Басты ақпаратБілім

Балабақшаға жолдама алу жүйесі өзгерді

Елордада 2018 жылдың ақпанынан бастап «Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне жолдама беру үшін мектеп жасына дейінгі балаларды кезекке қою» жөнінде жаңа мемлекеттік стандарт енгізілді. Сондай-ақ, кезекке қою реттілігі мен балабақшаға жолдама беруді автоматтандыру бойынша әдістемелік ұсыныс жасалды.
2 сәуірден бастап іске қосылатын жаңартылған жүйеге сәйкес, әрбір әке-шеше электронды цифрлы қолтаңба алуы тиіс. 

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жан­­ғозин жүйенің артықшы­лық­тарымен бөлісті. Электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, баланың әке-шешесі www.e.astana.kz жүйесіне кіреді. Онда балаға тиесілі мәліметтерді толтырып, өз телефон нөмірі мен электронды поштасын қалдыруы тиіс. Егер жеңілдік санатына жататын болса, оны да көрсету қажет. Мұның бәрі жүйеде пайда болған орын туралы ақпаратты алып отыру үшін міндетті түрде керек.

Жеңілдік иелеріне «үштен бір» қағидасы жүреді

Көрсетілген электронды пош­таға және телефон нөміріне кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберіледі. «Егер ата-ана таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін балабақшаны таңдап, жолдаманы осы уақыт мерзімінде қабылдап алмаса, бұл орын кезекте тұрғандардың бәріне ортақ болмақ. Алайда балабақшаны таңдамаған өтініш беруші кезекте қала береді» деп түсіндірді Әнуар Жанғозин. Бас­қармадағылардың пікірінше, бұл кезектің жылдам жылжуына мүмкіндік береді. Ал бұрын хабарлама келгеннен кейін балабақшадағы орын 5 күнге дейін сақталатын болған.
Ата-ана ұнаған мекемені таң­дағаннан кейін, балаға жолдама беріледі. Бес жұмыс күні ішінде сол балабақшаға бару керектігі ескеріледі. Егер белгілі бір себептермен 5 жұмыс күнінде орынды алу мүмкін болмаса, оны күнтізбелік 30 күнге дейін ұзартуға болады. Ал, керісінше, ата-ана жолдама алып, 5 жұмыс күні ішінде балабақшаға келмесе, жолдама автоматты түрде жарамсыз болып шығады. Егер өтініш беруші жолдаманың берілген күнінен екі мәрте кешіксе, бала автоматты түрде кезектен алынады.
– Біздің пайымдауымызша, көп жағдайда кезек азаюы ықтимал. Дегенмен көбеюі де ғажап емес. Бұл жеңілдік санаттағы балалар кезегін орналастыруға байланысты, – деген басқарма басшысы жеңілдік жүйесіне кімдер жататынын айтып берді.
Бірінші, кезектен тыс жолдама алатындар – әскери қызметкерлердің балалары. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде орын болса, бұл категорияда­ғылар кезектен тыс жолдама алады. Келесі болып бірінші ке­зектегілер – мүгедек балалар, ата-ана қарауынсыз қалғандар, жетімдер, көп балалы отбасынан шыққан балалар, ерекше күтім мен білімді қажет ететіндер. Бұл санаттағылар жолдаманы «үштен бір» қағидасы бойынша алады. Яғни жеңілдік санаттағы өтініш беруші және жалпы негіздегі үш өтініш берушіге қатарынан беріледі.

Жеті жасқа толғандар кезектен  шығарылады

Жаңа жүйе жеті жасқа толған барлық балаларды кезектен шығарып тастады. Сонымен қатар, ата-ана жыл бойы балабақшаға орын алуға қызығушылық танытпаса, кезектен шығарылады. Оған жол бермес үшін www.e.astana.kz жүйесіне кіріп, өз өтінішіңізді қадағалап отырсаңыз болғаны.
Ескеру керек, ұсынылған деректердің заңдылығы туралы сұрақ туындаса, жүйе өтініш қабылдаудан бас тартуы мүмкін. 2017 жылдың қаңтарында балабақшадағы орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін елордадағы мектепке дейінгі ұйымдарға, оның ішінде мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларға автоматты түрде жолдама беру жүйесі іске қосылды.
Бүгінгі таңда бұл қызмет ата-аналарға www.e.astana.kz жү­йесінде электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы қолжетімді. Осы күнге дейін жүйе арқылы 25 мыңнан астам жолдама берілді.

Жаңа жүйе жан-жақты түсіндіріледі

Жылдың қорытындысы бо­йынша талдау жасалып, жүйеде мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа стандартына сәйкес функционал кеңейтілді.
Балабақшаға жолдама алу кезегі ата-аналардың өтінішінде көрсетілгендей, баланың туған жылына сәйкес бірыңғай қалалық кезек бойынша жүзеге асып, нақты бір балабақша кезегі болмайды. Кезекке қою реті өтініш берілген күннен басталады.
Жүйенің артықшылығы оның тәулік бойы жұмыс істейтіндігі және процесті үздіксіз жүргізіп, үміткерлер арасында бос орындарды бөлуге мүмкіндік беруінде. Мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары тарапынан бос орындар бойынша ақпарат жүйеге жіберіліп, соған сәйкес бос орындар тізімі жаңартылады.
Азаматтарға көмек ретінде қолдау қызметінің жұмысы қарастырылған (телефон: 46-67-56, akimat.itfactory@gmail.com), сондай-ақ басқарма қызметкерлерінен де көмек сұрауға болады.
Жаңа жүйені бүге-шүгесіне дейін халыққа түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу мақсатында 31 наурыз, 7 және 14 сәуір күндері қалалық екі оқушылар сарайында және №61 мектепте ашық есік күндері өтпек.
Қазіргі таңда елордада кезекте тұрған бүлдіршіндер саны 26 мыңға жеткен. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайызды құрайды.

Ақылы қызмет те көрсетіледі

Биыл елордадағы мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға 24 мың адамға дейін қабылдау жоспарлануда.
Тағы бір жаңалық, 2 сәуірден бастап мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелеріне ақылы қызмет көрсетуге рұқсат етілмек. Бұдан бұрын оған тыйым салынған болатын. Балабақшаларда стандарт бойынша тегін негізінде көрсетілетін міндетті қызметтер тізімі өзгеріссіз қалады. Ақылы қызметтер тек ата-аналардың өтініші бойынша шарттық негізде ұсынылады. Елордалық балабақшаларында ақылы үйірмелердің бағасы шамамен 1500-4500 теңге аралығында болмақ. Басқарма бас­шысы Әнуар Жанғозин бұл баға көпшілікке қолжетімді деген ойда. «Мәселен, хореография сабақтарына айына – 1500 теңге, шет тілдері 2500 теңге шамасында төлейсіз. Ал спорттық үйірмелердің бағасы одан қымбаттырақ болады. Себебі ол үшін сырттан жаттықтырушыларды тартып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу керекпіз. Балалардың әке-шешелері балабақша мең­герушісімен келісе отырып, бүлдіршіндерге қажетті деп тап­қан үйірмені енгізуге ұсыныс жасайды» деді ол.
Мамандарды сырттан да, мекеме ішінен де табуға болатынын айтқан Әнуар Жанғозин бұл бастама балабақша мамандарының көңілге қонымсыз жалақысына үстемақы ретінде қосымша қаржы табуға мүмкіндік беретініне сенеді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button