Мәдениет

«Келе жатыр құс қайтып…»

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында аса көрнекті күйші-композитор, дирижер, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Келе жатыр құс қайтып» концерті өтті.

Кештің өтуіне аталмыш өнер ұжымының қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі, бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) ұйытқы болды. Концерт шымылдығы да осы оркестрдің орындауында «Алтын дән» поэмасымен ашылды. Әрі қарай «Қыз Жібек» фильміне арнайы жазылған «Көш керуен» туындысы мен «Аққу» күйі, «Жеңіс салтанаты» шығармасы, рухты көтеретін «Махамбет», «Аңсау» күйлері шарықтады.

Кешке арнайы қонақ болып композитордың қызы, майталман музыкант негізін қалаған Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық этнографиялық-фольклорлық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева қатысты. Оның дирижерлігімен қазақ оркестрі «Ата толғауы» күйін, басқа да шығармаларды орындады. Оркестрдің сүйемелдеуімен мәдениет саласының үздігі Ботагөз Тәшімова сымқобызбен «Абай табиғаты», республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Байжұманов «Әлқисса» күйлерін орындады.

Нұрғиса Тілендиев көптеген өлмес туындылар жазып қалдырды. Оның әндерін бүгінге дейін ел сүйіп тыңдап, шырқайды. Сондай шығармаларының қатарындағы «Әке туралы жыр» (Мұхтар Шаханов), композитордың жары Дариғаға арналған «Куә бол» (Тұманбай Молдағалиев), «Келе жатыр құс қайтып» (Тұманбай Молдағалиев), «Алатау» (Нұрсұлтан Әлімқұлов), «Жүрегім менің» (Тұманбай Молдаға­лиев) әндері әуеледі. Сондай-ақ «Ақ құсым» (Бәкір Тәжібаев), «Әжеме» (Мұқағали Мақатаев), «Махаббат таңы» (Тұманбай Молдағалиев) әндері орындалды. Бұл туындыларды белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова, Светлана Айтбаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Арыстанбек, Талғат Аллабиринов шырқады. Ал кеш шымылдығы барлық әншілердің орындауында «Өз елім» (Қадыр Мырза Әлі) әнімен жабылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button