!

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлы болып, төзімін шыңдайды. Кешке дейін ішіп-жеуден тыйылады. Сондай-ақ ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады» деп өсиет қалдырған. Ризығы мен шапағаты мол айда Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіповпен сұхбаттасып, Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– «Ораза – құлшылықтың төресі» дейміз. Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы. Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы, өзге айлардан артықшылығы жайлы айтып берсеңіз.

– Барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Бұл айда мұсылман баласы үшін маңызды ғибадаттар ораза ұстау, тарауық намазын оқу, пітір садақасын беру, ауызашар дастарқанын жаю болмақ. Жалпы адамда тән азығы, жан азығы деген азық болады. Яғни мұның барлығының ақысы берілуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранда «Хижр» сүресінің 9-аятында: «Шүбәсіз осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» дейді. Сондай-ақ «Бақара» сүресінде: «Сендерге дейінгі қауымға парыз етілгендей, ораза баршаңа парыз етіледі» дейді. Бұл – Алла Тағаланың бұйрығы. Алла Тағаланың әмірі талқыға түспейді, ол орындалуы керек.

Исламда басты қағидат: бес парыз бар екенін бәріміз білеміз. Олар: Алладан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екеніне куәлік беру; намаз оқу; зекет беру; ораза тұту; қажылық қылу.

Осы бес парыздың бірі – ораза тұту. Оразаның мақсаты – адамды тәрбиелеу. Адамның жан дүниесін түрлі жат қылық пен жаман әдеттен тазарту. Барлық амал Алланың разылығы үшін жасалады ғой. Бірақ ораза – өзің үшін жасалатын амал. Алла Тағала «оразаның са­уабын мен өзім берем» дейді. Бұл дегеніміз – пендені ақыреттегі бақытқа алып баратын мүмкіндігі зор амал. Ораза тек аштықпен ғана шектелмейді. Ораза тұту арқылы адам Алла­ның бар екенін, бір екенін бекем жүрекке бекітеді.

Ораза тұту адамның денсаулығына зиян келтіретін дүние емес. Уақытылы сәресіне тұрып, дұрыс тамақтанып отырса, денсаулықпен мәселе туындамайды. Әрі медицинада ашығудың пайдалы екені де айтылып жүр.

Адам баласының әрбір дене мүшесінің оразасы болады. Құлақтың оразасы – ғайбат сөздерді естуден тыйылу. Ауыз­дың оразасы – жақсы сөйлеу, зікір айту, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту. Көздің оразасы – Құран оқу. Қолдың оразасы – Құран ұстау, жақсылық жасау. Бұл амалдарды тек қасиетті Рамазан айында ғана емес, жалпы ізгілікті, тақуалықты әрқашан өзімізге серік қылуымыз керек. Ораза ұстағанға екі шаттық бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады. Ақиқатында, қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал. Ораза – Алла берген бүкіл нығмет рухани нәр алатын құлшылық. Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) оразаның сауабына жер бетіндегі барлық көл мен мұхитты, теңізді сия етіп алып, барлық өсімдік пен ағашты қалам қылып жазсаңдар да сауап мөлшерін жазуға жетпейді деп айтқан. Сондықтан қасиетті Рамазан айында осындай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.

– Биыл пітір садақа мөл­шері қанша? Пітірдің мән-маңызын айтсаңыз. Оны кімдер беруі керек?

– Жағдайы болған, тұрмыс-­тіршілігі жақсы, мұқтаждығы жоқ әрбір мұсылман пітір садақаны бергені жақсы. Пітір садақасын кейбір ғұламалар «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа елімізде 640 теңге мөлшері болып бекітілді. Орта есеппен алғанда, сол шамаға тура келеді. Пітір садақа 2 келі бидай не арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын берген абзал. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

