Басты ақпаратҚала мен Сала

Цифрланған Астана

Елордадағы интернет-байланыс сапасы, 2024 жылға арналған ІТ-жобалар және «Сергек» жүйесінің жүзеге асу деңгейі қандай? Бұл туралы Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік АХМЕТОВ айтып берді.

Ұялы байланыс және интернет

Спикер алдымен елордада интернет-байланыс сапасын арттыру бойынша жүріп жатқан жұмыстарға тоқталды. Басқарма ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі Телекоммуникация комитетімен бірге байланыс сапасының төмендігі байқалған 67 нүктені анықтады. Бұл жерлерде байланыс мүлдем жоқ немесе талаптарға сай келмейді. Берік Ахметовтің айтуынша, аталған локация­лар бойынша былтырдан бері жұмыстар жүргізіліп, 60 тұрғын үй кешеніндегі мәселелер шешілді. Қалған 7 тұрғын үй кешеніндегі байланыс сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Tele2 ұялы байланыс операторы арқылы 155 жерде 5G технологиясы енгізілді.

Қала әкімдігі ұялы байланыс операторларының базалық стансаларына арналған антенна-діңгек құрылымының құрылысына 24 жер телімін бөлді. 20 жерде тіреулер салынып, соның ішінде 10 жерде жабдықтар қойылды, қазір оны электр көзіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыс биыл жыл соңына дейін аяқталады. Дәл қазіргі сәтте жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға 7 тұрғын алапта қолжетімділік бар, сонымен бірге 5 тұрғын алапта, яғни Өндіріс, Казгородок, Кирпичный, Мичурин және Күйгенжарда үйлерді сондай интернетке биыл ІІ тоқсанда қосу жоспарлануда. Былтыр 6 мыңнан астам жеке үй интернетке қосылса, биыл тағы 6 мың жер үйді қосу көзделуде. Интернеттің орташа жылдамдығы – 100 Мб/с. Одан бөлек, интернет-провайдермен бірге шыны-талшықты желі байланысын жүргізу үшін 2,68 млрд теңгеге инвестиция тартылды.

Қауіпсіз қала қандай болады?

Қалада азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнекамера санын жылдан-жылға арттыруға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, 2017-2020 жылдар аралығында қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде барлығы 10 мың «Сергек» камерасы орнатылып, 3 мыңы бір торапқа бірікті. Барлық камера Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. 2022 жылы қосымша 230 жалпы бейнебақылау камерасы, ал былтыр жасанды интеллектіні қолдана отырып тағы қосымша 1000 камера орнатылған.

Биыл 13 мамырда «Сергек» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының мерзімі бітеді. Бейнебақылау жүйесін одан әрі дамыту үшін алдағы 5 жылға тағы жаңа жоба әзірленуде.

– Адамдар көп шоғырланатын нысандарда қауіпсіздікті күшейту мақсатында қолданыстағы 2000 камераны жеке балабақшалар мен мектептер, колледждер және сауда-ойын-­сауық орталықтарына біріктіру көзделуде. Сонымен қатар қала көркін бұзбау үшін барлық скоростомердің коммутациялық шкафтарын жаңғыртып, жарық беру бағаналарына кішірейтілген нұсқаларын орнату жоспарланған, – дейді спикер.

«IKOMEK109» ЖӘНЕ QALAQYZMET НЕ ҰСЫНАДЫ?

iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы – барлық коммуналдық кәсіпорынның call-орталықтарын біріктіреді және қала тұрғындарымен 24/7 режимінде байланыс орнатудың бірыңғай нүктесі. Орталықтың каталогында 2500 қызмет түрі бар, оның бәріне оператор бірінші қоңырауда-ақ жауап береді. Ашылған сәттен бастап iKomek109 орталығында тұрғындардан түскен 12 млн қоңырауға жауап беріліп, сол бойынша жұмыс жүргізілген. iKomek өрескел оқиғаларды анықтау үшін қаладағы бейнебақылау жүйесін қолданады және Полиция департаментімен тығыз байланыста жұмыс істейді, соның арқасында былтыр 18 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 20 қылмыстық істің ашылуына қолдау көрсетілген.

Qalaqyzmet қала қызметтері цифрлық орталығы – «бір терезе» қағидаты бойынша коммуналдық қызметтер және тұрғындар арасындағы өзара іс-қимылдың бірегей қалалық хабы. Орталық 153 түрлі қыз­метті портал, фронт-кеңселерде тікелей консультация беру және смс-сауалнама жүргізу арқылы көрсетеді. Жұмыс басталғалы мұнда халыққа 650 мың қызмет көрсетілген.

Цифрлық сервистер сапалы ма?

Астана қаласы әкімдігі құ­рылымдық бөлімшелерінің процестерін автоматтандыру бойынша жүргізілетін жұмыстар аясында 2023 жылы қала әкімдігінің 911 қызметі анықталды. Жыл бойына білім беру, инвестиция, туризм, спорт, жер қатынастары және әлеуметтік қорғау саласында 100 процесс автоматтандырылды. Бұл цифрландырылған қызметтер санын 20 пайызға арттырды. Қала әкімдігіндегі цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 164-ке жетті. Алдағы бірнеше жылда автоматтандырылған процестер санын жылына 150-ге көбейту көзделіп отыр.

