Мәдениет

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

erm_0718-asli

СӨЗ БАСЫ
Елордадағы Садуақас Ғылмани мешітіне жиі барамын. Бұрынғы бабаларыма, атам мен әжеме, өмірден ерте өткен әкеме құран бағыштаймын. Барған сайын мешітке аты берілген діндар атаны ойлаймын. Ғұлама ғалым болған. Кеңестік дәуірдің түрлі теперішін көрсе де, ұлағатты ұстанымынан айнымаған. Осындай аңызға айналған ардақты азаматтың бас қалада жалғыз көзі тірі қызы тұрады деп естідік. Есімі – Үкіжан қажы Садуақасқызы. Тоқсан төрт жаста. Текті тұлғаның тұяғымен жүздескіміз келді. Әжеміздің ұялы телефонын тердік. Өзі көтерді. Торқалы тоқсаннан асқан деп айта алмайсыз. Дауы­сы анық, сөзі нық, құлағы да тәуір естиді. «Айналайын, ертең үйге келе ғой» деді. Есіме елдегі жетпіс бес жастағы анам түсті. Күнде ымырт жабыла ауылға телефон шаламын. Екеуміз тоғыз қабат үйді жаңғыртып сөйлесеміз. Дауысымды бірде естісе, бірде естімейді. Ал тоқсанның төртеуіндегі қарт кейуана жәймен айтқан сөзімді қалт жібермеді. «Жақсы әулет­тiң нәсiлiнiң ат меңiндей белгi­­сi болады» деген рас-ау.

Міне, Үкіжан әженің алдында отырмын. Көзілдіріксіз «Ислам және өркениет» деген газетті оқып отыр. Қарқарадай аппақ жаулығы жылу шашады. Туған әжем келді көз алдыма. Үлкендердің бәрі де бір-біріне ұқсап тұрады.
– Әже, 94 жас қалай екен?
– Аллаға шүкір, шырағым! Сегіз жасымнан бес уақыт намаз оқып, ораза ұстадым. Әкемнің жолымен жүрдім. Анам 25 жасында дүниеден озды. Сонда бестегі баламын. Соның жасамаған жасын маған аманаттаған шығар…
Үкіжан әжеміздің зердесі әлі мықты. Әкесі туралы толғанып сөйлейді. Тарихи оқиғалардың бәрін қолмен қойғандай айтады. Жұптап келген сұрағым жайына қалды. Көкірегі қазы­наға толы қарияны тыңдай бердім. Сағаттан астам сырласудан түйген ойларымды қағазға түртіп отырдым.

