Басты ақпаратЕл тынысы

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Зардап шеккендерге қолдау көрсетіледі

Тікұшақпен аралап көрді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары Қызылжар ауданын, Петропавл қаласының төңірегін және Сергеевка су қоймасын тікұшақпен аралап көруден басталды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған. Су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материал­дық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.

Тұрғындармен жүздесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті. Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несие­лері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі.

Мемлекет басшысы ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

«Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптас­қан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

«Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты.

«Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажетті мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды» деді Мемлекет басшысы.

Петропавл су торабына барды

Президент Солтүстік Қазақстан облысына жұмысы сапары кезінде Петропавл су торабының жұмысымен танысты. Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Әсіресе, биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Сондай-ақ ол су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді.

Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылғанын баян­дады. Оның айтуынша, әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бөгеттер салу, оларды нығайту жұмыстарын атқарған. Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалыптасқан жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жылжымалы басқару пункті жабдықталғаны жөнінде мәлімет берілді. Ол үшін әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі су тасқынына қатысты жағдайдың өзгеруіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады.

«ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин Президентке Сергеевка су қоймасы 2022 жылы көпфакторлы тексерістен өткенін және оның техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланғанын мәлімдеді. Бүгінде өңірдегі екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Апатпен күрескендерге алғыс айтты

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жатқан құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғыс айтты. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких Президентке облыстағы әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылғаны жөнінде мәлімет берді. «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылғаны туралы айтты. Штаб 2500-ден астам волонтерді үйретеді және олардың жұмысын үйлестіреді. «Севказэнерго» акционерлік қоғамының бас директоры Анатолий Казановский аталған кәсіпорынның акционерлері 100 миллион теңге бөлгенін, трансформаторлар орнату және электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізгенін айтты. «Қызылжар жолдары» ЖШС директоры Асхат Жолдаспаев компанияның су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысып жатқанын жеткізді. Осы ретте аталған мекеме бөгеттер салу және нығайту үшін арнаулы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар бөліп отыр.

Қостанайдағы ахуал тұрақталып келеді

Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына ұшып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқан аумақтарды аралап көрді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.

Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.

Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.

Қауіпті жерлерде қалуға болмайды

Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай ауданына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Қасым-­Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.

«Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету» деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

«Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім» деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті. Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақытылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті. Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.

Президент қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоя­тын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Кәсіпкерлерге жауапкершілік жүктеледі

Мемлекет басшысы Қос­танай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесті. Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблея­сының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты. Қасым-­Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.

«Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін» деді Президент.

Мемлекет басшысы су тас­қынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

«Біздің елімізде Forbes тізі­міне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button