Басты ақпаратБілім

Психологиялық кабинеттерге сұраныс бар

Суицид өткір мәселеге айналды. Әсіресе, жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсайтындар көбейді. Мәселен, 2024 жылдың 2 айында Астана қаласында кәмелетке толмағандар арасында суицидтік мінез-құлықтың 26 оқиғасы тіркелді. Оның 3-інде жасөспірім өзіне қол жұмсады. Оның түрлі себеп-салдары бар. Елордада 365 мың оқушы білім алса, оларға 100-ден аса психолог қызмет етеді. Кейінгі кездері психологтардың жетіспеушілігінен суицидтің алдын алу қиын деген пікірді естіп жүрміз. Соған байланысты өткен жылы қазан айында Астананың бес ауданында психологиялық-консультациялық көмек көрсету кабинеті ашылған-ды. Қалалық мәслихат депутаттары осы орталықтардың жұмысымен танысты.

Депутаттар Кендебай Адамбек, Асқар Смағұлов, Маулен Самамбетов, Бауыржан Қасымбергебаев және Бекзат Жолжақсынов бірінші №36 мектепте құрылған психологиялық кабинетке барды.

Елордалық әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дауешованың сөзінше, оқу-тәрбие процесін әдістемелік қамтамасыз ету, инновациялық процестерді енгізу, білім беру ұйымдары педагогтарының біліктілігін арттыру және кәсіби құзыреттілігін жетілдіру бағытында жұмыс істейміз. Соның шеңберінде өткен жылы қазан айында бес ауданда астаналықтарға тегін психологиялық-консультациялық көмек көрсететін кабинеттер құрылды. Ашылғалы психологтар 1171 жеке консультация өткізді. Оның 483-і – ата-аналар, 445-і – балалар, 243-і – педагогтар.

Депутаттар арнайы кабинетке тұрғындар қалай жазылатынын, психологиялық кеңесті ұйымдас­тырып жүргізетін уақытты, тәсілі, құралы туралы сұрады.

Тәжірибелі маман Майра Рүстемова қызмет ететін психологиялық орталықтың жұмысы жүйеленіп, келуші адамдар саны артып келеді.

Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаевтің сөзінше, бір психолог 500 жасөспіріммен жұмыс істеп, олардың көңіл-күйін, арман-мақсатын, қызығушылығын біліп, жеке-жеке жұмыс істеуі керек. Алайда астаналық психологтардың жүктемі тым ауыр. Осыны ескерген шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек тағы 200 психолог штатын қарастыруға жұмыс істеуде екен. Әкімнің жоспарлы жұмыс шешімін табатын болса, онда әр мектепте 3-4 психологтан келетін болады

– Әр аптаның дүйсенбі, сейсенбі және сәрсенбі күндері қала тұрғындарын қабылдаймыз. Сарыарқа ауданының тұрғындары онлайн және телефон арқылы жазылады. 1 наурыздан бері 67 адамға келді. Оның 34-і – ата-ана. Оларды не мазалайтынын біліп, емін-еркін әңгімелесіп, сұхбаттасамын. Сосын тығырықтан шығу жолы туралы психолгиялық кеңес беремін, – деді психолог ­М.Рүстемова.

Қазір қоғамдағы отбасылық құндылықтардың әлсіреуі, жастардың бойында адамгершілік қасиеттердің жоғалуы, тәрбиенің төмендеуі, адамдар арасындағы рухани байланысты төмендетті. Нәтижесінде депрессияға оңай түсетін балалар саны көбейді. Мұндай кезде оқушылардан бөлек, ата-аналар да психологтарға жүгінгені дұрыс.

Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаевтің сөзінше, бір психолог 500 жасөспіріммен жұмыс істеп, олардың көңіл-күйін, арман-мақсатын, қызығушылығын біліп, жеке-жеке жұмыс істеуі керек. Алайда астаналық психологтардың жүктемі тым ауыр. Осыны ескерген шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек тағы 200 психолог штатын қарастыруға жұмыс істеуде екен. Әкімнің жоспары шешімін тапса, онда әр мектепте 3-4 психологтан келетін болады.

