ӘлеуметБасты ақпарат

Сынақтан сүрінбегендер күшейе түседі

Астана қаласының практикалық психологтар қауым­дастығының президенті, Қазақстан Респуб­ликасы Спорт психологтары қауымдастығының вице-президенті, іскерлік әкімшілендіру докторы, Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ «ХХІ ғасыр – психология  ғасыры» деген ұғыммен толықтай келісіп, бұл ғасырда адамның психологиялық жарасымы деңгейі техникалық прогресс жетістіктерінің көрсеткішімен бағаланбайтынын ­айтты.  

– ХІХ  ғасыр – физика, жаратылыстану ғылымдарының, ХХ ғасыр – техника мен технология ғасыры десе жаңа ғасырды психология ғасыры деп атаудың мәні бар. Психиатр­лардың айтуы бойынша, соңғы 15-20 жылдың ішінде адамдардың бойындағы психикалық ауытқушылықтар он есеге көбейіп кеткен. Аутизм, гипершапшаң немесе баяу дамыған, бойында кемшілігі бар сәбилер дүниеге көптеп келіп жатыр. Халықтың ерекше тобымен тығыз жұмыс істеген соң, көріп-біліп жүрдім, осыдан он жылдай бұрын «неге бұл туралы қоғамда мәселе көтерілмейді?» деп ойлайтынмын. Әлі де айтылып жатқаны аз. Сондағы балалар қазір өсіп жетілді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын беделді бір жиында алматылық психиатрлар психикалық ауытқушылық белгілері бар студент жастар саны он есеге көбейді деп жариялады.

Бірақ мұның себебін анықтап, мониторинг жүргізіп, зерттеп жатқандарды көрмедім. Меніңше, оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Оның бастысы «стресс» күйзеліс ошақтары көбейді дейміз. Оның қатерлісі – көбіміз елемейтін ақпараттық стресс. Қазір бәрі телефонға таңулы. Адам өзін ақпарат додасына тас­тап, үнемі ақпарат кеңістігінің ортасында өзіне қатысты болсын, болмасын әрекеттесіп, жауап беруге, эмоциясын білдіруге мәжбүр. Миға да, жүрекке де ауыр салмақ. Кез келген стресс сияқты, мұндай жағдай жүйкені бұзады, аз қозғалып, эмоцияны тамақпен басып жұбатамыз. Адам ағзасы физикалық, психикалық жағынан да өзгеріске түсуде.

Қалың депрессиядан жылдап шыға алмайтындар көбейді. Кезінде мынадай мәлімет оқып едім. Тоқсаныншы жылдары елімізде жаппай жоқшылық, қайта құрулар, инфляция сияқты адам түсінбейтін жайттар болып жатқанда дамыған еуропалық елдердің ер-азаматтарының 40 пайызы депрессияда екен. Бейтаныс терминді енді айта бастаған біздің кеңестік кеңістікке бұл кесел 25 жылдан кейін ғана келеді деген болжамдар болған. Сол кездері, расында да, депрессия байқалмады. Қазір бәрі бар, дүкеннің сөрелері толық, жаппай жұмыссыздық жайлады дей алмаймыз, бірақ депрессия екінің бірінде болмаса да  жеткілікті.

– Мұндай қажеттілікке байланысты психологтар армиясы да пайда болған шығар?

– Менің осы салада отыз жылдық тәжірибем бар. Бұрын психологтар аз болды, халық оларды аса қажетсінбеді. Қазір психологтарды іздейді, оларға көбірек сенеді. Жақсы психологтардың жұмыссыз отырғаны жоқ. Саны жетерліктей, бірақ сапасы төменірек. Оларды еліміздегі жоғары оқу орындары дайындайды. Бірінде таза психологтарды оқытса, көбінде педагог-психолог мамандарын дайындап жатыр. Жартылай – педагог, жартылай – психолог. Не психолог емес, не педагог емес. Мектепке керек десек те педагог пен психологтың айыр­машылығы жер мен көктей. Педагог адамға баға береді, олай етпе, былай жасама деп «мораль» айтады. Ал нағыз психолог «адвокат» секілді. Адамды әрекеті үшін айыптамайды. Кейбір адамдарда тұлғалық екіұдайлық болады. Үнемі өзімен арпалысып жүреді.  Айналасында болып жатқан нәрселерге өзін кінәлі сезінеді. Мұндайда ол адамды өзінен қорғау керек. Оның жанын түсініп, оңалтушы. Екі бөлек кәсіпке қатар баулыған маманның өзі екі ойлы болуы мүмкін. Әрине, барлық жақсы мамандарды бір орталықтарға жинап, бір жерде үлкен ұлттық мектеп құрып даярласа жақсы болар еді. Көптеп ашылған оқу орындарында толыққанды білім беретін кадрлар тапшылығы бар.

