Басты ақпаратМәселе

Судың қадірін де, қаупін де бағалайық

Қоян жылының қысынан қысылып шыққан қазақстандықтарды «су мол болады, егін бітік өседі» деп сипатталатын ұлу жылы қаптаған қарғын сумен қарсы алды. Елдің көп өңірін су басып, 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды ұзақ жылдан бері болмаған, көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деп сипаттады.

Мәселенің қайнары қайда?

8 сәуірдегі жағдай бойынша Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қос­танай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 тұрғын үй, 562 аула, 1822 саяжай тасқын судың астында қалса, 73 ғимарат пен 155 автожолды су басып, 80 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Әрине, биылғы апаттың аса ауырлығы болмаса, бұл жағдай елімізде жылда қайталанады. Жыл сайын тасқыннан сақтануға ел бюджетінен қыруар қаржы бөлінгенмен, одан шыққан нәтиже жоқ. Көктемде көлкіген судың ортасында қалсақ, жазда судың тапшылығын көріп тыпырлап отырамыз.

Әрине, апаттың болуына байланыс­ты кейбіреулер жергілікті әкімдікті кінәласа, жұрттың біразы Төтенше жағдайлар министрлігінің ештеңеге дайын болмайтынын алға тартады. Енді біреулер Үкіметтің тасқынға шартты түрде, қағаз жүзінде ғана дайындалғанын (Премьер-министр Олжас Бектенов 20 ақпандағы Үкімет отырысында «көктемгі тасқынға тек қағаз жүзінде дайын болған болып шығамыз» деген болатын) сынға алса, зиялы қауым өкілдері мұның түпкі себебін жемқорлық пен су саласында жүргендердің білімсіздігімен байланыстырады. Мамандардың тапшылығынан, мемлекеттің су ісіне стратегия тұрғысынан көңіл бөлмеуінен көріп жатқандар да бар.

Тасқыннан сақтану дайындығының нашарлығы мен салғырттықтан сырт, қардың мол жауғаны, жер тоңының қалыңдығы, күннің күрт жылынуы да қарғын суға қақалып, селге кетуімізге себеп болғаны рас. Бірақ бұл апаттың салдары ғана. Ал себебіне келсек:

Біріншіден, тасқыннан сақтану жұмысы қаңтар, ақпан айларында емес, жаз, күз айларында істелуі керек еді. Қыста гидромелиорация зерттеулері жүргізіліп, өрістегі жылқы түлігі қырыла бастаған кезде-ақ көктемнің қандай боларын ерте мөлшерлемей, «табиғат тосын мінез танытты» деу жауапкершіліктен жалтарудан басқа ештеңе емес. Мәселен, былтыр қыркүйекте Астанада су тасқыны қаупі бар учаскелер комиссия тексеруінен өтіп, 20 учаске бойынша аудан әкімдеріне қажетті шаралар қабылдау туралы ұсыным берілген. Соның арқасында астанаға үлкен қауіп төнген жоқ.

Екіншіден, бұл апат – атқарушы билік пен Үкіметтің, министрліктердің арасында байланыстың, бірлесе жұмыс істеп, қауіптің алдын алайық деген идея жоғының көрінісі. Керек десеңіз, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің біріне-бірі сілтеп, одан қалса, Қазгидромет уақытылы, алдын ала ескерту бермеді деп жалтаруының өзі басқару жүйемізде үлкен мәселенің барын аңғартады.

Үшіншіден, етек алған жемқорлықтың, ешқандай құзыреті жоқ әкімдердің қолында күрек, аяғында су етік жоқ болса да, «бізде бәрі жақсы, тасқынға тас-түйін дайынбыз» деп өтірік есеп беруі, яғни ауылдың ауданды, ауданның облысты, облыстың Үкіметті алдауының соңы осындай апатқа ұласты.

Төртіншіден, төтенше жағдайдың алдын алатын кемелді құрылым жоқ. Бар сенген Төтенше жағдайлар министр­лігі төтенше жағдай болған кезде ғана төбе көрсетуден аса алмайды, қауіптің алдын алуда мүлдем қауқарсыз.

Бесіншіден, суды пайдалану мен тасқыннан сақтанудың кемелденген жаңа жобасы жоқ. Су саласын зерттеу, жоспарлау жұмыстарының басында судың сырын білетін мамандар емес, галстугына қылқынған шенділер отыр. Су мамандарының өз жұмысымен айналысуына қажетті жағдай жасалмаған. Бұрын совхозға дейін барып қызмет істейтін гидротехниктер түгел тентіреп кеткен. Жерасты суларын тексеріп, жауын-шашын мөлшерін қадағалап отыратын гидрогеология мекемесі де тозғанын жақында тараған «Қазгидрогеология қайта құрылады» деген хабардан аңғаруға болады.

Алтыншыдан, 30 жыл бойы жаңадан дамба салып, тасқыннан сақтану, қарғын суды пайдалану жұмысы жүргізілмеген. Атыз-арық, тоған құрылысына көңіл бөлінбеген.

