Басты ақпаратРуханият

Ғылым ордасының сәулеткері

Қаныш (Ғабулғани) Имантайұлы Сәтбаев (12 сәуір, 1899 – 31 қаңтар, 1964) – қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер-геолог. Қазақстан геологтар ғылыми мектебінің негізін салушы және металлургия ғылымының негізін қалаушы. Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлы (1845-1928) Омбы қаласындағы медреседе білім алған. Анасы Әлима Исақызы (1860-1904) Қаныш Имантайұлы бес жасқа келгенде қайтыс болған. Жас Қаныш Имантайдың бәйбішесі Нұрым ­Тасболатқызының тәрбиесінде өскен. Ол сауатын ауыл молдасынан ашқан. Кейінірек Қаныш Имантайұлы 1911-1914 жылдары Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде бастауыш білімін алған. 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Онда Ж.Аймауытов пен М.Әуезов сияқты көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған.

1918 жылы семинарияны бітіргеннен кейін Семей педагогикалық курсында мұғалім, 1920-1921 жылы Баянауылда халық судьясы қызметін атқарды. 1921 жылы Баянауылға емделуге келген М.А.Усов жас Қаныш Имантайұлын қызықтырып, туған елінің қазба байлықтарын зерттеп, геолог болуға ынталандырады. Ол кейін 1921 жылы Томск қаласында Технология институтының тау-кен факультетіне оқуға түсті. 1926 жылы институтты бітірген соң Қазақ АКСР-і Халық шаруашылығы орталық кеңесінің ұйғаруымен Мәскеу қаласында «Атбасцветмет» тресінің геология бөлімін басқаруға жібереді. Бұл треске Жезқазған мыс-кен орындарын, Байқоңыр көмірін зерттеу және Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жүргізу жүктелген еді. Сондықтан, Қаныш Имантайұлы бұл істі қарқынды жүргізу мақсатында Қазақстанға қайтып оралған. 1929 жылы Қарсақбай мыс комбинатының геологиялық барлау бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай комбинаттың бас геологы болды. Осылай Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасқан. Оның көп жылдары Жезқазған жерінде өтті.

1941 жылы 18 қазанда Кеңес Одағы Ғылым академиясының қазақстандық филиалы төрағасының орынбасары Қ.И.Сәтбаев Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасыновтың атына «Соғыс уақытында эвакуацияланған академиктердің республика үкіметінің шақыртуымен Алматы қаласына келетіндігі туралы» хат жазған. Онда 20 қазан күні Алматыға академиктер А.Н.Бах, Л.С.Штерн, А.А.Борисяк, олардың ғылыми қызметкерлері Таусон мен Сенвям отбасыларымен 14 адам және Ғылым академиясы Қазақстан филиалы Төралқасының төрағасы КСРО Ғылым академиясының корреспондет-мүшесі Ф.Г.Григорьев отбасымен 4 адам болып келетіндігін хабарлаған.

Қаныш Имантайұлы 1942-1946 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарған. Соғыс жылдарында ғылым саласындағы ынтымақтастық та аса жемісті болды. Соғыстың ең басында КСРО Ғылым академиясының Орал, Батыс Сібір және Қазақстан ресурстарын қорғаныс қажеттіліктеріне жұмылдыру жөніндегі комиссия құрылды. Құрамында В.Л.Комаров, А.А.Байков, И.П.Бардин,  А.А.Скочинский, В.К.Обручев, Л.Д.Шевяков, В.Н.Образцов сияқты ірі ғалымдар енген комиссияның ғылыми ұсыныстары Қазақстанның әскери экономикасының даму негізін қалады.

Республикада соғыс жылдарында еліміздің ең ірі ғылыми күштері шоғырланды. Бурабайда академиктер В.М.Алексеев, А.Н.Бах, Л.С.Берг, С.Н.Бернштам, В.И.Вернадский, Н.Ф.Гамалея, Н.Д.Зеленский, Л.И.Мандельштам, А.С.Орлов және т.б. ғылыми-зерттеулер жүргізді. Алматыда 20-дан аса ғылыми-зерттеу институттары орналасты.

Қазақ КСР Ғылым академиясын құру барысында Мәскеу мен Ленинград және еліміздің басқа қалаларынан Қазақстанға уақытша қоныс аударған ғалымдар баға жетпес көмек көрсетті. Айталық, 1943 жылы КСРО Ғылым академия­сының Президенті В.Л.Комаров бастаған бір топ ғалым Көк­шетау­ға қоныстанды

Ғылым академиясы 1942 жылы құрған Орал, Батыс Сібір және Қазақ­станның табиғи қорларын қорғаныс ісіне пайдаланумен шұғылданатын комиссияда одақтың ірі ғалымдары И.П.Бардин, В.А.Обручев, А.А.Скочинский, И.И.Мещанинов, А.Д.Шевяков, Э.В.Брицке, И.Ф.Григорьев тәрізді ұлағатты ғалымдар жұмыс істеді. Қ.И.Сәтбаев болса, бұл міндетті республикалық жоспарлау комитетінің ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасының орынбасары қызметімен ұштастыра атқарды.

