Құқық

Вандализмге жол жоқ

Республикалық «Таза Қазақ­стан» экология науқаны аясында Астанада вандализмге қарсы бағытталған «Тоқта, вандал!» акциясы өтті. Іс-шараның өтуіне Сарыарқа ауданы әкімдігі, қалалық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, елордалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері ұйытқы болды.

Акция қала мүлкін қорғауға, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталған. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Вандализм жасағандар жазасыз қалмайды.

«Вандализм қоғам мүлкіне зиян тигізу ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіретінін ескерген жөн. Бұл акция қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеуді, сондай-ақ азматтардың санасы мен жа­уапкершілігін арттыруды насихаттайды. Жалпы әрбір азамат қала тазалығына немқұрайды қарамауы қажет. Әсіресе жастар вандализм әрекетінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс» деді елорда Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев.

«Тоқта, вандал!» акциясы қалада дәстүрлі түрде волонтерлердің қатысуымен өтеді. Оның аясында қоғамдық орындарда рейд өтеді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных кеңірек тарқатты.
«Саябақтар, аулалар, көшелердегі мүлікті бүлдіретін бұзақылық әрекеттердің алдын алу бойынша тұрақты негізде бас қалада рейд өтіп, алдын алу бойынша жұмыс жүреді. Оның барысында есірткіні жасырын, бүркемелеп насихаттауға тырысатын көше жарнамалары жойылады. Нашақорлардың көбейе түсуіне есірткіні таратушы мен сатушылардың, насихаттаушылардың үлесі мол. Олар билборд, пилон сияқты жарнама құрылғыларын да, граффити сыз­баларды да астыртын пайдаланып, «ұн, «тұз», «кір жуу ұнтағын» сатамыз» деп жалған жарнама беретіні анықталып отыр. Аталмыш әрекеттер үшін жарнама берушілер 2019 жылдан бері Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Соңғы кездері оған жасөпірімдер тарапынан қызығушылық байқалады. Сондықтан осындай рейд не акция барысында жастармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Оларға есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертеміз» деді С.Ильиных.

«Тоқта, вандал!» акциясы алдағы уақытта қаланың басқа да аудан­дарында өтеді деп жоспарланған. Оған мектеп оқушылары, студенттер және қаланың өзге белсенді жастары тартылады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button