АШТЫҚТЫҢ АЗАБЫН ТАРТТЫҚ

Басымыздан бұлтты күндер көп өтті. Біздің еліміз Ерейментау болады. «Туған жерім – Ереймен, Малтабардың саласы, Қоныс қылған ата-анам Жарлыкөлдің жағасы. Туған елім, өскен жерім Ерейменнің Қанжығалы баласы» деп жазады әкем. Арғы аталарымыздың зираты Малтабар деген ауылда. Сол жерде бабаларымыз 35 жыл қыстапты. Әулетіміз әуелден аз үй болған. Сәлмен деген бабамыз хат танып, заманында болыстық имам атанған. Сонда Сәмеке хан Сәлменге Төре ауылынан жер бөліп береді. Табиғаты тамылжыған тамаша мекен. Сол жер біздің атақонысымызға айналды. Әкем Төре ауылында мешіт ашып, медресе ұстады. Туған Дәмелі деген анам жас­тай өмірден өтеді. Бейіті сонда. Осыдан төрт-бес жыл бұрын басына көктас қойдым. Қазір онда ешқандай жұрт жоқ, елсіз далаға айналды. Бірақ баяғы құдық, баяғы бұлақ сол қалпында тұр. Көргенде көзіме жас келді.
Қызыл үкімет ел ішіндегі көзі ашық, дәулетті азаматтарға қырғидай тиді ғой. Біздің қолымызда азғантай малымыз болды. Әйтеуір, тамағымыз тоқ, уайымымыз жоқ. Әкем бала оқытып, жұртшылықты имандылыққа ұйытып, тыныш жүрген кісі еді. 1928 жылы аяқ астынан кәмпескеге іліктік. Шолақ белсенділер үсті-үстіне салық салып, берекемізді алды. Аяғында олар салыққа 57 ірі қара мал төле деп қамшысын төбемізде ойнатты. Халықтың ыңыршағы айналып, жүдеп қалған шағы. Бір түнде Төре ауылынан үдере көштік. Әкем мешіт пен медресенің есігін ала жіппен байлап, екі атпен тоғыз адам жолға шықтық. Сонда мен тоғыздамын. Әупірімдеп Ақмолаға келдік. Әкемнің мақсаты – Омбыға барып тоқтау. Қалаға келгеннен кейін бір танымайтын үйге ат шалдырып, тынығып аламыз деп ойладық. Сол арада әкемді біреу танып, органға хабарлай қойыпты. Ол кісі екінті намазын оқып жатқанда, досы­мен бірге милиция ұстап әкетті. Әкемді ғана емес, екі атымызды да тартып алды. Қоржындағы заттар мен тамақты тінтіп, быт- шытын шығарды. Шиеттей баламыз. Аңырадық та қалдық. Біздің ауыр жағдайымызды естіген соң, Жаңаарқада әкемнің Ілияс деген аңшы, сері немере інісі келіп, ағам екеумізді өзімен алып кетті. Ақмолада қалған әжем мен екі бауырымыз аштан өледі. Жалғыз екінші анам – Мәкен апам ғана тірі қалған. Оны біз білмейміз. Әкем түрмеде 57 күн жатты. Оған милицияда қызмет істейтін жанашыр азаматтар көмектесіп, түрмеде бірге болған Әбдікәрім Мусимов деген шал қайтыс болып, соның құжатын әкеме беріп, оны өлдіге санап, босатып жібереді. Мен осы бүркеншек фамилиямен ұзақ жыл жүрдім. Жетпіс алты жасымда ғана әкемнің атына ауыстым. Содан ол кісі апамды тауып алып, Омбыға тартады. Жаңаарқаға баруға қорқады. Біз де шерменде күйді кештік. Алыста жүріп әке-шешемізді сағындық. Отырып алып жылаймын. Ағам келіп, мені жұбатады. Ашыға бастадық. Сиырдың сүтін шикідей ішеміз. Содан ішіміз ауырды. Әбден жүдедік. Ілияс ағама Ақмолаға алып бар деп күнде жылаймын. Әйтеуір түйемен көп күн жүріп, Ақмолаға келдік. Қаланың алыс­тан будақтаған түтінін көргенде, дауыс қылып жылаппын. Одан кейін бізді атам мен әкемнің туған інісі Кәкен ағамыз Қызылжарға алып барды. Ағам сондағы зауытқа жұмысқа тұрды. Атамның жоқтан бар жасайтын қолы шебер еді. Тұрмысымыз оңала бастады. Ақыры әкемізбен де кездестік. Айта берсек, әңгіме көп. Түрлі теперішті көрдік. Сонда да бір Алладан, жақсылықтан үміт үзбедік.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗИЫ БОЛДЫ

Иә, Үкіжан әжеміз азапты, ауыр күндерді бастан кешсе де, жігері мұқалмаған. Асылдың сынығы деуге болады. Садуақас атамыз 1946 жылға дейін Омбыны сағалап жүреді. Сол кезде Ақмолада діни ұйым құрылып, имам сайлауға рұқсат беріледі. Соны білген түп нағашысы Сәкен қалпені елге шақырып, имам етіп сайлайды. Осы қаладағы бір үйді қайта жаңғыртып, мешіт қылады. Алматыдан келген қази Ғабдулғаппар Шамсидинов жаңа қызметіне бағдар береді. Тәшкенге барып тіркетіп, куәлік алады. Сондағы діни тұлғалармен танысып, кеңірек сұхбаттасады. 1949 жылы қажылыққа бару үшін берген арызы қабылданып, Меккеге сапар шегеді. 1952 жылы Қазақстанның қазиы болып сайланады. Осы қызметті жиырма жыл абыроймен атқарады. Ол кісі қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде шын мәніндегі ислам дінінің қорғаушысы болды. Сол дәуірде «Құран туралы жала мен өтіріктер» атты кітап жазды. Алайда атамыздың насихаты әлі де кемшін. Ол туралы Үкіжан әжеміз көңілі қамығып сөйледі.