Қ.И.Сәтбаев өміріне шуақты қуаныштарды 1943 жыл әкелді. Соның ең көрнектісі – КСРО Ғылым академиясының жазда өткен кезекті сайлауы. Осы жиында геология-география бөлімшесі арқылы жасырын дауысқа түскен ғалым корреспондент-мүше болып сайланады.

Академик Ш.Шөкин өз естелігінде: «Қазақстан ғылым ордасын көтерерде Қаныш Имантайұлы 1944 жылдың екінші тоқсанынан бастап филиалды республикалық Ғылым академиясына айналдыру ісіне біржолата ден қойып, сол үшін пәрменді әзірліктер жүргізді. Алматыда уақытша тұрып жатқан белді ғалымдармен ақылдасып, солардың қоштауымен Қазақстан КП(б) Орталық комитеті мен Үкіметіне жаңадан 11 ғылыми-зерттеу институттарын ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдады» дейді.

Қазақстан Үкіметінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов: «Қаныш Имантайұлы 1942 жылы Орталық Ғылым академиясы Қазақ филиалының төрағасы болып тағайындалды. Әрі қарай мен Қаныш ісіне араласқан емеспін. Араласқаным, айтқаным, «қаражат жөнінен қам жеме, мен осы орында отырғанда ол жағынан таршылық көрмейсің» дегенім болды. Ол 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1946 жылы толық мүшесі болып сайланды. Орта Азиядан Орталық Академияға мүше болған тұңғыш ғалым – Қ.Сәтбаев. Ол өзі де соған лайықты болатын. Өте жан-жақты, білімді, парасатты, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор адам еді.

Соғыс жылдарында КСРО Ғылым академиясының президиумы Свердловскіде болғанымен, академиктердің көбі Қазақстанда – Бурабай мен Алматыда тұрақтады. Бірде арнайы сол академиктерге, ішінде В.Комаров бар, сәлем беруге бардым. Көзбен көру мен естудің арасында айырмашылықтың көп болатынын өмірдің өзі талай тосқан алдыма. Маған жеткен хабар бойынша, ғалымдардың жағдайы жақсы болатын. Жоқ, барсам, талай шаруа қордаланып, проблема көбейіп тұр екен. Бастысы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасадық. Ас-су, тұратын жерлерінің мұқтаждарын шештік. Осыны базыналай тұрып, кетерде: «Қазақстанда ғылым докторлары мен өздеріңіздей академиктердің көбеюіне көмектессеңіздер және Қазақстаннан жеке ғылым ордасын ашсақ» деп айтқан екен Сәтбаев.

Соғыс жылдарында Қ.Сәтбаев басшылығымен Академия филиалында
15 ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл жеке Ғылым академиясын ашуға басты тірек, негіз болды.

1945 жылдың қазан айында КСРО Үкіметі Қазақ КСР Ғылым академиясын құру жөнінде шешім қабылдап, қаулы шығарды. Біздің де күткеніміз сол, бар күш-қайратты жұмсап, ақырында 1946 жылдың маусым айының бірінде Ғылым академиясын аштық. Қазақ ғылымы күмістей таза болсын деп, ырымдап күміс ақшаны таған қаққанда табанына тастадым. Ашылуында сөз сөйледім. Көптен көздеген ісім бітіп, елім үшін ойлаған бір арманым орындалды…» дейді ағынан ақтарылып Нұртас Оңдасынов өз естелігінде.

Бәрі рас, Республика Үкіметінің, оның ішінде жеке Нұртас Оңдасынов­тың тапсырмасымен жеке Қазақ КСР Ғылым академиясын құруға орасан зор дайындық жұмысы жүргізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, оның төрағасы өзі, орынбасарлары: Николай Александрович Скворцов, Жұмабай Шаяхметов, Қаныш Сәтбаев бекітілді. Комиссия құрамы он сегіз адамнан тұрды. Бұл қазақ халқының ғылымы мен мәдениетінің биікке шыр­қап шыққандығын көрсететін үлкен саяси маңызы бар тарихи оқиға болды.

Дайындыққа байланысты Үкімет өткізген кеңестер мен шаралар және қаулылар Орталық мұрағаттың №1137 қорында сақтаулы және Ғылым академиясына байланысты құжаттар осы қорда жетерлік.

