Ел тынысы

«Қаламгерден шыққан сөз»: Байқоңыр ауданында әдеби кеш өтті.

Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ардагер-журналистердің қатысуымен «Қаламгерден шыққан сөз» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кеш жазушы, белгілі журналист, «Егемен  Қазақстан» газетінің Экономика және өндіріс бөлімінің меңгерушісі Абай Аймағамбеттің шығармашылығына арналды.

Әдеби кешті ҚР Журналистер одағының мүшесі, ғалым, көптеген танымдық кітаптардың авторы, Орталықтың қазақ тілі пәнінің оқытушысы Маржан Пірімбетова жүргізіп, жиналғандарды жас қаламгердің шығармашылық өмірімен таныстырды.

Осы кешке қатысушы ардагер-журналистер мен тіл мамандары жазушы А. Аймағамбетке аға буын өкілдерін толғандыратын мәселелерді айтты. Сондай-ақ, ардагер әріптестерінің ақыл-кеңесін қабылдап, өзекті тақырыптарды өз шығармашылығында пайдалануды сұрады.

Кеш барысында ардагер-журналист, қаламгер, әдеби аудармашы Баянды Әлпи мен баспасөз қызметінің ардагері Кеңтай Алдырбай қазіргі журналистика саласында туындаған мәселелерді ортаға салды.

Екі буын өкілдерінің кездесуі жылы атмосферада өтті.

«Бүгінде біздің Орталыққа Байқоңыр ауданы бойынша 2500-ге жуық зейнеткер келеді, олардың ішінде 128 адам қазақ тілі курстарына қатысып жүр. Олар тілді меңгеру деңгейлеріне қарай алты топқа бөліп оқытылады. Қызмет алушы зейнеткерлер арасында ақын-жазушылар, бұрыңғы журналистер мен филолог мамандар бар. Осы екі буын өкілдерінің арасындағы сабақтастықты жалғастыру үшін көптеген әдеби бәйгелердің жүлдегері, үздік прозашы, белгілі журналист Абай Аймағамбетпен кездесу өткізуді жөн көрдік. Кездесуде жас талант  Абай баурымыздың өнеріне тәнті болған зейнеткерлер жылы лебіздерін білдіріп, оның шығармашылығының өсіп-өркендеуіне тілектес болды» – деп  пікір білдірді тіл маманы Маржан Пірімбетова.

«Бесінші жатақхана» кітабының авторы, республикалық деңгейде өткізілген «Жусан иісі», «Ауыл хикаялары», «Жасыл сөздің жарқылы»,  «Алтын тобылғы» әдеби байқауларының жүлдегері Абай Аймағамбеттің шығармашылығына арнаған әдеби кеш зейнеткерлердің көңілінен шығып,  ардагерлер ақ батасын берді.

Кеш соңында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев жас қаламгерге шығармашылық шабыт тілеп, ұжым атынан алғысын білдірді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button