Басты ақпаратҚұқық

Жасөспірімдер қатыгездігі неге өршіп тұр?

Бүгінгі таңда балалар арасындағы заң бұзушылық қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, қылмыс жасайтын жасөспірімдер саны да артқан.

Астана қаласы бойынша, жыл басынан бері балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа байланысты 50-ден астам ата-ана әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар, негізінен, ұсақ ұрлық-қарлық және бұзақылық жасайтыны анықталып отыр. Көп жағдайда балалардың ойын-сауық орындарында түнгі мезгілде ата-
анасыз жүретіндері кездеседі. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында электронды темекі, насыбай пайдалану секілді теріс әдеттер де тыйылмай отыр.

Бала ызақор болмасын…

Балалар өз іс-әрекетіне жауап бермейді. (әңгіме жақында әлеу­меттік желіде тараған 5-6 жастағы бүлдіршіндердің жабылып бір баланы ұрып жатқан қатыгездік жайында). Дегенмен әлі ауыздарынан ана сүті кеуіп үлгермеген балақайлардың ештеңеден қаймықпай өзі қатарлас құрбысын төмпештеп ұрып, басынан тебуі бойыңды тітіркендіреді. Бұл жерде бар мәселе олардың ата-аналарына барып тірелетіні сөзсіз. Олар кімді тәрбиелеп өсіргенін кейін білетін болады. Алайда ол кезде бармақ тістейтіндей өте кеш болады.

Қатыгездік қайдан шығады? «Балам жасық болмасын» деп кей адамдар сәбилеріне «Біреу сені ренжітсе, аяма, қақ маңдайдан ұр» деп үйретеді.

Аулада ойнап жүрген баланың мұрнын бұзса, немесе өзінен кішілерге әлімжеттік жасаса, «бала емес пе оған мән бермеу керек, өздері татуласады» деп бұзақы баласына шаң жуытпаған көрші әйелді білеміз. Сол келіншек бірде баласы құлап қалған ауладағы әткеншекті оның көзінше балғамен ұрып сындырады. Оны баласы көріп тұрады. Қара темірден баласының кегін алып жатқан анасын көрген сол сәби де өте кекшіл болып өсері сөзсіз ғой.

Психолог Бибігүл Сағынтайдың айтуынша, расында да кейінгі кезде балалардың үлкендерден гөрі өз қатарластарынан көріп жүрген зорлық-зомбылығы мен қатыгездігі тым көбейіп барады екен. «Бас жарылса, бөрік ішінде…» дегендей, қала мектептеріндегі көптеген оқыс оқиғалар мен тәртіп бұзушылықтар айтыла бермейтінін біз жақсы білеміз. Өз абырой-беделіне нұқсан келмес үшін басшылық оларды көбіне жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып, жасырады. Дегенмен, елордадағы өткен жылғы болған мектеп оқушыларына қатысты қылмыстарды қанша бүркемелегенмен, бұқараға аян болып қалды. Қазір буллинг деген пәле шықты. Жасөспірімдер бір-бірін көпе-көрінеу өлімге итермелейді. Көбі – 14 жасқа дейінгі көкөрімдер. 14 пен 18 жас аралығындағылар да бар. Олар «отқа май құюшылар» болып отыр.

Ал осындай қылмысқа барғандардың барлығы да шартты түрде жазаланып, құтылып кетті. Ата-аналары айыппұл төледі. Бірақ балалар оны шыбын шаққан құрлы көрмейтін сияқты. Жоғарыда айтылған жасөспірімдерге қатысты заңның тым осал, рақымшылығы мол, ізгіліктілігі осыдан көрінеді. Ал шынтуайтында, кәмелетке жасы толмағандарға жасалған кез келген зорлық-зомбылық пен қылмыстық әрекет өте қатаң жазалануы қажет» дейді психолог.

 Жәбір көрсетудің түрі көп

«Жасөспірімдер қатыгездігі қайдан шығады?» деген сауалға көп адамдар түрлі ережесіз жекпе-жектің немесе бірін-бірін аяусыз ұрып-соғатын сәтті насихаттайтын фильмдердің әсері екенін айтады. Біреудің екінші біреуді аяусыз жазалап, кек алып жатқанын күнде тамашалайтын санасы әлі жетіліп үлгермеген сәбидің қалай болып өсетінін бағамдай беріңіз» дейді ұзақ жыл ұстаздық қызметте болған көршіміз. Ол кісінің айтуынша, қаланың №48 мектебінде оқитын құдасының немересі өткен жылдары осындай бір әлімжеттік жағдайға тап болып, мәселеге полиция араласқан соң барып басылған. Сегізінші сыныпта оқитын он бес жасар немересі үйге үнемі үсті-басы көгеріп, денесі қанталап келетін болған. Сұраса, «футбол ойнап жүріп құлап қалдым. Есікке басымды соғып алдым… деген сияқты сылтау айтып мойындамайды екен. Бірақ оған атасы күдіктеніп, астыртын бақылай бастаған. Сөйтсе, мектепте жоғары сыныптың оқушылары кіші сыныптың балаларынан ақша жинайды екен. Тіпті белгілеп қойған сомалары да бар болып шықты. Сол ақшаны жинап, мектептегі «атаманға» өткізіп отыратын әр сыныпта бір-бір «делдал» болатын көрінеді.