Қазақ КСР Ғылым академиясын құру барысында Мәскеу мен Ленинград және еліміздің басқа қалаларынан Қазақстанға уақытша қоныс аударған ғалымдар баға жетпес көмек көрсетті. Айталық, 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының Президенті В.Л.Комаров бастаған бір топ ғалым Көкшетауға қоныстанды. Мақсат – Оралдың, Батыс Сібір мен Қазақстанның қорларын соғыс мүддесіне жұмылдыру. Сол үшін КСРО Ғылым академиясының комиссиясы құрылды. Оның құрамына еліміздің аса көрнекті ғалымдары – академиктер А.А.Байбеков, И.П.Бардин, К.А.Скочинский, В.А.Обручев, Л.Д.Шевяков, В.Н.Образцов, Э.В.Брицке, Д.Н.Прянишников, В.И.Вейц және қазақстандық ғалымдардың көшін бастаған Қаныш Сәтбаев енді. Олар көмір өнеркәсібі, түсті металлургия өндірісінің қуатын арттыру жолдарын белгіледі. Осы жолы Сәтбаев өзіне жаңа достар, әріптестер тапты, өзінің ғалымдық қабілетін, ұйымдастырушылық қасиетін танытты.

Соғыстың жүріп жатқанына қарамастан 24 адам КСРО Ғылым академия­сына докторантураға жіберілді. Соғыс аяғында бөлімшеде 900 маман он бес ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істесе, олардың алтауы КСРО Ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшелері, 70 ғылым докторы мен профессор, 200 ғылым кандидаты, 350 кіші ғылыми қызметкер болды. Бұл жерде ғылымның қамын жеп, жар құлағы жастыққа тимей жүрген, Үкімет басшысының мемлекеттік дәрежеде қолдау көрсетіп, «…мен тұрғанда қаражаттан қам жеме» деген уәдесін әдемі орындаған және соны ұқсатып әкеткен, ұтқыр ұйымдас­тырушы, ғұлама ғалым Қ.Сәтбаев еңбегін ерекше атаған жөн.

Бұдан кейінгі кезекте Ғылым академиясына жаңа, жақсы шаңырақ салуды Үкімет басшысы ойлады. Арнайы, атақты архитектор А.В.Щусевті өзі шақырды, сөйлесті пікір алысты. Айтқаны, архитектурасында ұлттық нақыш пен өрнектің орын алуы болды. Ол көпке созбай, Ғылым академиясының жоспар-жобасын жасап, Н.Оңдасынов­тың алдына әкеліп қойды.

Ал Қ.Сәтбаев соғыс басталысымен, әуелі өнеркәсіпті стратегиялық шикізаттармен қамтамасыз ету үшін рес­публикада жұмыс жүргізіп жатқан барлық геологиялық мекемелерді біріктіру керектігін Үкімет алдына мәселе етіп қойды. Мұндай шешім – Жезқазған, Жезді – Қорғасын, тағы басқа Қазақстан зауыттарының үздіксіз жұмыс істеп, соғысқа керек құрал-сайман, қару-жарақтың тез арада шығуын қамтамасыз етті.

Қаныш Сәтбаев Атасудың темірін, мысын, қорғасынын, Атбасардың мысын, Торғайдың бокситін жедел барлап игеру қажеттігін, қара металлургия индустриясын көтеру керектігін ұсынды. 1941 жылы Қ.Сәтбаев – Үкімет комиссисының құрамында болып, Қазақстандағы қара металлургияның тұңғыш Теміртау комбинатын салуда алғаш айтқандардың бірі және соның құрылысына басынан аяғына дейін қатысқан ғалым.

Болатты қорыту үшін ең керекті заттың бірі – марганец. Кеңес Одағындағы марганец өндіретін жалғыз Никополь кешені жау қолында қалды. Мемлекет алдында маңызы зор проблема тұрды. Оны Қ.Сәтбаев шешті, марганецті Жездіден тапты. Бұл «Үлкен Жезқазғанның» өрлеуіне әкелді.

Нұртас Оңдасынов Үкімет басшысы қызметін атқарып жүрген уақытындағы осы оқиғаларға байланысты өз естелігінде: «Қиындық үстінде жақындасып, танысып, достасқанның қадірі айрықша болады екен. Соғыс кезінде Отанның қажеттерін өтеу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір мақсатта жұмыс істеген Кеңес Одағы Ғылым академиясы өзіміздің үйіміздей, оның Президенті Владимир Леонтьевич Комаров үлкенімізге аға, кішімізге ата болып кетті. Олар Мәскеуге қайтар кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан Үкіметінің атына ризалық алғыстарын айтып, шын сүйіспеншіліктерін білдірді».

1945 жылы 1 наурызда Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов пен КСРО Ғылым академиясының академигі В.Л.Комаров екеуі Кеңес Одағы Ғылым академия­сының қазақстандық филиалы негізінде Қазақ КСР Ғылым академиясын ашу туралы Г.М.Маленковтың атына хат жолдаған. Онда Қазақстан басқа республикалармен қатар соғысқа өзіндік үлес қосқаны және енді алдағы уақытта елдің зиялы қауымын топтас­тырып, әртүрлі салаларды дамыту үшін республикада Ғылым ордасын ашу қажеттігін атай келіп, мұнда 40-тан астам ғылым докторлары, 100-ден астам ғылым кандидаттары қызмет атқарып жүргендігін айтқан.

(Жалғасы бар)

Қанат ЕҢСЕНОВ, Мемлекет тарихы
институтының жетекші
ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button