Жаңалықтар

Электросамокат қауіпсіз бе?

Технологияның қарыштап дамуынан жеңіл көлік, велосипед, мопед қатары жаңа заманның көлігімен толығып келеді. Электросамокат деп аталатын екі доңғалақты құрылғы көпшілік арасында танымал.

[smartslider3 slider=3853]

Көліктің бұл түріне сұраныс 2020 жылдан бастап артып келеді. Жұмысқа, оқуға жетудің жылдам әрі қолжетімді түрі болғандықтан, қызыға қарайтын электр көлігінің артықшылықтары баршылық. Жеңіл, экологияға еш залалсыз, кептелісте тұрмайсың, жол қысқартасың, денсаулыққа да пайдалы. Дегенмен, көшенің кез келген бұрышынан тұтқиылдан шыға келетін самокаттар жаяу жүргіншілерді де, көлік жүргізушілерін де сарсаңға салғалы қашан. Арнайы құжатты қажет етпейтіндіктен, көлікті тізгіндеушілер жол ережелерінен тиісті емтиханды тапсырмайды. Нәтижесінде олардың қатысуымен болған жол апаттары санының жиілеп кеткені, әрі артып келе жатқаны көпшілікті алаңдатады. Сондай-ақ ережеге салғырт қарайтын жүргізушілердің екі аяқты көлікке екі адам болып мініп, жаяу жүргіншілердің жолымен бейқам жүре беретініне көзіміз үйренді.

Еске салсақ, 2021 жылы Қазақстанда самокаттардың қатысуымен 68 апат болып, бір адам көз жұмған. 71 адам зардап шеккен. Биыл электр құрылғысының қатысуымен 41 апат тіркелген.

Екі аяқты «тұлпарға» қатысты жағдай ушығып кеткен соң, Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, электросамокатқа қатыс­ты мәселе 2021 жылдың қазан айында Сенаттың жалпы отырысында талқыланды. Сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында электросамокат, гироскутерлер азаматтардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіретінін айтқан еді. Араға бір ай салып Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленетінін жеткізді. Онда электросамокаттарды «шағын электр көлік құралы» деп атап, оларды басқаратын адамдардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу туралы жазылған. Ал келесі жылдың 14 маусымында электросамокаттың қозғалысын реттейін ұлттық стандарттың алғашқы нұсқасы әзірленді.

Стандартқа сәйкес электросамокат – бұл «орындығы жоқ, электр қозғалтқышын пайдалану арқылы бір адамның қозғалуына арналған екі немесе үш дөңгелегі бар жеке мобильділік» электр көлігі. Жобаны әзірлеушілер электросамокаттарының барлық түрі үшін ең жоғары жылдамдықты енгізуді ұсынды. Өзгеріс бойынша электросамокат жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы қажет. Ал одан жоғары, нақтырақ айтсақ, сағатына 50 шақырым болса, А1 санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. Өйткені бұл кезде көлік мопед ретінде саналады.  Дегенмен жүргізушілердің жылдамдығын бақылауға ұстап отырған ешкім жоқ.

Ереже бойынша электросамокаттар жаяу жүргіншілердің жолымен баяу қозғалуы керек. Қозғалыс барысында ұялы телефонмен сөйлесуге, не телефон экранына қарауға тыйым салынады. Бір самокат тек бір адам ғана арналады. Екі адам болып мінгенде, жарақат алу қаупі артады дейді мамандар.

Отандық «Jet Sharing» компаниясының бас директоры Мусалав Алибеков жаңа стандарттағы өзгерістерге қатысты пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, ұлттық стандарттан кейін электросамокаттар құрылымына аса қатты өзгерістер енгізілмейді. «Бұл стандарт сағатына 25 шақырымға дейін жүретін самокаттарға қолданылады. Ондай электросамокаттар бөлек санатқа жатқызылады және оларға велосипедтерге қатысты барлық ережелер қолданылады. Яғни, олар тротуарлардан, велосипед жолдарынан шығарылады, ал біз үшін бұл тиімді. Себебі электросамокаттар жылдамдықпен шектелген. Біз кейбір аймақтарда жылдамдықты сағатына 15 шақырымға дейін шектейміз. Мұндай аймақтарға мектептер мен балабақшалардың жаны жатады».

Электросамокаттарды Wolt, Glovo, Яндекс. Еда секілді компаниялардың жеткізушілері белсенді қолданып жүр.  Елордалық 24 жастағы Азамат Есен Wolt компаниясының жеткізушісі болып істейді. Тауарды жылдам жеткізуде электросамокат ыңғайлы дейді. «Ұзын-сонар кезекте тұрмайсың. Jet самокаттары минутына 25 теңге алады. Яғни бағасы жағынан да қолжетімді. Ал соңғы өзгерістерге байланысты айтсам, шынымен де оңды-солды жүргізетін тұрғындар бар. Әсіресе, олардың дені – жастар. Сондықтан жүргізуші куәлігін талап еткені дұрыс деп ойлаймын» дейді ол.

Дегенмен, саябақта, қала көшелерінде серуендеп жүргендер, әсіресе ата-аналар қуыс-қуыстан зымырай жөнелетін жүргізушілерге наразы. Айман Бекболат екі баланың анасы ретінде соңғы уақытта қаптап жүрген электр көліктерінің тұрғындарға қауіпсіз екенімен келісе алмайды.

– Велосипед жолымен де, жаяу жүргіншілердің жолымен де жүре береді. Тез айдатыны да ашуландырады. Мысалы, балам жоғары жылдамдықпен ағып келе жатқан көлікке қарсы жүгіре шықса, тез әрекет етуге үлгермей қалуым мүмкін. Сол сияқты жағдайлар болған да шығар, кім біледі, – дейді қала тұрғыны А.Бекболат.

Электр көлігімен қатынау шет елдің тәжірибесінде белсенді қолданылады. Халық саны көп Еуропа елдерінде, әсіресе Түркияда 15 жасқа дейінгі азаматтарға электросамокаттарына мінуге тыйым салынған. Сондай-ақ, министрлік тарапынан «200 адамға – 1 самокат» жүйесі енгізілді. Яғни электросамокаттарын барлығы дерлік қолдана алмайды. 16 миллионға жуық халқы бар Ыстамбұлда тек 75 мың электросамокат пайдалануға берілген. Ал Германияда тек 14 жастан бастап электросамокаттарын жүргізуге рұқсат. Бұл жол қозғалысы туралы Заңның № 10-13 баптарында көрсетілген.

Қала экологиясын жақсартып, «жасыл қалаға» айналу – ерекше назарда. Дей тұрғанымызбен, жаңа заманға ілесеміз деп жүргенде, сақтық шараларын ұмытпағанымыз абзал. Үкімет тарапынан енгізілетін өзгерістер қауіптің алдын алса игі…

Индира БЕРЖАНОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button