Басты ақпарат

Аула мен лифт – тұрғын үйдің маңызды құрамы

Ауланың абаттандырылуы мен жедел сатының жақсы жұмыс істеп тұруының тұрғындар үшін маңызы зор. Бұл тұрғыда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев халық алдындағы есеп беру кездесуінде аулаларды абаттандыру мен лифт шаруашылығын жандандыруға кеңінен тоқталған болатын.

ЕКІ ЖЫЛДА БАРЛЫҚ  АУЛАЛАР АБАТТАНАДЫ

Астанадағы аулалардың ұзын саны – 1536. Өткен жылы соның 436-сына абаттандыру жұмыс­тары жүргізілген. Оның 5-еуі – Есіл ауданына, 150-і – Алматы ауданына, ал 281-і – Сарыарқа ауданына қарасты аулалар. Соның ішінде көпшіліктің өтініші бо­йынша Алматы ауданына қарасты «Сарайшық» ықшам ауданындағы «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің 22 ауласы абаттандырылған. Жалпы, Алматы ауданында 603 аула орналасқан. Сонымен қатар, былтыр осы аудандағы аулаларда 252 орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылып, көгалдандыру алаңы мен ойын алаңдарының қоршаулары салынған. Енді осы аудандағы 203 ауланы абаттандыру ағымдағы жылдың еншісінде көрінеді.
Ал Есіл ауданының еншісінде 238 аула бар болса, соның 58-і 2012-2016 жылдар аралығында абаттандырылып, 42 спорт алаңы салыныпты. Бұл аталмыш аудандағы 118 көп қабатты тұрғын үйді қамтиды екен. Сонымен қатар, өткен жылы 11 тұрғын үйді қамтитын 5 аулаға қалып­қа келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, онда 5 балалар және 4 спорт алаңы салынған. Енді жоспар бойынша осы аудандағы 40 аула жөндеуден өтіп, оның 15-іне пандус салынбақ.
Астанадағы ең ауласы көп аудан – ол Сарыарқа. Ондағы 695 ауланың тазалығына 16 мердігерлік ұйым қызмет көрсетеді екен. Бұл ауданда былтыр жасампаз жобаларды жүзеге асыру аясында 22 мекенжай бойынша тұрғын үйлердің ішкі орамдық аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Яғни асфальт төселіп, балалардың ойын алаңдары, төбешік, әткеншек, құмсалғыш, шағын сәулет пішіндері қойыл­ған. Сонымен қатар, футбол және баскетбол алаңдарымен қоса, 61 жаттығу құрылғысы бар алты жаттығу алаңы салынған. Сол сияқты аудан аумағындағы 63 мекен­жайдың ішкі орамдық аулалары мен өтпе жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, есептік кездесуінде қала әкімі көркейту жұмыстарын жүргізуде екі жылдың ішінде елордадағы барлық аулалардың қамтылатынын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы күндері гүл бағы, саябақ, аллея сияқты қаладағы басқа да қоғамдық орындар абаттандырылмақ.
– Барлық қала тұрғыны сияқты мен де Астананы жасыл желекке оранып, жарқыраған мегаполис болғанын қалаймын. Қазіргі уақытта елордада 10 саябақ, 4 желекжол және 95 гүл бағы бар. Оның алтауы 2017 жылы ашылған болатын. Соның ішінде Алматы ауданындағы Ақбұлақ өзенінің жағалауында бұрын қазаншұңқыр болған жерде жаяу жүргіншілерге арналған орын мен спорт және ойын алаңдарының салынғанын атап өтуге болады. Бүгінде қаладағы талдардың саны 714 мыңды құрайды. Сол сияқты Астананың «Жасыл белдеуі» аясында қаланың айналасына 2,1 млн жас көшет отырғызылды, – деген Әсет Исекешев, – тұрғындардың өтініші бойынша сүріліп тасталған апатты және ескі үйлердің орнына биыл 9 гүл бағы мен желекжолдар салынады. Онда спорт алаңқайлары да қарастырылады. Сонымен қатар, биылғы жазда Ботаникалық бақ өз есігін ашады. Оның аумағында шөлді аймақтың өсімдіктері мен тропикалық белдеудің климаттық ерекшеліктері ұсынылады. Бұл барлық инфрақұрылымдық жағынан да өте қызықты әрі тартымды орын болады деп ойлаймын, – деді өзінің баяндамасында.
Қала басшысының айтуынша, Астанада 42 мыңнан аса шаршы метр веложол мен 23 мың шаршы метр жүгіру жолдары салынған. Айта кету керек, алдағы шілде айында бірінші кезектегі сызық­тық саябақтың құрылысы аяқталып, шаһарда тұңғыш рет шие, алма, шетен және емен аллеясы пайда болмақ.