Одан басқа, Smart Astana мобильді қосымшасында 70-тен астам сервис жұмыс істейді, оны жүктеп алған азаматтар саны 300 мыңнан асты. Қосымшаны айына белсенді қолданушылар саны – 8-10 мың адам. Былтыр қауіпсіздік, туризм, белсенділік және «Есірткіге жоқ де», көңіл көтеру орындары, велосипедтер тіркеу, антикор және басқа да қалалық сервистер бағытында 10 жаңа сервис іске қосылды. Осы жылы әлеуметтік бағытта, автокөлік жүргізушілері, қалалық қызметтер, сонымен қатар қолданушыларды тартуға арналған сервистерді дамыту жоспарлануда.

Astana.kz бірыңғай қала порталы тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға, тұрақты дамуға ықпал етіп, қала өміріндегі барлық тараптың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Көпфункционалды және инновациялық тұғырнама бизнес өкілдері мен тұрғындар үшін қаладағы қызметтерді ұсынуда тиімділікті, қолжетімділікті арттыруды көздейді. Онлайн-өтінім беру, мобильді қосымша, ашық деректерді қолдану сынды заманауи технологияларды кіріктіру арқылы портал қала инфрақұрылымын басқарудағы мықты құралға айналмақ.

 Ақпарат қауіпсіздігі қалай сақталады?

Қаладағы ақпарат қауіпсіз­дігі жедел орталығында кибер­қауіпсіздік мәселелері мен қолданыстағы қызметтердің осал тұстарына төнер қатерді алдын ала анықтау жұмыстары жүргізіледі. Ақпарат-коммуникация инфрақұрылымы нысандары, яғни 10 стратегиялық нысан осы орталыққа қосылған. Былтыр орталық қызметі арқылы 3 млн-ға жуық инцидент анықталды. Орталық 160 мыңнан астам DoS-шабуылдың алдын алды. Тоқсан сайын осал тұстарды қорғау мәселесіне талдау жасалады. Ал оқиғалар бойынша мониторинг тәулік бойы жүреді.

Денсаулық сақтау ситуация орталығы – нақты уақыт режимінде денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы туралы ақпарат беретін, күрделі және қиын жағдайларды хабарлайтын бағдарлама кешені. Визуалды құралдардың үш деңгейлі ұйымы нақты бір мерзімдегі қаланың денсаулық сақтау жүйесі жұмысына мониторинг жүргізіп, қажетті талдау ақпаратын жіктеп көрсетуге ықпал етеді.

2023 жылы қаланың инновациялық экожүйесін дамытуға бағытталған 7 іс-шара өтті. Мақсат – отандық ІТ-бизнесті қолдау және дамыту, сонымен қатар ІТ мамандар санын көбейту үшін жастардың қызығушылығын арттыру. Жыл сайын оқушылар мен студенттердің ғылым, технология, инженерия және математика ғылымына ынтасын күшейту мақсатында STEM-олимпиадасы ұйымдастырылады. Бұл болашақта ІТ мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.

– Басқарма қаламыздың инновациялық экожүйесін құру және дамытуға белсенді атсалысады, биыл елорданың AI жасанды интеллект орталығын, ІТ-кәсіпкерлікті дамыту, digital bridge, STEM- олимпиадасы секілді форумдар мен түрлі іс-шараны өткізу көзделуде, – дейді Б.Ахметов.

 IT-жобалар және биылға жоспар

Биыл қалада коммуналдық қызметтерді, денсаулық сақтау саласындағы ситуация орталықтарын цифрландыру, жергілікті мазмұн үлесі бо­йынша сервис жасау, ақпарат жүйелері мен astana.kz сандық порталын техникалық тексеру, шақырту комиссиясын цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың әрқайсысы қала тұрғындары үшін тиімді әрі қолайлы қызметтер көрсетуге бағытталған.

– 2024 жылы екі кәсіп­орын – Elorda Eco System және «Астана-­РЭК» мекемелерін цифрландыруды көздеп отыр­мыз. Бұл кәсіпорындарға цифрлық шешімдерді енгізу өндірілген өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге, материал­дық қор көлемін 24 пайыз азайтуға, қызметтер көлемін орындауды 36 пайыз арттыруға, өндірістегі еңбек өнімін 33 пайызға өсіруге, операциялық және әкімшілік шығындарды 17 пайыз кемітіп, табысты 14 пайыз ұлғайтуға септік етеді, – деді ол.

Спикер тарапынан әскери-­дәрігерлік комиссияға арналған ақпарат жүйесінің жұмысы да таныстырылды. Шұғыл әскери қызметке шақырылатын азаматтарға медициналық куәлік беру процесін оңтайландыру және автоматтандыру ұсынылды. Бұл ақпарат жүйесін енгізу әскерге шақырылғандарды медициналық тексеруден өткізу уақытын қысқартып, қағазсыз айналымды күшейтуге, олардың қағаздарын сақтауға арналған шығындарды азайтуға септік етеді.

Сонымен қатар спикер Астана қаласы әкімдігінің ақпарат жүйелеріне техникалық тексеру жүргізу жайына да тоқталды. «Техникалық тексеру жүргізу» жобасы аясында ақпарат инфра­құрылымы ресурстарын қолдану тиімділігі артады. Ақпарат технологиялары заң мен халықаралық стандарттар талабына сәйкестендіріледі, қауіпсіздігі артады. Нәтижесінде осындай ақпарат технологияларын басқару процесі оңтайланады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button