Жаңалықтар

Көне ғимарат қайта түлейді

Елорданың байырғы өнер ошағы, бір ғасырдан астам тарихы бар М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры ғимаратын күрделі жөндеу жұмысы бес жылға созылып, әлі де жалғасып жатыр. Ал салынғанына жарты ғасырға жуықтап қалған «Жастар» сарайы жаңғыртылып, жаңарған қалпында есігін айқара ашқалы тұр.

 

[smartslider3 slider=3848]

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов бастаған бір топ депутат аталмыш нысандарды жөндеу жұмыстарымен танысты. Алдымен М.Горький театрына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен нысанды пайдалануға беру мерзімін, мердігердің осындай нысандарды жөндеу тәжірибесін талқылады. Депутаттар ғимараттың тарихи келбеті мен сәулет элементтерінің ерекшелігін сақтаудың маңызын атап өтті. Жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстайтындарын жеткізді.

– Өткенде қала әкімі Алтай Сейдірұлы театрға келіп, жөндеу жұмыстарымен танысып шықты. Тиісті ескертпелерді айтып, жұмыс сапасына мән беруді тапсырды. Сондықтан театр басшылығына да, мердігерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Қалалық Мәдениет басқармасы да көптеген қолдау көрсетіп жатыр. Әр апта сайын жиналыс өткізіп, жөндеу барысын талқылаймыз. Бұрын шатырдан су ағатын. Соны жауып, жөндедік. Қаржы ғимаратты жөндеуге ғана емес, қажетті құрал-жабдықтарға да бөлінді. Жақында жарық пен дыбыс беретін жаңа заманға сай қондырғылар жеткізілуі керек, – деді театр директоры Ернар Жұматаев.

Қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина ғимарат ХІХ ғасырда салынғандықтан, оның келбетін бұзбай, тарихи қалпын сақтаудың маңызын атап өтті. Театр директорының шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Ғани Кәрімовтің айтуынша, осы жағы ескерілген. Мәселен, сынған, ойылған, үгітілген кірпіштердің орнына ескі, құлағалы тұрған ғимараттардың материалдарын пайдалану жоспарланған. Сондай кірпіштер әзірге Павлодар қаласынан табылып отыр.

– Сол кірпіштер келмей, театр кірпіштерін бұздырмаймыз, – деді Ғ.Кәрімов.

Қалалық мәслихат депутаты Серік Түсіпов қазір құйылып жатқан кірпіштердің сапасы нашар екенін, бес-он жылдан кейін іріп кететінін айтты.

Депутаттар ғимараттың кіреберісіне пандустарды орнату керектігіне назар аударды. Театр басшылығы ол орнатылатынын жеткізді.

Бір айта кетерлігі, ғимаратта жөндеу жүргізіліп жатқанына қарамастан, театр жұмысы тоқтаған жоқ. Алдындағы жылдары спектакльдер Бейбітшілік және келісім сарайында, аталмыш театрдың шағын залында көрсетілсе, былтырдан бері Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында жүріп жатыр.

Қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Санат ­Шапашовтың айтуынша, тапсырылған жұмысты уақытында орындамаған мердігермен соттасу жүргізіліп, келісімшарт тоқтатылды. Сол себептен жөндеу жұмыстары жылдарға созылып кетті. Жаңа мердігермен келісімшартқа отырғаннан кейін жұмыс жанданды. Қазір тиісті жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Теа­тр­­ды пайдалануға беру мерзімі биылғы желтоқсан айына қойыл­ды. Оған үлгерту үшін түнгі кезек қосылды. 16 желтоқсан – Тәуел­сіздік күні мерекесіне қарай театр қойылымдарын жаңарған ғимаратта қоя бастауы тиіс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button