Басты ақпаратҚала мен Сала

Апатты үйлерден – жайлы пәтерге

Астана қаласы мәслихатының бейінді комиссиясының кезекті отырысына дайындық шеңберінде елорданың бір топ депутаттары көшіруге және бұзуға жататын апатты тұрғын үйлерді аралап, тұрғын үй қорын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен жақынырақ танысты.

Халық қалаулылары, ең алдымен, Байқоңыр ауданының Брусиловский көшесіндегі №14/1, 14/2 және 14/3 үйлерге ат басын бұрды. 1960 жылы салынған екі қабатты бұл үйлердің әрқайсында 8 пәтер орналасқан. Үйлердің физикалық тозуы 65%-ды құрайды. Тұрғындар құжаттарын басқармаға өткізіп, жаңа пәтерлерін күтіп отыр.

Одан кейін депутаттар 1962 жылы салынған Кенесары көшесіндегі №58 үйдің жағдайымен танысты. 4 қабатты тозығы жеткен үйде 30 адам тұрады екен. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл үй 64% тозған. Осы үйдің байырғы тұрғыны Александра Шилованың жасы 83-те екен. Облыстық тұтынушылар одағы үй басқармасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бас бухгалтері болып 40 жыл жұмыс істеген ол бұл баспананың көз алдында тұрғызылғанын еске алды.

– Бұл үйде 1972 жылдан бері тұрып жатырмыз. Осы үйлер салынғанда жауапты мамандар көп жайды, мәселен, бастысы, канализация, жылу және  т.б. келетін соңғы үй екенін ескермеген. Соның кесірінен көп қиындықтар туындады. Үйі­міздің қасындағы жол да жылда жөнделгенімен, әлі күнге дейін сәл жаңбыр жауса айналаны су басып кетеді. Шалым 90-да. Екеуміз де осы үйді қимаймыз. Өміріміздің ең бір бақытты да мағыналы күндері өткен баспана біз үшін, әрине, ыстық. Дегенмен, тозығы жеткендіктен, жаңа үйден де үміттіміз. Тұрғын үй басқармасындағылардан әзірге еш ұсыныс болған жоқ, бірақ құжаттарымызды баяғыда-ақ өткізіп қойғанбыз, – деді Александра Шилова.

Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй басқармасының өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес апатты баспана сүрілген жағдайда жаңа пәтер үйдегі бөлме және тұратын адам санына қарамастан қазіргі тұрып жатқан үйінің нақты алаңына лайықты беріледі. Мәселен, әжей қазір 54 шаршы метр ауданды алып жатқан үш бөлмелі пәтерде тұрып жатса, жыл соңына дейін соған сәйкес жаңа пәтерге қоныс аударады.

Жалпы, мамандар бекітілген тізімге сәйкес мұнда хабарлама жазады немесе жиын өткізеді де тұрғындарға құжаттарды тапсыруды түсіндіреді. Өйткені олар ескі үй сүрілгеннен кейін қанша пәтер және сәйкесінше қандай аумақ қажет екенін жоспарлайды. Сондықтан тиісті құжаттар алдын ала  жиналады. Ал коммерциялық үй-жай тұрғын емес үй-жай ретінде есептеліп бағаланады, яғни ақшалай өтемақы берілсе, апатты тұрғын үй иелеріне тек аумағына сай шаршы метрмен өлшеніп тек қана пәтер беріледі.

Бұдан соң халық қалаулылары қаладағы ең ескі үйлердің бірі – Құтпанов көшесіндегі сонау 1948 жылы салынған №19, №21 және №23 үйлерге барды. Бұл жердегі екі қабатты үш үйдің әрқайсында 8 пәтерден барлығы 24 отбасы тұрады екен. Үйдің физикалық тозуы 65%-ды құрайды.

Депутат Асқар Смағұлов тұрғын үй қорын жаңарту жобасын іске асыру ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тұр­ғын үй-коммуналдық инфра­құрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен регламенттелетінін атап өтті.

– Тұжырымдама шарттарына сәйкес, тұрғын үй иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ кемінде бір бөлмелі пәтерде жаңа пәтерлер берілетін болады. Тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне оның құны өтеледі. Мәслихаттың кезекті отырысының алдында әріптестеріммен бірге бұзуға және қоныс аударуға жататын 7 апатты үйдің жай-күйімен таныстық. Тұрғындармен кездесіп, елорданы жаңарту бағдарламасының тетігі туралы әңгімелестік. 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту жобасы аясында  апатты үйлердің тұрғындары жыл соңына дейін жаңа пәтерлерге көшіріледі, – деді депутат.

