Ел тынысы

Бәйтеректе «гендер пати» өткізудің құны қанша?

Астанадағы Бәйтерек монументінде баланың жынысын анықтау үшін ұйымдастырылатын көңілді рәсім «гендер пати» өтіп жүр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұған дейін әлеуметтік желіде жұптардың «гендер кешінен» бірнеше видео жүктелген.

Azattyq Ruhy тілшісі «Бәйтерек» әкімшілігіне ресми хат жолдап, рәсімнің бағасы мен оны өткізу талаптары туралы сұрап көрді.

Gender reveal party – баланың жынысын анықтау үшін жасалатын кішігірім той. Қазақ салтындағы «құрсақ шашу» дәстүрінің жаңартылған түрі деуге келеді. Болашақ ата-ана дәрігерден баланың жынысын қағазға жазып, мерекелік шараны өткізетін жақындарына, достарына беруін өтінеді. Осылайша өздеріне тосын сый жасайды. Қызыл түс – қызды, көк түс – ұлды болатындарын білдіреді.

Бәйтерек монументінда ана құрсағында жатқан сәбидің жынысын білу үшін, қыз болса – қызыл, ұл болса – көк түсті жарқырату құны 30 минутқа – 70 мың теңге тұрады. Ал, неке қию рәсімін өткізудің құны – 45 мың теңге.

«Astana Venue Management» ЖШС Бас директоры Мәлік Хасеновтың айтуынша, жарты жылда 3 рет «гендер пати» өткен. Бәйтерек монументінде «гендер кешінен» басқа да арнайы жарықтандыруды қажет ететін іс-шаралар өтеді екен.

«Іс-шараны кешкі уақытта өткізуге болады. Ұйымдастырушы мен орындаушы алдын ала сұрақтарын талқылап, қажетті түсті және уақытты таңдайды. Сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және монумент аумағын бүлдіруі ықтимал материалдарды қолдануға, мәселен, сырлы бояу, конфетти, фейерверк және басқаларына рұқсат етілмейді. Монументтің 3-қабатында неке қию рәсімін өткізуге, фото және бейнетүсірілім жүргізуге арналған орындар бар», – деді ол.

«Astana Venue Management» ЖШС – Бейбітшілік және келісім сарайы, Бәйтерек монументі сияқты Астана қаласының ең ірі мәдени нысандарын басқарушы біртұтас компания. Ол елорда әкімдігінің 100% қатысуымен құрылған.

«Астана қаласының коммуналдық мүлкін «Astana Venue Management» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға беру туралы» Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес Бәйтерек монументін сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімшарты жасалған. Келісімшартқа сәйкес, серіктестік Бәйтерек монументінде қызметтерді бекітілген баға прейскуранты бойынша ақылы негізде көрсетеді», – деді Мәлік Хасенов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button