Әрбір ақыл-есі дұрыс мұсылман адамға ораза тұту – парыз. Шариғат бойынша уақытша емес, жағдайына байланысты ораза ұстай алмайтын жандар үшін оразаның өтемін жасайтын жол бар. Ол – фидия садақасы. Егер адамның денсаулығына қауіп төнетіндей жағдай болса, дәрігерлердің рұқсаты болмаса, Алланың адамға берген аманатына, яғни денсаулығына қиянат жасауына болмайды. Сондықтан әртүрлі ауыр сыр­қат: туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі секілді сауығуынан күдер үзген, ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына фидия садақа береді. Фидия садақасы – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Дін қызметкерлерінің ұйғарымы бойынша оның мөлшері қазіргі таңда ең азы 3000 теңге мөлшері болып белгіленді. Дені сау адам фидия садақасын беріп, оразаның парызынан құтыла алмайды. Садақа бәлені жояды. Қасиетті Рамазан айында кез келген сауаптың мөлшері 700 есеге көбейеді. Сондықтан бұл айда мол сауапқа кенеліп, ізгі амалдар жасайық.

– «Рамазан – айлардың сұлтаны, жұма – күндердің сұлтаны» дейміз. Сондай-ақ Рамазан айында түндердің сұлтаны – Қадір түні бар. Қадір түнінде қандай амалдар жасау қажет?

– Мұсылман әлемінде қа­сиетті түндер мен айтулы күндер жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қа­сиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының қайнар көзі – мүбәрак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн. Рамазан айы онкүндіктерге бөлінгенін білуіміз қажет. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» деген болатын. Сондай-ақ Қадір түні жөнінде Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді» және де «Кім Қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» деген. Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүн­дігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні деп белгіленген. Биыл Қадір түні сәуір айының 5-6-сына қараған түніне дөп келіп тұр. Осы кеште барлық періште жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл түн – жасаған әрбір ізгі амал мен құлшылықтың, қайырымды істің сауабы мың еселеп жазылатын түн және оған мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның «Қадір» сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екені кеңінен айтылған. 1000 ай – бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз – бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен пара-пар деген сөз. Қасиетті Қадір түнінде үйде отырып мынадай амалдарды орындай аламыз:

* сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;

* құптан намазында тарауық намазын оқу;

* Құран, хадис кітаптарын оқу немесе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихын оқу.

* таң атқанға дейін төрт рәкағат нәпіл намазын оқу.

– Рамазан – мұсылман қауымы үшін сағына күтіп, қимай қоштасатын қадірлі әрі қасиетті ай. Осы айда елорда тұрғындарына Астана қаласының бас имамы ретінде қандай тілек білдіресіз?

– Имам, ұстаз болу – бұл үлкен аманат. Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирас боп қалған, салмағы ауыр жауапты іс. Діннің құтын қашырмай, дін мен дәстүрді сабақтастырып, исламмен гүлденген ұлттық мәдениетімізді насихаттау, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту, қарапа­йым халыққа діни нормаларды ұғынықты жеткізу – басты міндетіміз. Елордадағы барша имаммен бірлесе отырып, Алланың жәрдемімен биылғы Ислам және дәстүр құндылығы жылына орай біраз жұмыс атқарып та үлгердік. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында «Дәстүрім – қазынам» қолөнер көрмесі, ою-өрнекті кесіп үйрену, ұлттық әшекей бұйымдарын жасаудан шеберлік сағаты, «Көреген ене, ибалы келін» мешітаралық байқау, «Әжелер мектебі» жиыны ұйымдастырылды. Дертке шалдыққан балалар мен зағип жандарды зиярат ету, зағиптар кітапханасына Құран табыстау, интеллектуалды сайыстар мен дарынды балаларды қолдау шаралары жүргізілді. Қасиетті ай қарсаңында 1250 отбасыға азық-түлік себеті таратылып, «Рамазан сыйлығы» айдарымен қайырымдылық акциялары, ауызашарлар қолға алынды. Сауабы мол айда рухани-мәдени шаралар, діни-ұлттық рәсімдерді насихаттау мен семинар-сағаттар, қайырымдылық жұмыстары жалғасын таба бермек.

Құрметті мұсылман бауыр­лар, астаналықтар мен қала қонақтары! Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында шаңырақтарыңызға шаттық орнап, құт-береке дарысын. Елдің іргесі аман, ынтымағымыз берік, дініміздің діңгегі нық болсын. Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жаса­ған дұға-­тілегіміз, құлшылық-­ғибадатымыз, әрбір қайырлы амалымыз қабыл болғай!

Сұхбаттасқан

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button