Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана – тазалық пен тәртіптің белгісі

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экология айлығы қарқынды жүріп жатыр. Осы аптада астаналықтар «Киелі мекен» акциясы аясында ескерткіштер мен тарихи ғимараттардың аумағын тазарту және абаттандыру жұмысымен айналысуда. «Киелі мекен» тазалық акциясы басталғалы елордада 50-ге жуық ескерткіш аумағы тазартылды. Ал алдағы аптада «Жасыл аймақ» акциясы ұйымдастырылып, ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеу жұмысы жүргізіледі. Экология айлығы 11 мамырға дейін жалғасады.

Ескерткіштер тазартылды

Экология апталығына қатысушылар Ыбырай Алтынсарин мүсінінің және Абай ескерткішінің айналасын тазалады. Іс-шараға мәслихат депутаттары, мәдениет саласының қызметкерлері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экология акциясы басталды. Қоғамдық орындарды, тарихи орындарды, көшелер мен аулаларды тазарту мақсатында Ыбырай Алтынсариннің мүсінін тазалауға жиналдық. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында. Акция аяқталғанға дейін қаладағы барлық ескерткішті тазарту жоспарланып отыр» деді Біріккен мұражайлар дирекциясы директорының орынбасары Самат Тергембаев.

Тазалық акциясына қатысушы Еркебұлан Ағымбаевтың айтуынша, тазалықта тәрбиелік мән бар.

«Көктемнің келуімен қалада ауқымды экоакция басталды. Өз кезегімізде қаланы қоқыс­тан тазартып жатырмыз. Айта кетерлігі, акцияның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Әр нысанға ұқыппен қарап, тазалық танытуға шақырамыз» дейді «Наз» мемлекеттік би театры­ның директоры Еркебұлан Ағымбаев.

Абай ескерткішін кір мен қоқыстан тазарту барысында қоғам белсенділері, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қызметкерлері мен Абай мектебінің оқушылары тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, қазақ бас ақынының өлеңдері мен қара сөздерін оқыды, әндерін орындады.

ТАЗАЛЫҚ ШЕБІНДЕ –СТУДЕНТТЕР

Кеше елордада «Киелі мекен» тазалық акциясы аясында Сәкен Сейфуллин ескерткіші аумағын тазалау жұмыстары жүргізілді. Оған Сейфуллин музейі қызметкерлерімен қатар, өнер мен әдебиет өкілдері, сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушылары мен студенттері белсенді қатысты. Акцияға қатысушылар тек қана ескерткіш аумағын тазалап қана қоймай, көше бойында да жұмыс істеді.

– Қалада өтіп тұратын тазалық сенбіліктеріне университет студенттері тұрақты қатысады. Ал биылғы жалпықалалық экология айлығы ерекше сипатта өтіп жатқаны белгілі. Әр аптаның өзіндік атауы бар, яғни тазалық жұмыстары белгілі бағыт бойынша атқарылады. Осы аптада өтіп жатқан «Киелі мекен» акциясында қаламыз­дағы тарихи ғимараттар мен ескерткіштерді тазалауға және абаттандыруға арналып жатыр. Сондықтан біз Сәкен Сейфуллин ескерткішіне арнайы келіп, тазалық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Студенттеріміз мұндай іс-шараларға белсенділікпен қатысады. Мұндай жұмыстардың бір жағынан тәрбиелік маңызы бар деп ойлаймын. Елордамыздың таза болуы оның әрбір тұрғынына байланысты болатыны сөзсіз. Сондықтан барша астаналықтарды экология акциясына белсенділікпен қатысуға шықырамын, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехикалық университеті компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультеті деканының орынбасары Әсем Мұсатаева.

Жалпы кеше С.Сейфуллин атындағы Қазақ арготехникалық университетінің 5 мыңнан аса студенті экология айлығын қолдау бойынша экочеллендж ұйымдастырып, эстафетаны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттеріне жолдады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, экочелледж елордадағы 15 жоғары оқу орны студенттерін қамтымақ.

БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АЙНАЛАСЫН ТАЗАЛАДЫ

Елорданың мәдениет ұйым­дары қызметкерлері мен «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері Сарыарқа даңғылында орналасқан Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне және айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, экоакция – өскелең ұрпақтың бойына жақындарына деген қамқорлық, құрмет сезімін қалыптастырудың үлгісі. Барлығы 50-ден астам жас сарбаз белсенділікпен жұмыс істеді.
«Біз бұл акцияны қаламыздың барша тұрғындарына үндеу ретінде өткізіп жатырмыз. Біз жастарды, еріктілерді және барлық мүдделі адамдарды Астанамыздың аулалары мен көшелерін қоқыстан тазартуға және экология жағдайын жақсартуға шақырамыз. Жұмыс әлі де жалғасады, әр апта белгілі бір тақырыпқа арналады» дейді Асхат Налшыбек.

СЕНБІЛІКТІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ЗОР

Оқушылар сарайы алдындағы әл-Фараби ескерткіші аумағында тазалық акциясы өтті. Іс-шараға оқушылар мен «Жастар» сарайы, музей қызметкерлері қатысты.

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экология акциясы жалғасуда. Бұл апта сенбілікке қатысушылар үшін «Киелі мекен» ұранымен өтіп жатыр. Сенбілікке шыққан қала тұрғындары тарих және мәдениет ескерткіштерінің айналасын қоқыстан тазартып, оларды күтіп-баптауға және қорғауға қатысты насихат жұмысын қатар жүргізуде.
Самат Тергембаев, Астана қаласы Бірлескен мұражайлар дирекциясы басшысының орынбасары тазалық акциясы жайында ойымен бөлісті.
«Науқан кезінде қала бойынша есепте тұрған тарих және мәдениет ескерткіштерін түгелге жуық қамтып, айналасын абаттандырып, жөндеуге кірісіп кеттік. Тек тазалау жұмыстарын ғана емес, әрбір қасиетті мекеннің мағынасын, не үшін орнатылғаны, соған байланысты қалалық мұражайлардан экскурсовод-гид келіп, жиналған қауымға түсіндіру-тәлім жұмыс­тарын жүргізеді. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер тарапынан вандализм оқиғалары кездесіп жатады. Ескерткіштерді бүлдіру, оның тұғырына шығып, скейтборд, велосипедпен сырғанап, ойын алаңына айналдырып жатады. Оның дұрыс еместігін айтып, ескерткіштерге келтіретін зиянның ауқымын түсіндіреміз. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының алдында орналасқан ғұлама ескерткішінің айналасына 100-ге тарта ерікті келіп, еңбектің жаңа мәдениетінің үлгісін көрсетті. Жалпы бұл сенбіліктің жастар үшін тәрбиелік мәні зор» деп атап өтті С.Тергембаев.

Ғалым Қожабеков,
Айгүл Уайс,
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button