Жетіншіден, қала салғанда және елді мекендердің бас жоспарын жасағанда тасқыннан сақтану мәселесі ескерусіз қалып, су ағарларға дейін құрылыс салып, су жолдары бөгеліп қалған. Жолдың су жиналатын бөлігіне көпір салынып, құбыр­лар қойылмаған. Кеңес заманындағы кейбір жол бөліктері ойқылдап, су ағар қалдыратын дәстүр ұмытылған. Ауыл арасындағы су сыртқа ағып шығатын су ағар жоқ.

Бір мақалаға жүк болатын осы 7 себептің астарында жатқан мәселе аз емес. Бұл себептерді біз ойдан шығарып отырған жоқпыз, қарапайым халық та, мамандар да, тіпті депутаттар да ұдайы айтып келеді. Өкініштісі, мұны тыңдар құлақ жоқ. Мәселен, биыл Астанада қаңтар айында су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы басталды. Тұрғын үй секторының тұрғындары қажетті ақпаратпен қамтылып, қауіпті учаскелерде 120 рейд жүргізілді. 55 мың метрден аса арық-науа желісі, 9 мың метрден аса коллектор, 2 мың жаңбыр қабылдау құдығы тазартылды. Көп өңірде осындай жұмыс атқарылмаған.

Мамандар не дейді?

Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ, эксминистр:

Қардың қалың жауғаны, күннің жылынуы биыл ғана болған жайт емес. Әңгіме су мәселесіне назар аудармауда жатыр. Суды зерттейтін, ауа райын бақылайтын ғылыми мекемелер бар. Бірақ бізде жүйе дұрыс жұмыс істемейді, жауапты орындардың арасында нақты байланыс жоқ. Кейінгі 30 жылда су мәселесін қадағалап отырған облыстық, аудандық деңгейдегі су шаруашылығы мекемелері жабылып, су мамандары қаңғып кетті. Сондықтан Президенттің Жарлығымен жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігін күшейтіп, оның облыстық, аудандық деңгейдегі су шаруашылығы мекемелерінің рөлін күшейту керек. Астанада отырып суды бақылау «түйе үстінен сирақ үйткенмен» бірдей, су мамандарының дені ауылда болуы керек. Өйткені су сонда, канал сонда, егістік жер сонда емес пе?!

Ислам ӘБІШЕВ, Су ресурстары комитетін
ұзақ жыл басқарған маман:

Бұл апат жауапсыздықтан туындады. Апаттан құтқаратын ең маңызды нәрсежауапкершілік. Бірақ бізде немқұрайдылық пен көзалдаушылық басым. Мәселен, тасқыннан сақтануға дайындық жұмыстарын қаңтарақпанда емес, жазда жасайды. Ол дайындықты тіке аудан, облыс әкімдері жүргізуі керек еді. Қаптаған қарғын су келгенде топырақтан «дамба» салудың қажеті қанша?! Су келіп қалуы мүмкін деп алдын ала ойлану керек қой. Су ағатын жерде құбыр бар ма, көпір бар ма, су каналдары бітеліп қалған жоқ па деген мәселені қадағалау үлкен білімді, мол қаражатты қажет ететін жұмыс емес қой. Бізде маман тапшылығы да бар, бірақ мүлдем жоқ емес, ең бастысы, бар маманды ұтымды пайдаланбаймыз. Осы уақытқа дейін қаншама су апаты болса да, сол үшін жауапкершілік арқалап, сотталып кеткен басшы, жауапты тұлғаны көрдіңіз бе? Жоқ, сел, өрт басылған соң бәрі ұмыт болады. 2017 жылы мен Су ресурстары комитетінің төрағасы болып тұрған кезде Қазақстандағы елді мекендерді тасқын судан қалай қорғау керек, қарғын суды қалай пайдаланамыз, не істеу керек деген сұрақтардың бәріне жауап беріп, жоспарын жасап, мемлекеттің қаулысымен бекіткен едік. Өкінішке қарай, сол жоспар бойынша 2017 жыл мен 2018 жылдың басында біраз жұмыс істелді де, соңынан мүлдем тоқтап қалды. Неге тоқтап қалғаны белгісіз, ол неге орындалмайды деп сұраған адам да жоқ.

