Мәдениет

Сәкен шәй ішкен үстел

Осыдан үш жыл бұрын Төлеген Момбековтің шәкірті, белгілі күйші Рымхан Әбілханұлы Сәкен шәй ішкен үстелді көздің қарашығындай сақтап отыр деген ақпарат алған едік. Бұл – 2021 жылдың сәуір айы. Осы мәліметті нақтылау үшін күйшімен тілдесіп, үстелдің тарихы, сақталу барысы туралы сұрап білгенбіз.

Рымхан Әбілханұлының айтуынша, бұл құнды жәдігер туралы деректер Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының 375 бетінде баяндалған. Сол романда айтылған кейіпкерлердің тікелей ұрпағы Рымхан мырза Сәкен әңгімелескен Әбіш деген кейіпкердің әйелі Рәш анамыздың тікелей тәрбиесінде өсіпті. Рымхан аға тарихи сәтті былай есіне алды:

«Рәш апамыздың қызы Әуес Әбішқызы – менің туған анам. Ал құнды үстелдің тарихын таратар болсақ, Бейсенбай ауылындағы Бексұлтан деген кісіден мұра болып қалған екен. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында баяндалғандай, Сәкен сол Бексұлтан атамыздың үйінен дәм татып, дастарқанында болған еді. Төрінде аунап, түнеп шыққанын да романнан білдік. Бұл, шамамен, 1919 жылдың мамыр айы. Бексұлтан атамыздың келіні Мәмилә (Бексұлтан ақсақалдың Батық деген ұлының жары) анамыз Сәкеннің сол күні осы үстел басында отырып, қонақта болғанын айтыпты. Мәмилә анамыз «Сәкеннің көзін көрген» деп содан бері осы үстелді көзінің қарашығындай қорғап, шаң жуытпай сақтап келіпті».

Осы кісілердің келтірген деректеріне сүйенсек, үстел шамамен 1915 жылдары жасалған. «Тар жол, тайғақ кешу» романының тағы бір кейіпкері ноғай саудагер Кәрім деген кісі көзіқарақты оқырманның есінде болар. Сол Кәрімнің ұлы Болат Мақпал деген қызын 1975 жылы ұзатады. Сол кезде Мәмилә анамыз «қажы атамнан қалған тәбәрік зат еді, қырық жыл көрші тұрған көршім едің» деп Сәкен шәй ішкен үстелді Мақпалдың жасауына қосып береді. Сол Мақпал бүгінде Күйші Рымхан Әбілханұлының құдағиы екен.

Рымхан аға тіршілігінде Сәкеннің көзін көрген үстелді ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, музей қорына қосуға бар күшін салған еді. Әттең, уақыты аз болды. Тұтқиыл ауырып, арамыздан ерте кетіп қалды. Одан кейін сол кездегі Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры, қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы да сол үстелді алдыру жолдарын қарастырып жүрген еді. Тағдырдың жазмышымен ағамыз арамыздан кетіп қалды. Алдағы уақытта музей қорынан Сәкен шай ішкен үстел ойып тұрып орын алады деген сенімдеміз.

Қабиден Қуанышбайұлы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button