АҚЫРҒЫ АМАНАТ

Астанадағы әкемнің атындағы мешіт жанынан музей аштық. Оған жеке заттары мен түпнұсқа жазбалары қойылды. Қазір әкемді менен басқа жоқтаушы қалмады. Әмина деген жалғыз сіңлім бар еді, екі ай бұрын жетпіс сегіз жасында дүниеден озды. Жалғыз қалдым. Құдайға шүкір, балаларым бар. Алақанға салып әлдилеп отыр. Алматыда 50 жылдан астам тұрдым. Әкем 20 жыл қази болды. Діннің адал қамқоршысы атанды. Соған Алматыдан бір көше берсе деп ойлаймын. Бармаған жерім қалмады. Айта-айта шаршадым. Жасым да келді. Күн санап қуатым кеміп барады. Атамекеніміз – Ерейментау. Ол жерде де әкемнің атында ештеңе жоқ. 2001 жылы Астанадан әкеме көше сұрап, қалалық әкімдікке хат жаздым. Сол кездегі әкімнің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов деген мың жасағыр азамат екен. Хатыма жауап жазып: «Бүгін бар көше ертең бұзылады. Атамыздың атын мешітке берейік» деп маған ой тастады. Қатты қуандым. Сөйтіп, әкемнің есімі қабырғасын өзі қалаған мешітке берілді. Енді менің көзімнің тірісінде орындалса дейтін аманатым бар. Әкем ұзақ жылдар бойы «Араб-қазақ» сөздігін құрастырды. Сөздік 108 мың сөзден тұрады. Қалың, бес том. Сол жинақтың әзірге бірінші томы ғана жарық көрді. Қалғаны тоқтап қалды. Осы дүниелердің бәрі шықса деп армандаймын. Одан кейін қазақтың шежіресі мен дуалы ауыз тұлғалардың сөздерін жинақтаған. Жасынан өлең жазған. Араб тілінен тәржімалаған дүниелері де жетерлік. Артында көп мұра қалды. 2015 жылы Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың ұрпағы – Ерлан Барлыбаевтың демеушілігімен «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты кітабы жарық көрді.

СӨЗДІҢ СОҢЫ

Бізден бір сөз. Садуақас атамыз көзі тірісінде айтулы еңбегін шығарсам деп Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарына ұсынады. Бірақ еш нәтиже болмайды. Ақыры, амалы таусылғандықтан, көрнекті қоғам қайраткері, сол кездегі ел басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың әкесіне хат жазыпты. Оны ғұламаның өмірі мен мұрасы жайында алғаш қалам тербеген жазушы Нұрқасым Қазыбек «Халық сүйген қаламгерлер» атты кітабында келтіреді. Хат ұзақтау. Қысқаша мағынасы былай: «Ассалаумағаликім, қадірлі халық ағасы Ахмет ақсақал! Мен Қазақстандағы діншілдердің бастығы атанып отырған қази Ғылманұлы Сәкен халпе замандасыңыз! Сізге арнап екі түрлі жұмысым туралы ақылдасып, ойымдағы мүддемді айтып өтпекші едім. Бірінші. Өмірімнің жиырмадан аса жылын үзбей жұмсап, жазып шыққан бір еңбегім болып еді. Ол – араб тілін қазақ тіліне аударған сөздік еді. Соны жас болса жетіп қалды. Енді аттанатын мезгіл үстінде отырғандығымнан, еңбегімнің бір шетін көріп кетсем-ау деген арманымның аяғы сіздің жағыңыздан аяқталуға себепші боларсыз деген үмітім бар» депті. Екінші, өзбек, тәжік республикалары секілді мешітті салықтан құтқаруды өтініпті.
Аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешіп, бір өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарған ғұлама Ғылмани бабамыз көзі тірісінде асыл мұрасы жарық көргенін армандапты. Одан бері де 50 жылға тақау уақыт өтті. Еліміз егемендік алды. Құнды еңбекті шығаруға кім кедергі?! ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан қолдау күтеміз. Аманатқа қиянат жүрмейді. Тоқсан төрттегі Үкіжан әжеміздің ақырғы аманаты жерде қалмасын деп тілеймін.

Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Астана ақшамы»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button