– Осы саланың тағы да көңіл бөлінбей келе жатқан қандай кемшіліктері бар? Психология ұлтына қарай ерекшелене ме?

– Дұрыс айтасыз, бізде этнопсихологияны дамыту керек. Өзіміздің қазақи психология­ны әлі ешкім дұрыс зерттеп, мән берген жоқ. Ол еуропалық немесе басқа өркениеттік психологиядан өзгеше. Оны оқытуға қазақы ортада қазақы тәрбие көрген, қазақ дәстүрлерін білетін, қазақтың жанын түсінетін мамандарды тарту керек. Қазақты тану ғылымы керек. Бізде бұл салада ашылмаған жаңалықтар көп, бәрі алда деп ойлаймын. Тарихшылар, архео­логтар, мәдениеттанушылар, тағы басқа ғылымдар өз жұмысын жасау­да, ұлт тарихына қатысты дүниелер ашып жатыр. Ал адамы қайда? Марқұм демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің бір сөзі есімде қалыпты. «Қазақ әлі жас халық, салыстырмалы түрде алғанда, орыстар 45-50-де болса, қытай 60-70-ке жетіп қалған, біздер 18-20-дағы жас жігіттейміз» деді. Бұған келісуге болмайды. Қазақ қазақ болғалы 500 жыл деп айта бастадық. Одан әрі де алып қарайық.
ХV ғасыр бұрынғы 15 мың жыл бұрын бес жүз жылға шегінсек, қазіргі Америка болмаған, мың жылға шегінсек, Ресей түгілі, орыстар болмаған деп айтуға болады. Тағы екі-үш ғасырға шегінсек, тағы бір елдер болмайды. Ол кезде түркілер болған дей аламыз. Мұны неліктен айтып отырмыз? Жаспыз деген сөз мен үшін құлаққа түрпідей естіліп, ұлтымыз өсіп-жетілмеген жеткіншектей көрінеді. Өкінішке қарай, бұл стереотип қазақтың санасында да тұр.

Ғылымда «этнопсихология», «идентификация» деген термин бар. Адам тұрғысында айтқанда, дүниеге келгеннен бірнеше даму кезеңінен өтеді. Идентификация 15-16 жасқа дейін жүреді. Осы тұста мен кіммін деген мәңгілік сұрақ мазалап, жауабын  іздей  бастайды. Жеткіншектер үлкендерге қарағанда айнаның тұсынан өтіп бара жатып кідіріп қалады, ешкім жоқта ұрланып, айнаның алдынан шықпайтындары да бар. Бұл адам дамуындағы маңызды кезең, өзін-өзі тану, қоғамға қандай келбетпен келіп, ортада қалай сезінемін деген ойлар осы кезде қалыптасады.

Дәл сондай процесс халық ретінде бірегейлік, өзін-өзі тану үдерісінен өту керек. Ұлттың өлшемінде алсақ, әлеуеті жеткілікті. Бірақ «қазақпын» деген жаратылысын тереңінен танып, біргейліктен өтіп сезінбеген.

