Құқық

Жалған ақпарат жарға жығады

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ерекше назар аударатын мәселенің бірі – жалған ақпарат таратудан қарапайым тұрғындарды сақтандыру. Шынын айтсақ, жалған ақпарат таратудың қандай қаупі, зардабы бар екеніне жайшылықта назар аудара бермейміз. Бұл орайда астаналық полицейлер терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризм актілері туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат бергені үшін қылмыс­тық жауапкершілік қарастырылғанын халыққа үнемі жүйелі түрде түсіндіріп, арнайы сабақтар өткізеді.

Polisia.kz ресми сайтынан алынған мәлімет бойынша Астана қалалық Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл күрес басқармасының қызметкерлері «Террорлық актілер туралы көпе-көрінеу немесе жалған хабарлау» тақырыбында түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында мектеп басшылығы, оқушылары және ата-аналармен кездесті. Аталған кездесуде басқарманың аға жедел уәкілі Ренат Татиков жиналғандарға қаладағы қоғамдық орындарда, мектептерде террорлық актілер жайлы жалған ақпарат таратқан фактілерді мысалға келтіріп, оның тиісті жауапкершілікке әкеп соғатынын жеткізді. Сонымен қатар аталған мәселенің алдын алу мақсатында мынадай іс-шараларды назарға алу керегін атап өтті:

1) кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен, жастармен псевдотерроризмге және осы қылмыстарды жасағандарға зардапқа байланысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу.

2) псевдотерроризм қылмысын жасағаны үшін жауапкершілік мәселелері бойынша кәмелетке толмағандар арасында олимпиадалық жарыстар мен сабақтар өткізу.

3) қоғамдық орындардағы монитор экрандарында жалған терроризмге қарсы бағытталған бейнероликтерді әзірлеу және көрсету.

4) тақырыптық телебағдарламалар жүргізу, жалған терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс істейтін полиция қызметкерлерін шақырып кездесу өткізу. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаны алдын ала анықтау, жалған анонимді хабарламаларды бұғаттау және шабуылдаушыларды әшкерелеу бойынша техникалық мүмкіндіктерін үнемі арттырып отырады.

Осындай дәрістер: семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер Астана қаласы Білім басқармасында өтті. Соның нәтижесінде әдістемелік құралдар мен лаңкестікке қарсы қауіп төнген жағдайда іс-әрекет жасау алгоритмі бойынша нұсқаулықтар елордадағы барлық жалпы білім беретін мектептерге жіберілген. Мәселен, бір жерде жарылғыш құрылғы қойылды деген жалған ақпарат таратылған жағдайда барлық апаттық-құтқару қызметтерінің мамандары дереу іс-әрекетке көшіп, қызметкерлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Ойланбастан жасалған әрекеттің салдары материалдық зиянды өтеу қатар ауыл қылмыс­тық жауапкершілікке әкеліп соғатынын тұрғындар біле бермейді. Мұндай заң бұзушылық іс-қимылдар қоғамда үлкен наразылық туғызатынын көріп жүрміз.

Көпшілік жағдайда жалған хабарламаларды мас күйіндегі ересек адамдар немесе кәмелетке толмаған балалар таратады. Мұндайдан бәріміз сақ болуымыз керек. Соңғы кездері әлеуметтік желілер, интернеттегі сайттар, электрондық пошта арқылы жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметтеріне үңілсек, 2023 жылы 102 арнасына террорлық акті туралы көпе-көрінеу жалған хабарлама таратқан 157 қоңырау түссе, биыл сондай 15 қоңырау соғылған. Кезекшілік барысында астаналық полицейлер барлық жалған ақпарат таратқан жандарды анықтаған. Құзырлы мекеме астаналықтар мен қала қонақтарына террорлық акті туралы жалған ақпарат тарат­қаны үшін 5 мың АЕК көлемінде айыппұл салынатынын немесе сол мөлшерде еңбекпен түзеу жұмысына жіберілетінін, я болмаса 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертеді.

Енді осыған нақты дәлелдер келтірейік. Өткенде TikTok әлеу­меттік желісінде Астана қаласының бір тұрғыны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы ахуалды баяндайтын бейнематериал жариялады. Әлгі әйел ауыл тұрғындарының 3 жылдан бері алтын өндіретін фабриканың заңсыз құрылысымен күресіп, кен өндіру кезінде улы зат қолданып, жарылыс жасайтынын айтады. Бейнерепортажда арна авторы өзінің желідегі жазылушыларынан ақпаратты көбейтіп, таратуды өтінеді. Алайда полиция қызметкерлері толық тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде желі қолданушы таратқан ақпараттың жалған екеніне көз жеткізеді. Осылайша, жалған ақпаратты желіде жариялағаны үшін 45 жастағы елорда тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-бабының 2-тармағы 5-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Соттың шешімімен жалған ақпарат таратқан адамға 30 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы ұйғарым жасалды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button