Нұрлан ЖӘЛЕЛҰЛЫ, су маманы:

Мен Қытайда 20 жыл су шаруашылығы саласында қызмет істеп, су жағдайын бақылау, тасқыннан сақтау жұмыстарымен айналыстым. Шетелде ең алдымен тасқыннан сақтану жұмысы ескеріледі. Мәселен, Шанхай қаласында тасқыннан сақтанудың 50 жылға, Үрімжі қаласында 30 жылға жоспары жасалған. Ал Қазақстанда 1 жылға да жоспар жоқ болып шықты. Маман жоқ дегенге сенбеймін, жұба­йым екеуміз келе салып өз мамандығымыз бойынша жұмыс істейік деп қаншама мекемеге бардық. Бәрі «бізде маман толық» деп қайтарған. Шын мәнінде, Қазақстанда маман да, мүмкіндік те жеткілікті, тек дұрыс ниет жоқ екен. Қазақстанда су жоқ деп зарлаймыз да, көктемде топан судан зардап шегеміз. Су тапшылығы бар елдер жаңбырдың әр тамшысын пайдаланып, қар жинайды. Ал біздің су өзенмен ағып, басқа елге кетеді. Яғни біз судың қадірін де, қаупін де білмейміз.

Асқар ӘБИРОВ, инженергидротехник:

Су тасқыны белгілі мерзімде қайталанып отырады. Бірақ содан дұрыс қорытынды шығармағандықтан, биылғыдай апатқа ұшырап отырмыз. Совхоз, колхоздағы гидротехниктердің орнын жойып тастаған. Бізде су маманы жоқ емес, бар, бірақ оларға жұмыс істетпейді. Мен де гидротехникпін, елімізді су басып жатыр, ал мен жұмыссыз жүрмін. 2022 жылы елімізде су кеңесі құрылды. Сол кеңес қайда? Олар не істеді екі жылдан бері?

 

 

Жекеменшік жетістірмейді

Елімізде суды жинайтын, сақтайтын, бұратын гидротехника нысанының саны 1,5 мыңнан асады. Оның 405-і – су қоймасы, 250-ге жуығы – дамба, плотина саны 460-тан асады, тоғанның 270-тейі бар, сосын 120-ға жуығы – су торабы. Соңғы тексеріс нәтижесінде гидротехника құрылысының 500-ден астамы жөндеуді қажет ететіні анықталған.

Өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкімет басшысының атына сауал жолдап, еліміздегі су нысандарының 333-і рес­публикалық меншікте, 895-і коммуналдық меншікте, 228-і жекеменшікте болса, 22-сі иесіз екенін алға тартып, «Су қоймалары – ең басты стратегиялық нысан. Еліміздегі маңызды су сақтау нысандары көпшілігінің жекешеленіп кеткені бізді қатты алаңдатады. Қаншасының тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Мемлекеттік жер кадастры базасында табиғи жолмен қалыптасқан көлдер де жер телімі ретінде беріліп кеткен. Сондықтан оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмейтін міндет» деп дабыл қаққан еді.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 27 наурызда Үкімет мүшелеріне жолдаған депутаттық сауалында: «Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпандағы дерегі бойынша елде 537 гидротехника құрылысын жөндеу қажет, оның 8-і иесіз. 200-ден астам бөгеттің құжаты жоқ және олардың қауіпсіздік деңгейі қандай екені беймәлім. Судан қорғайтын аймақтарда заңсыз құрылыстар салынғаны да әлі күнге дейін өзекті мәселе» деп ашына айтты.

Осы екі депутаттың сөзінен-ақ елі­міздегі су қоймаларының жағдайын мөлшерлей беріңіз. Әсіресе су қоймасы сынды маңызды стратегиялық нысанды жекеменшікке беру мемлекет үшін үлкен қауіп емес пе?! Жекелер ақша шығарып, өз меншігіндегі су қоймасын бекемдеп, жыл сайын күтіп отыра ма?!

Қорғанысқа төнген қауіп

Қазақстан – жері кең, жан саны аз мемлекет болғанмен, су тапшы елдің бірі. Еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл нені аңғартады? Бұл бізде су тапшылығы мен судан келетін қатердің аса үлкен екенін түсіндіреді.

Еліміздегі ірі өзендер саналатын Ертіс, Іле, Тобыл, Талас, Сырдария, Жайық өзендерінің бәрінің жоғарғы ағысына ірі дамба, су қоймалары салынған. Мәселен, Ертісті бұрған Қытай 365 бөгеуін ағытса, Қазақстанның шығыс өңірін шайып кетеді. Жайық өзеніне салынған тоспа жарылса, қазақ елі топан судың астында қалады. Бірақ содан сақтанып, мемлекеттің стратегиялық қорғанысы ретінде қарап, жасалған дайындық бар ма? Жоқ! Атырау қаласын су алып кетуі мүмкін деген қауіп те осы жайды аңғартады. Өзбек еліндегі Сардоба су қоймасы жарылғанда, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының орталығы суға кеткенін жақсы білеміз. Осыдан не қорытынды шығарып, қандай сақтық шарасы жасалды?! Сырдарияны жоғары ағыстан буып алудан қуаңшылықтың тақсіретін тартып, көктемде су көп, жазда су жоқ деп ойбайлап жүргелі қаншама жыл болды! Демек, шетелден келетін өзендердің қатері көп. Оған да мемлекеттік қорғаныс тұрғысынан мән беретін кез келді. Көршінің дамбасы елдің қайғысына айналмасын!

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button