Егер осы ақша уақытында берілмесе, ол баланы оңаша шақырып, соққының астына алатыны да белгілі болды. Алайда көбі кейін қатарластарынан болатын «теріс айналулардан» қорқып, жабулы қазанды жабулы қалғанды қалайды екен. Міне, осындай әлімжеттік мектептерде әлі тыйылмай келеді. Бір сұмдығы, енді балабақшадан да көрініс бере бастады.

Өткен жылы бала құқықтары туралы заң баланы жәбірлеу (буллинг) туралы жаңа терминімен толыққанымен, он төрт жасқа толмағандарға қылмыстық жаза қарастырылмаған. Түсінікті болу үшін заң бабын толық келтірейік. Онда: «баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) телекоммуникация желілері және (немесе) онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг) заңмен қудаланады» делінген. Бұл аз десеңіз, моббинг, троллинг, хейтинг, флейминг, секстинг, тағы да басқа терминдер қосылыпты. Мұның барлығы да баланың ар-намысына тиіп, қорлау болып табылады. Ал ол қылмыс ретінде жазалануы керек. Алайда қылмыстық жазалау тек 16 жастан бастап қолданылады. Сонда 16 жасқа дейін нақты жазаланбаса, жасөспірім жеткіншек құрбыларына әлімжеттік жасауын қоймай жүре бере ме?

Заң қатайса дейді…

– Біз кейінгі кезде буллинг туралы жиі айтатын болдық та, жасөспірімдердің қатарластарына қарсы жасайтын тонау, бопсалау, зорлау, тағы басқа да құқық бұзушылықтарын бүркемелеп, жасыратын да фактілердің орын алып келе жатқанын айтпасқа болмайды, – дейді психолог-заңгер Жансая Мұратова. Мәселен, 7-сыныптың оқушысын құрбылары жабылып, кеште мектепте зорлағаны тек үш жылдан кейін ғана белгілі болған. Онда да сол жүгірмектер мектептен кетіп, колледжге түсіп, оқып жүргенде бірге оқитын қызды зорлап, істі болғанда ғана екінші қылмыстың беті ашылған. Жасөспірімдерді қылмысы үшін уақытында қатаң жазаламаудың бұдан да басқа қоғам үшін өте қауіпті үрдісі қалыптасып отыр.

Осыны пайдаланған қылмыскерлер қазір қатарларына 12-14 жасар жеткіншектерді көптеп тарта бастады. «Ұрла, бопсала, ұрып-соқ, тіпті кісі өлтір, саған ештеңе болмайды. Сен әлі кәмелет жасына толған жоқсың» деп олардың санасын улаудың соңы үлкен қасіреттерге соқтырып жүр. Осыдан келіп олар зорлық-зомбылықты шегінен асырып жасайды. Ер балалар мен қыз балалардың нашақорлық, токсикомания және алкогольге берілуі өршіп барады. Олардың арасында мас­тықпен жасалатын қылмыстар айтарлықтай өсті. Әсіресе, қыз балалардың қылмыс жасауы алаңдатып отыр. Олар қылмысты топтасып жасайды. Бұзақылық үшін сотталғандар ішінде аса қатыгездігімен ерекшеленгендері бар. Мұны кейбіреулер әлеуметтік жағдайлардың нашарлауы және қоғамның қысымы деген сияқты пікір қалыптастыруға тырысып бағады. Біздіңше, бұл отбасы мен мектептегі  тәрбиенің кемістігінен, жасөспірімдерге қатысты заңның осалдығынан десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз» деді.

Қазақстан заңы бойынша 14 жасқа толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Тек олардың ата-аналары ғана белгілі бір дәрежеде жаза тартуы мүмкін. Алайда қазір олар қатарластарына жасап жүрген кейбір жантүршігерлік қатыгездікті көргенде он төрт жасқа толмағандарға жекелеген ұйғарым шығару керектігін заңгерлер алға тартып отыр. Ал оның қаншалықты жүзеге асуы қоғам талқысы мен құзыретті органдар еншісіне қалуда.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button