ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Уәдемен үй біте ме?

arendnoe-zhilyo-ot-gosudarstva_5778c8f59b332-asli

«ASI» инвестициялық құрылыс компаниясының сайтына қарасаңыз, қарамағындағы құрылыс қарқынды жүріп, тұрғын үй кешендері күн санап бой көтеріп жатқандай әсер қалдырады.

Үйдей уәде беріп, құрылыс қомпания­сының есебіне қалай қаражат құюдың да амалын тәптіштеп түсіндіріп қойған.
Ал, шындап келгенде, осындай әсерлі менеджменттің ықпалына түсіп, уәделі пәтеріне қолы жетпей қиналып жүргендердің саны да аз емес. Бүгінде олардың қатары бес мыңнан асып отыр.
«Компаниямен келісімшарт бойынша «Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі пәтеріміздің кілтін өткен жылы алуымыз керек еді. Қаражаты түгел аударылып қойылған, алайда іргетасы ғана қаланған күйінде құрылыс қозғалыссыз қалып отыр» дейді амалы таусылған Бақыт Сағымбаева.
«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы маңынан жер сатып алып, үлескерлердің қаражатына үй салмақ болған үй кешенінің директоры Сергей Котляровтың бұл әрекетін Бақыт былайша түсіндіреді. «Меншігіне алған жерді мемлекет қайтарып алмас үшін тек қана алғашқы блоктарын тұрғызып, қалғанының іргетасын ғана қалап қойған сияқты. Жақында бір барғанымда, бізге тиесілі блоктың құрылысы жазда басталуы мүмкін дегендей болды. Қалай болғанда да, ақысы төленіп қойылған пәтерімізге қол жетсе болар еді» деген күдігін де жасырмады. Қаладағы құрылыс компанияларының жұмысы жайында Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Шыңғыс Аманжоловпен хабарласқанымызда, «Шығыс» тұрғын үй кешенінің мәселесін жақсы білетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, үлес­керлерді «Шығысқа» қаратып қойған Сергей Котляров тұрғын үй кешенінің құрылысы түбі бір бітетіне тағы да уәде беріпті.
– Жалпы, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу» туралы заңға сәйкес, құрылыс компанияларымен келісімшартқа отырмас бұрын олардың үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүргізуге жергілікті атқарушы органдардан рұқсатының бар-жоғын тексеруі тиіс. Келісімшартты екі жақтың заңгерлерімен келісе отырып, үлескердің құқығын, құрылыс нысанының кесте бойынша салыну кезеңін қадағалауға қатысты жолдарын қарастыру керек. Күмәнді келісімшартқа отырғандар құрылыс барысында проблемалар туындағанда, өз құқығын қорғай алмайды, – дейді Шыңғыс Аманжолов.
Расында да, алданып қалған үлескерлердің көбі құжатты рәсімдеуге мән бермеген. Өздерінің құқығын қорғайтын тұстарын аттап өткен құрылыс компания­ның басшылары халықтың осындай бейқамдығын пайдаланып кетіп отыр. Шығасыға иесі басшы болатын әуелден анық. Әрине, ізденем дегенге сотқа жүгініп, прокуратура сияқты бақылаушы органдар жоқ емес. Алайда жылдап күтсе де, баспаналы болудан үміттенген «Шығыстың» үлескерлері әлі де үмітін үзгісі келмейді.

Айгүл УАЙСОВА,
«Астана ақшамы»

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button