Әлеумет

Зейнетке шығып, волонтер болды

Жақында ардагер ұстаз, биология ғылымдарының кандидаты Роза Маусымбаева мерейлі 70 жасқа толды. Роза Махметқызы зейнет жасында болса да, салауатты өмір салтын ұстанып, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бөлім басшысының қызметін атқарады.

Зейнеткерлікке шыққан соң әлеуметтік саладағы қызметін волонтерліктен бастаған. Астана қаласының Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесі жанындағы бос уақытты ұйымдастыру орталығында қала зейнеткерлеріне сауықтыру гимнастикасынан сабақ берді. 2021 жылы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаевтың шақыртуымен орталықтың
Сарыарқа ауданындағы бөліміне психолог болып жұмысқа орналасты. Содан бері Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұжымында тапжылмай еңбек етіп, ұжымдағы жастарға үлгі-өнеге көрсетуде.

Бүгінде Роза Маусымбаева жетекшілік ететін бөлім Астана қаласындағы 5 аудан бойынша қызмет алушыларға сапалы әлеуметтік қызмет көрсетуді үйлестіруде.

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының басты мақсаттарының бірі – зейнет жастағы адамдарды әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасау. Бүгінде егде жастағы адамдардың белсенді өмір салтын ұзарту мотивациясын қалыптастыру үшін 6 түрлі әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бұл – әлеуметтік сауықтандыру, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік еңбек, әлеуметтік бос уақыт және т.б. қызметтер. Орталықтағы дәрігер, психолог мамандарымыз қызмет алушыларды алғашқы медициналық тексеруден өткізіп, психологиялық бақылауда ұстайды. Бұл зейнеткерлеріміздің физикалық және эмоционалдық жағдайын сақтауға мүмкіндік береді» дейді Роза Махметқызы.

Роза Маусымбаева – әлеуметтік саланың білікті маманы ғана емес,  педагогикалық және ғылым жолында 30 жыл қызмет еткен білікті ұстаз, ғалым. Медицина саласында оқытушылық қызмет атқарды. Мамандығы бойынша – психофизиолог. 50-ден астам ғылыми жарияланымдардың авторы.  Өзінің медицина саласында жинақтаған білімі мен тәжірибесін әлеуметтік салада ұтымды пайдалануда.

«Психофизиолог маман ретінде жинақтаған тәжірибемді бүгінде егде жастағы адамдардың физикалық денсаулығын нығайтуға жұмсап жүрмін. Менің жұмыс тәжірибем жаттығулар мен әдістерді таңдаудың әдістемелік негіздерін әзірлеуде, сондай-ақ қызмет алушыларға эмоционалдық тұрғыдан көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Өзім зейнеткер болғасын, зейнет жастағы адамдардың жағдайын жақсы түсінемін» деп сөзін түйіндеді Роза Маусымбаева.

Меруерт ҚАЙЫРТАСҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button