Елордада ескірген, апатты үйлер аз емес. Депутаттар аралаған осы жеті үй де ағым­дағы жылдың соңына бұзылып, оның тұрғындары жаңа үйлерге көшіріледі.

Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, Астанадағы апатты үйлердің мәселесі – қалалық мәслихатта талқыланатын басты проблемалардың бірі.

– Елорданың тұрғын үй қорын жаңарту тетігінің кемшіліктері жақын арада бейінді комиссияның отырысында талқыланады, ал бүгін депутаттық корпус қоныс аударуға және бұзуға жататын апатты үйлерді аралады. Ең алдымен, бұзылатын үйлердің орнында әлеуметтік тұрғын үй салу әрдайым мүмкін емес екенін атап өттім, себебі Инфрақұрылым көптеген пәтерлерге арналмаған. Бұл мәселе мәслихатта талқыланатын мәселелердің бірі болады, «Елорда Даму» ЖШС салынып жатқан тұрғын үйдің сапасын, сондай-ақ  тұрғын үй қорын жаңартуға байланысты қала тұрғындарының iKomek 109 қызметіне өтініштерін қарастырамыз. 2013 жылдан бастап елордада 286 үйдің тұрғындары қоныс аударды, 4500 мыңнан астам отбасы жаңа абаттандырылған пәтерлер алды. 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту жобасы аясында 4 710 пәтерлік 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа қонысқа көшіріледі, – деді мәслихат төрағасы.

Сонымен қатар, бүгінгі күні аумақтарды қала құрылысының ықтимал игерілуін ескере отырып, олар бойынша жеке құрылыс салушылар апатты үйлердің тұрғындарын өз тараптарынан қоныстандыру арқылы бекітілген.

«Елорда Даму» ЖШС салынып жатқан тұрғын үйдің сапасын, сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңартуға байланысты қала тұрғындарының iKomek 109 қызметі өтініштерін қарас­тырады.

– Біздің міндетіміз – бұл үйлерді сүріп, тұрғындарға балама тұрғын үй беру ғана емес, біз қазір осы бос жерлерді қалай игеруге болатынын талқылайтын боламыз. Әрине, мұнда қалалықтар үшін аса қажетті саябақтар мен гүлзарларды, қоғамдық кеңістіктерді салу оп-оңай. Әйтсе де, менің ойымша, бұл жерде барлық желілер жеткізілгендіктен, сол саябақтар мен гүлзарларды, қоғамдық кеңістіктерді инженерлік желілер қарастырылмаған басқа бос жерлерде орналасса да болады. Ал тозығы жеткен ескі апатты үйлердің орны болашақта әлеуметтік тұрғын үйлерге сұранып тұрғандай. Осыған байланысты барлық мәселе алдағы кезекті мәслихат отырысында талқыланатын болады. Бағдарламаны тұтас­тай қайта қарастырамыз. Жалпы, бүгінгі таңда Астанада осындай 33 үй бар. Олардың ең жасы 1948 жылы салынған, яғни тұрғызылғанына сексен жылға жуықтаған. Олардың физикалық тозу дәрежесі 65 пайыздан басталады. Реновация бағдарламасы аясында бұл үйлер жыл сайын біртіндеп жаңғыртылып келеді, – деді Ерлан Каналимов.

Бұл мәселе – шаһар басшысының да үнемі бақылауында. Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2024 жылы апатты жағдайдағы 60 үйдің тұрғыны салынып жатқан 1400 пәтерге көшіріледі, яғни шамамен 4200 елорда тұрғыны жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі.

Бұл ретте тұрғын үй қорын жаңарту тұрғын үйді және үй орналасқан жер учаскесін реквизициялау үшін апатты тұрғын үйлерді бұзу және одан азаматтарды көшіру арқылы қаланың «ескі» кварталдарын кешенді реконструкциялау көзделіп отыр. Жоба шарттарына сәйкес тозығы жеткен үйлердің тұрғындарына бөлмелер саны мен тұрғындардың санына қарамастан, бірақ бір бөлмеден кем емес көлемдегі бөлмелі пәтер, құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес жаңа пәтерлер беріледі.

Фото- Сұлтан Сейіт

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button