– Уақыттың сұранысына сай психологтардың еңбегі бағалана бастады. Қазір елордада ақылы көмек көрсететін психологиялық орталықтар көбейді. Бір қабылдап, кеңес беруінің өзі – 25-30 мың теңге. Егер 1-2 айға жазылса, онда 200-400 мың теңге шығындауға тура келеді. Біздің кабинеттер психологиялық-педагогикалық мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсетеді. Әрі психологтарымыз үнемі білімін жетілдіріп отыратын тәжірибелі мамандар, – дейді Сындар Дауешова.

Екінші психологиялық кабинет Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейде орналасқан екен. Делегациямен бірге сонда бардық. Айгүл Баранбаева сүйемелдейтін кабинетке келетіндер көп екен. Ашылғалы 210 адамды қабылдапты. Оның жартысына жуығы ата-ана.

Мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев:

– Жасыратыны жоқ, суицид жағдайы жиі орын алатын болды. Оған түрлі жағдай әсер етеді. Сондықтан адамның жан дүние­сіне ашып, сырласып, рухани күйзелісінің себебін анықтап, дұрыс кеңес беретін психологтардың жұмысына сұраныс артты. Жалпы психологиялық кеңес берудің тиімділігі оны ұйымдастырудың кеңістіктегі орны мен уақытына тікелей байланысты. Қажет болса, осы бағытта депутаттармен бірлесіп көмек берейік, – деді.

Депутаттың айтқан сөзі жөн. Психологиялық кабинет адамға ыңғайлы, жайлы, қолайлы болуы шарт. Сонда ғана психологтың жұмысы нәтижелі болады.

Біз 17 жылдық тәжірибесі бар психолог Айгүл Баранбаева­ны әңгімеге тартып, психология­лық-педагогикалық кеңес берудің ерекшелігі, қалай іске асатыны туралы сұрадық.

– Психологиялық кеңес қарас­тырылатын мәселе сипатына қарай отбасылық, психологиялық-педагогикалық, қызметтік және тағы басқа болып бөлінеді. Біз жүгінуші адамды тыңдау, әңгімелесу арқылы не мазалайтынын біліп, ғылыми қорытынды шығарып, тығырықтан шығу жолдарын бірлесе қарастырып, нақты іс-әрекет істеуге кеңес береміз. Кейде бір адаммен 10 минуттан 2 сағатқа дейін сұхбат құрамыз. Тіпті бір адаммен 3-4 айға дейін пікірлес боламыз, – деді психолог.

2023 жылдың 12 айында Астана қаласында кәмелетке толмағандар арасында суицидтік әрекеттің 117 оқиғасы тіркелді. Бұл аз емес. Мұның негізгі себеп-салдары неден?

– Отбасындағы жанжал жасөспірімдердің психикасына теріс әсері көп. Достарымен жанжал салдарынан депрессия­ға түсіп жатады. Ата-аналар арасында баласына шектен тыс талап қойып жатады. Әкесі мен ұлы немесе шешесі мен қызы арасында рухани байланыс болмауынан ортақ тақырыптарда сөйлесе алмайды. Мұндай балалар өзін қоғамға керексіз сезінеді. Отбасылық дәстүр, отбасылық құндылық болмағандықтан дастарқан басында жиналып, әңгіме айтып, ортақ мақсат белгілеу жағы кемшіл болады. Мұндай отбасында тәрбиеленген балалардың психологиясы әлсіз болады, – деді Айгүл Баранбаева.

Астана қаласы депутаттарымен бірге Алматы, Есіл, Нұра ауданындағы психологиялық кабинеттерге барып, атқарылып жатқан жұмыстарды білдік. Онда Ербол Әбдіхамит, Айжамал Исабекова, Талжібек Сатымбекова, Элеонора Қошаналиева және Гүлмира Капанова жұмыс істейді.

P.S:Қазір жасөспірімдердің суицидті мінез-құлқының алдын алу маңызды міндетке айналды. Психологтармен тілдесу басында суицидті алдын алуда отбасындағы мейірімділік оң әсер ететінін, балалардың түрлі ойындар, виртуалды анимация тұтынуын шектеу керектігін түсіндік. Жалпы психологиялық кеңес беретін кабинеттерге сұраныс артқанын білдік.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button