Құқық

Әйел қылмысының өтеуі ауыр

Әйел – қоғамның ең құрметті де белді мүшесі. Олар қашанда абырой мен беделге бөленуге лайық. Дегенмен кей жағдайда осы нәзік жандардың өздері қылмысқа баратыны өкінішті-ақ.

Әрине, «адам аласы ішінде» дегендей, өмір болған соң әртүрлі мінез иелерінің кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ нәзік болмыс иелерінің сот залынан көрініп жататыны көңілге қаяу түсіреді. Кейінгі кезде әйелдер алаяқтық, пара алу, сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп кету, экономикалық контрабанда, жезөкшелікпен айналысатын притондар ұйымдастыру сияқты қылмыстармен істі болып жүр.

Осының ішінде алаяқтық қылмысы үшін елімізде қылмыстық жауапкершілік бекітілген. Қылмыстық кодекстің 190-бабына сай алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену арқылы жасалған қылмысы үшін мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары халыққа алаяқтық қылмысы туралы қанша түсіндіру жұмысын жүргізіп, ескерту жасағанмен, кейде жәбірленушілер оған нақты мән бермейтін сияқты. Бұған дәлел, әлі де «оңай жолмен баспана алып беремін, жұмысқа орналастырамын, грант алып беремін» деп талайды тақырға отырғызып, қолда барын қармаққа іліп жүрген алаяқтарға қатысты соттарда қаралатын қылмыстық істер саны азаймай тұр. Тіпті онлайн сауда жасау кезінде де опық жейтіндер аз емес.

Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің жүргізген мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын алаяқтық қылмысының 5 мыңнан аса дерегі тіркеледі. Тек жыл басынан бері елорда сотында 76 адамға қатысты 73 іс қозғалған. Соның 48-ін әйелдер жасаған. Қылмысқа барған әйелдердің көбінің соңында кәмелеттік жасқа толмаған балалары болады. Сондықтан ауыр, аса ауыр қылмыс жасаған әйелдердің ісін соттар қараған кезде әйелдердің қылмыс жасап, заң бұзушылыққа бару себебін тиісті деңгейде зерттеп, шынайы баға беріп, қылмыс астарына терең үңіледі. Істің мән-жайын толық, жан-жақты зерделеп барып шешім қабылдайды.                     Десек те, әйелдер қылмысынан әркез жеңілдететін мән-жайлар іздеуге болмайды. Олардың адам өлтіру туралы аса ауыр қылмыс жасауы, талай адамды арбауына түсірген алаяқтық қылмыстарын қайталап жасауы оларға қатаң жаза тағайындауға, қылмыстық заңның қуатына жүгінуге алып келеді. Қылмысты ешнәрсе ақтай алмайды. Өткен жылы Астана қалалық сотында бұрын алаяқтық қылмыс жасағаны үшін шартты жазамен шектелген А. есімді әйел бір қылмысты бірнеше рет қайталап жасаған. Соңғы рет топ болып қылмыс жасап, 20 адамды сан соқтырып, әрқайсысынан миллиондаған ақша алған. Тіпті танымал адамдардың атын пайдаланып та талайдың қалтасын қаққан. Әйел мен оның екі сыбайласына бұл жолы сот тарапынан жеңілдік болмай, олар бас бостандығынан айыруға жазаланды.

Заң талабына сай жаза тағайындалғанда, соттар алдымен бас бостандығынан айырмауға қатысты жаза тағайындау мәселесін талқылауға міндетті. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ғана бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Тәжірибеде әйел адамдардың жүкті немесе кәмелеттік жасқа толмаған балалары болған жағдайда, ҚР ҚК-нің 74-бабын қолданып тағайындалған жазаны кейінге қалдыру туралы шешімдер қабылданады. Заң сотты болып отырған әйел адамның ғана емес, олардың отбасының, балаларының да хал-жағдайын, жазаның олардың болашағына келтірер әсері мен залалын да назардан тыс қалдырмайды.

Ержан СҮЙЕУБАЕВ,

Астана қалалық сотының судьясы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button