Мәдениет

Балалар жазушысымен кездесті

Халықаралық балалар кітабы күніне орай Астана қаласы орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің №3 балалар кітапханасында балалар жазушысы, киносценарист Зәуре Төреханмен кездесу өтті.

Зәуре Төрехан – балаларға арналған кітаптары сұранысқа ие жазушылардың бірі. Оның «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» атты тұңғыш кітабы «Алтын қалам» ұлттық әдеби байқауында «Жылдың ең үздік балалар әдебиеті» аталымының бас жүлдесін иеленді. Осы кітабы Мәскеу, Франкфурт, Ашхабад қалаларындағы халықаралық кітап жәрмеңкелерінде көпшілікке таныстырылып, Брюссель қаласында өткен «Ашық Еуразия» халықаралық әдеби байқауында үшінші орынды алды.

Жазушының «Алматыкітап» баспасының тапсырысымен «Біздің сүйікті қаламыз Алматы» және аталмыш баспа мен Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен елорданың 20 жылдығы қарсаңында «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» атты кітаптары жарық көрді. Бұл екі кітап та үлкен таралыммен шығып, жылдам сатылып кетті. Бұған қоса, жазушы урбан фэнтези жанрында жазылған «Айша және Үй пірлері» кітабының, «Күйекөбелектер шаһары» ертегілер топтамасының авторы. Ертегілер кітабы Ыстанбұл қаласында түрік тілінде де жарық көрді.

Зәуре Төрехан «Мазмұндама» баспасының тапсырысымен Американың атақты Who Q («Кім? Не? Қайда?» сериясы) аясында «Санжар Асфендияров кім?» деген кітапты да дайындады. Бұл кітаптың шығуына атсалысып, ғылыми кеңесші болған белгілі тарихшы, санжартанушы Алмас Жүнісбай.

Кездесу қонағына балалар сұрақтарды қойды. Шығармашылыққа қалай келгені туралы айтқан Зәуре Төрехан алғашқы шығармалары 6-7 сыныптардың оқушысы кезінде жазылғанын жеткізді. Атасының үлкен кітапханасы болды. Кітап оқуына және жазушылыққа келуіне соның әсері тиді. «Алиса – ғажайыптар елінде» дегендей, оқушы кезінде көрген түс­терін дәптерге жазып алып, «Зәуре – түстер елінде» деп атайтын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button