Кезінде мен де айттым, «орыс болғанда өмірім жеңілдеу болатын еді» деп. Бірақ одан орыс болмайтынымды тез түйсіндім. Қалың орыстың ортасында білім алғанда өзімнің қазақ екенімді түсініп, «көп нәрсені қазақтардан үйрену керек», «дала психологиясы», «дала демократиясы» дегенді мойындаған ұстаздар тәлім берді. Бір психологиялық мәселені шешкенде барлық еуропалық халықтарды екшеп келіп, қазақтарда солай жасайды, дүниені былайша қабылдайды деп атап өтетін. Және оны мәселенің дұрыс шешімі деп айтатын. Халқымызда өте көп жақсы қасиеттер бар, оны өзіміз бағаламай,  өмір сүрудің тірегіне айналдыра алмай жүрміз. Біздің өзімізден жиренудің, ажыраудың, өз құндылықтарымыздан бас тартуымыздың басты қасіреті халықтың бүгінгі тыныс-тірлігінде, мінез-құлқында көрініс тапты. Бір өркениеттің, бір мәдениеттің нәріне қанып, ұлттық діңгегіне байланбаған соң, бағдарымыздан жаңылып, дұрыс таңдау жасай алмай жүреміз. Өзінің асыл тегін білген адам, адамдармен ара қатынасында мыңжылдықтарда қалыптасқан тәжірибені қолданғанда, жаңа сапамен жаңғырып, оны-мұны күйзелісті елемейтіндей қауқары бойында болады.

– Ал енді жаңағы айна алдындағы жеткіншектің өмірде жолы болуы үшін не істеуі керек?

– Жастардың алдында көп шығамын, кездесулер өткіземін. Мектеп бітіретін түлектерге, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрғанда екі нәрседен  қателеспеңдер деп жиі айтамын. Біріншісі – мамандық таңдау, қандай кәсіппен айналысқың келеді, қандай талантың бар, нендей кәсіп жүрегіңе жақын? Өкінішке қарай, 50-60 пайызы мамандық таңдаудан қателесіп жатады. Бізде ресми дерек бойынша оқу бітіріп, диплом алғандардың 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Оның 40 пайызы ғана кәсібіне қатысты жұмысқа кіріседі. Екі жылда олардың жартысы қашып кетеді дейді. Сондықтан «коэффициент полезного действия» – 20 пайыз.  Бір нәрсеге 100 теңге салыңыз, оның 20 пайызы ғана сізге қайтады. Демек, жастардың оқуына құйылған ақша желге ұшып жатыр деген сөз.

Екіншісі – өмірлік серіктерін жазбай табу. Қандай жанмен шаңырақ құрып, кімнен бала туып, кіммен бірге қартаюды таңдауда қателесуге болмайды деймін. Жастар бұдан да қателеседі. Отау құрғандардың 50 пайызының ажырасуы – соның дәлелі. Бұрын қазақтар ажырасып па еді?  Қазір неге ажырасып жатыр? Біз жоғалып кеткен сияқтымыз. Басқаларға алаңдап, елігеміз. Өзгелердің ұстанымын, өмірге көзқарасын үлгі етіп аламыз. Оны айтып жатқандар да аз емес, бірақ ескеріп, өзінің жүрегіне, бітім-болмысына үңіліп жатқандары аз.

– Әрине, осындай жайсыз жайттарды алға кеткен психология қалпына келтіреді деп сенейікші. Алам жанының құпиясы туралы маман құпиясымен бөліссеңіз.

– Психология ілімі даму үстінде. Адам жанының қалтарысына үңілуде көп нәрсені ескеру керек. Дегенмен, дүние есігін ашқаннан бұл жалғанды тастап кеткенше дейін бөлінген сегіз кезеңнің әрбірінде өзіндік дағдарысы бар және оның салдарын болдырмаудың амалы да қарастырылған. Тереңіне бармайын, алайда осы кезеңдердегі дағдарыстарға үміт, мақсат, адалдық, махаббат, қамқорлық, даналық сияқты адами қасиеттермен аяласа өз жолынан жаңылмайды, дағдарыстарды еңсереді. Керісінше, егер осы тағдырлы кезеңдерде конфликт шешілмей қалса немесе қанағаттанарлықсыз шешілсе, дамып келе жатқан адамның психикалық жағынан зардап шегеді және одан әрі қарайғы өмірінде жағымсыз ізі қалады. Адамның әрбір кезеңде алатын қасиеттері оның жаңа ішкі қақтығыстарға немесе өзгеретін жағдайларға бейімділігін төмендетпейді. Мақсат – адам әрбір дағдарысты адекватты түрде шешкен сайын, жетілген тұлға ретінде дамудың келесі кезеңіне жақындай алады. Қазақта оны сынақ деп айтады. Сол сынақтан сүрінбеген күшейе түседі.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button