Сұхбат

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

С

Жарылғыш зат қойылғаны туралы бір жалған ақпараттың өзі мемлекетке кем дегенде миллион теңге шығын келтіреді. Бұл оның материалдық жағы. Ал моральдық жағы ше? Қанша адам жолынан кешігіп, қанша мекеме дүрлігеді. Қызметкерлер әбігерге түседі. Осындай келеңсіздіктерді барынша болдырмау жөнінде не істеліп жатқанын Көліктегі ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сапарәлі Абдуллаев әңгімелейді.

– «Телефон лаңкестерінің» әрекеті жиі болып тұра ма?

– Қаламыз жылдан жылға сәулеттеніп, ірі мегаполиске айналып келеді. Бір миллионға жуық халқы бар шаһарда түрлі оқиғалар болып тұратыны жасырын емес. Солардың бірі – «вокзалға жарылғыш зат қойылды» дейтін жалған ақпараттар. Көбіне, мұндайды жүйкесі бұзылған, науқас адамдар жасайды. Не болмаса, «мән бермей» ерігіп, «ермек ететіндер» де болады. Мәселен, осы жыл­дың 2 қыркүйегі күні ащы суға тойып алған Германия азаматы Паульс «Астана-Мәскеу» бағытындағы ұшақты «әуеде жарып жібе­ремін» деп қоқан-лоқы көрсетті. Оның бұл «қылығы» 257-баппен бұзақылық әрекет ретінде бағаланды.

Ал, 2013 жылғы 9 қаңтарда белгісіз біреу «Астана теміржол вокзалына бомба қойыл­ды» деп, Жеңіс даңғылы бойындағы таксо­фоннан қоңырау шалған. Айта берсе, мұндай фактілер аз емес. Елімізде жыл басынан бері осындай отыз оқиға тіркелген.

– Оларға қарсы қандай алдын алу шаралары қолданылады?

– Айту керек, бұдан мемлекет орасан зиян шегеді. Шұғыл қызмет, «Арлан» арнаулы жасағы, кинологтар тез әрекет етіп, адамдарды қауіпсіз жерге көшіреді. Авиарейстер мен пойыздардың қозғалыс кестесі бұзылады. Тағы да басқа қауіпсіздік шаралары алынады. Осының барлығы – қыруар шығын. Сондықтан, мамандар «телефон лаңкестерінің» алдын алу мақсатында қоғамдық орындарға бейнекамералар орнатуда. Дәл қазір Астана теміржол вокзалында тоқсан алты, әуежайда сексен бей­некамера қойылған. Алдағы уақытта ел­ор­да әуежайына тағы да жүз бейнебақылау каме­расын орнату жоспарланған.

Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, осындай бейнекамералардан кейін қоғамдық орындарда тәртіп бұзу 20-30 пайызға азайған.

– Осындай бұзақылыққа барған адам­дарға қандай жаза қарастырылған?

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 242-бабы бойынша «дайындалып жатқан лаңкестік туралы жалған ақпарат» бергендерге 200-ден 500 айлық есептік көр­сеткішке дейін айыппұл салынады немесе бір жылдан екі жылға дейін еңбекпен түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ, төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру қа­растырылған. Алайда, мұндай «әзілқойлар» түгел бір жүйенің жұмысын тоқтатып, адамдарды шұғыл шаруаларынан қалдыратынын еш түсінбей келеді. Сондықтан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі ішкі істер департаментінің экстремизммен
күрес басқармасы азаматтық авиация мен теміржол кәсіпорындарында түсіндіру жұ­мыстарын жүргізе отырып, дағдарысты жағ­дайларда қалай әрекет ету керектігі туралы үнемі тренингтер өткізуде.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button