ЖЕДЕЛСАТЫЛАРҒА ЖЕҢІЛ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Көп қабатты үйлердің тұрғындарын жоғары мен төменге қас-қағым сәтте тасымалдайтын лифттердің сапалы қызмет көрсетуі, әсіресе, үстіңгі қабаттағылар үшін қажет екені айтпаса да түсінікті. Ал жедел сатылардың жұмысында кілтипан пайда болса, апатты жағдайда тоқтап қалып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмас үшін алдымен ПИК-тер жеделсаты жұмысын қадағалап отыруы тиіс.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, тұр­ғындардың арыз-шағымдарының басым көпшілігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына келіп түседі екен. Ондағы негізгі үш мәселе – коммуналдық қызмет тарифінің нақтылығы және пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы, сонымен қатар тұрғын үйлердің шатыры мен лифттерінің, инженерлік желілерінің жағдайы көрінеді. Шаһар басшысы бұл мәселелерді жолға қою үшін қала әкімдігі «е-КСК» жобасын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
– Соңғы екі жылда пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп жекеменшік құқығын анықтау жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде тіркелген кондоминиумдар санының
97 пайызға жеткені анықталды. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өкінішке қарай, бүгінде қаладағы пайдасыз кооперативтердің саны 40 пайыз­дан асып тұр. Өткен жылы ПИК жұмысын тексеру нәтижесінде 42 басқару мекемесі әкімшілік жауапқа тартылды. 22 кооперативтің материалы сот органдарына жіберілді. Осы жұмыстың нәтижесінде басқару мекемелері 110-нан аса ғимараттың қас­бетін техникалық талапқа сай етіп қалпына келтірсе, сонымен қатар 300 тұрғын үйдің жалпы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл қызмет көрсету ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру үшін пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына рейтингілік баға қою енгізіледі. Сондай-ақ, өткен жылы басқару мекемелері мен қалалық әкімдіктің бірлесіп тұрғын үй алаптарындағы үйлерге техникалық тексеріс жүргізілді. Биыл 2000 жылға дейін салынған барлық үйлерді тексеруді аяқтау жоспарлануда, – деген Әсет Өрентайұлы, – менің тапсырмам бойынша былтыр 96 лифт ауыстыру жұмысы жүргізілді. Мысалы, мердігерлер лифт салмаған «Махаббат» және «Шаңырақ» тұрғын үйлерінің мәселелері көп уақыттан бері шешілмей келе жатқан еді. Өткен жылы осы түйткілдің түйінін шештік, – деп атап өтті тағы бір сөзінде.
Былтыр Сарыарқа ауданында тек жоғары талапқа сай жұмыс жүргізетін компаниялар ғана қызмет көрсету үшін өздерінің үкіметтік емес стандартын орнатқан салалық лифт жөндеу­шілер қауымдастығымен мемо­­рандумға қол қойылып, пилот­тық жоба жүзеге асыры­лып­ты. Енді бұл тәжірибе қала­ның барлық аумағында өріс алмақ. Апатты жағдайда тоқтап қалу оқиғалары көп тіркелгендіктен, өткен жылы қаладағы 700 лифттің орнатылу сапасына тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде заңнаманы бұзғаны үшін 35 ПИК-тің жетекшісі әкімшілік жауапқа тартылыпты.


– Мысалы, біздің бастамамыз бойынша Тәуелсіздік даңғылы, 38/2 мекенжайындағы лифтте болған апатты жағдайдың себебін анықтау үшін комиссиялық тексеріс жүргізілуде. Тексеріс қорытындысына сәйкес, кінәлілер әкімшілік және қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылатын болады, – деді Ә.Исекешев сөз арасында.
Астана қаласының аумағындағы лифттердің жағдайын жақсарту мақсатында №1 индустриялды парк «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағына «ЛС Групп» ЖШС инвесторы тартылған екен. Өндірісті іске қосу 2019 жылға жоспарланған көрінеді. Бастапқы кезеңнен бастап 2023 жылға дейін 149-дан 300 лифтке дейін қолдануға беріледі деп күтілуде.
Жалпы, мәселелер туындап, тұрғындардың талабын орындамаған жағдайда, арнайы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тек лифт компанияларын ғана емес, басқарушы мекемелерді де жауапкершілікке тартатын болады.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button