Басты ақпаратҚоғам

Тасқын қаупі сейілген жоқ

Елімізде су тасқынының қаупі әлі сейілген жоқ. Қазірдің өзінде 5 облыс топан су басатын аумақта қалып отыр. Ақпанда жауған жауын­нан 2 метр қары мен мұзы қоса қатқан Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында қар көбесі әлі сөгілген жоқ. Өзендердің көпшілігі арнасына толды. Демек, қауіп-қатерден алдын ала сақтанып, жедел қарекетке көшу керек.

Топан судың аумағында қанша өңір бар?

Үкіметтегі бітпейтін көп жиынның бірінде Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов су басатын аумақта 5 облыс қалды деген ақпарат келтірді.

«Су тасқынының жағдайы тұрақты – күрделі. Батыс аймақтарда су аздап төмендеді, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде, керісінше, өзендер деңгейінің қарқынды жоғарылауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыс қалып отыр, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды» деді ол.

Алайда Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында жағдай әлі күрделі. Мысалы, Қарағанды облысының Шет ауданындағы Қайрақты ауылының тұрғындары Үкіметтен ешқандай көмек болмағанына шағымданып, Үкімет басшысына, аудан және ауыл әкіміне бейнежолдау жіберіпті. Үйіне су кірген, жас балалары сырқаттанған қайрақтылықтар бүрсең қағып далада жүр. Халімізді ешкім сұрамайды. Не істерімізді білмейміз. Қонатын жер жоқ. Бұл Үкімет бізге қашан көмектеседі?! 2015 жылы су тасыған кезде дәл осылай алдап тастап кеткен. Құлап жатқан үйлеріміз бар, кеткен малымыз бар, қорамыз бар. Соны біздің әкімдік тексеріп, қашан өтеп береді? Алдап кетіп жатыр. Қағаз жүзінде оны ешкім келіп тіркеп жатқан жоқ. Бұл – халықтың жанайқайы» дейді олар. Мемлекет басшысының: «Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі» деген сөзіне құлақ аспаған шен-шекпенділер де бар. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің: «Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен және басқа да күштік құрылымдармен бірлесіп, су басқан елді мекендерде авариялық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдардың жеткілікті көлемін қамтамасыз етсін» дегені әл-әзір сөз жүзінде қалғаны ма?!

Олжас Бектенов Үкімет­тегі жиында тасқынға орай ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық ұлан қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғысын білдірді.

«1,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Баспаналар қирап, жолдар бұзылды. Бірқатар өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Көріп отырғанымыздай, өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады. Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз. Мемлекет басшысы кешегі кеңес барысында тасқын қаупі азайды деуге болмайтынын атап өтті. Алдағы күндері болжам бойынша ауа райы айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Демек, еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек» деді ол.

Бұған Үкімет пен әкімдер қаншалықты дайын болатынын уақыт көрсетер.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button