Елорда тынысы

Ескерткіштер аумағы тазаланды

Елордада «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында ескерткіштер мен тарихи ғимараттарды және аумағын тазалау жұмыстары жүргізілді.

Академик Қаныш Сәтбаевтың биік тұғыры Астанаға сән беріп тұр. «Менің халқым менен де биік» деген сөз маңдайшасына жазылған ескерткіш маңына мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, мәдени мекеме мамандары, жас сарбаздар және волонтерлер жиналды. Мақсат – ескерткіш аумағында тазалау жұмыстарын жүргізу.

Мәдениет басқармасы ұйымдас­тыру бөлімінің басшысы Салтанат Мұқсимованың сөзінше, 15-21 сәуір аралығында «Киелі мекен» апталығы аясында тарихи орындарды тазалау және жинау жұмыстары жүргізіледі. Қ.Сәтбаев ескерткішіне 100-ге жуық адам келіп, тазалық акциясына дем берді.

– Музыкалық жас көрермендер ­театрынан 20 әріптесіммен бірге келіп, қазақ ғылымының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін жуу және маңын тазалау жұмыстарына атсалыстық. Тарихи орындарды құрметтеудің бір көрінісі таза ұстаудан көрінеді. Мұндай игілікті іске жастарды да тарту маңызды. Іс-шараға волонтерлер мен сарбаздардың қатысқаны қуантты, – деді театр директоры Асхат Маемиров.

Жастар жүрген жер энергияға толы болмай ма?! Әсіресе жас сарбаздар Сәтбаев ескерткішін бой жеткен жеріне дейін жуып, жасыл желекті тырмалап, іске серпін берді. Халық қалаулылары да тазалық жұмысына дем берді.

– Депутаттар халықпен бірге игіліктің істердің ортасында жүруі керек. Әріптестеріммен бірге «Киелі мекен» апталығына арнайы келдік. Биыл 125 жылдық мерейтойы аталып өтетін Қаныш Сәтбаев ұлттық ғылымның негізін қалап, дамуына күш салды. Қаламызда тарихи тұлғаға лайықты ескерткіштің бой көтергені – құптарлық жайт. Енді ескерткішті өз қалпында сақтау үшін тұрақты тазалау жұмыс­тарын атқарып, жастардың бойына академиктің таным-тағылымын сіңіру маңызды, – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешев.

Одан бөлек, №6 мамандандырыл­ған өрт сөндіру бекетінің аумағында ерлікпен қаза тапқан астаналық өрт сөндіруші Асқар Забикулин ескерткіші маңында қала тұрғындары тазалау жұмыстарын жүргізді.

Мәдениет басқармасының өкілі Салтанат Мұқсимова ескерткіштерді жуу және тазалауды мамандандырылған мекемелер арнайы техникамен келіп жүргізеді деді. Әзірге апталық аясында тазалау, жинау жұмыстарына мән берілуде.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button