Басты ақпаратСұхбат

Тарихты түгендеу бір күндік іс емес

Ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның қаңтар айында Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Татарстан авторлар ұжымы бірлесіп дайындаған «Қазақ хандығы тарихындағы Шибандар (Шейбандар, Шайбақтар) әулеті Ібір-Сібір, Дешті Қыпшақ, Мәуереннахр аймақтарында» атты кітабы оқырманға таныстырылды. Туындының тұсаукесерінен кейін тарихшыны әңгімеге тартып, Дешті Қыпшақтың соңғы ханы Әбілқайыр Шибанның тарихтағы рөлі және тағы басқасы туралы сұрадық.

– Әбілқайыр хан кім? Тарихтағы орнын қалай бағамдаймыз? Бірінші осы сұрақтың басын ашып алсақ.

– Осы сұраққа ізденісті тоғыз жыл бұрын Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл болғанда бастадым. Кеңес тарихшылары біздің тарихты бұрмалаған тұсы көп. Мәселен, Әбілқайыр Шибан (Сибан, Шейбанид) ханды КСРО кезінде тек қана Өзбек ханы ретінде көрсетті. Кезінде тарих факультетінде оқыған студенттерге Әбілқайырды қазіргі өзбектермен теңестіре айтушы еді. Тек білімі терең мұғалімдер ол қазаққа жақын Дешті Қыпшақ ханы екенін айтушы еді. Бұл ескіден қалған тұжырымның ақиқатын табу үшін көп іздендім. Енді тарихи хронологияға қарап, Әбілқайыр кім екенін оңай білуге болады. Содан 2015 жылы менің «Әбілқайыр – Шайбан – Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» деген монографиям шықты. Кейін 2018 жылы кітап қайта басылды. Ал 2020 жылы «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті тарихы. Дәрістер курсы» атты кітабым қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Ал біз айтып отырған Шибан Жошы ханның кенжесі, ол – Орда Ежен, Бату мен Беркенің інісі. Яғни «төре» тұқымынан.

Деректердің хабары бойынша, 1412 жылдары Әбілқайыр Шибанид Сарайшық қаласының маңында дүниеге келді. Оның аталары және әкесі Дәулет-Шайх Ноғай Ордасының аймағы және Ақ Ордамен шектесетін жерге иелік етті. Ол жастайынан соғыс өнеріне машықтанып, ел басқару ісін үйренді, сөз өнерін меңгерді.

Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш салған Ұрыс хан (Орыс хан емес) 1361-1376 жылдары Сығанақта билік етеді. Осы арада айта кетер жайт, Ұрыс хан – Ақнияздың лақап аты. Ислам дінінде лақап аты Мұхаммед болатын, оның мінезі қызу, ашуланшақ болғасын «Ұрысқақ» немесе «Ұрыс хан» деп атап кеткен сияқты. Одан кейін Барақ хан Сығанақты қайта қалпына келтіріп, Ақ Орданы саяси орталыққа айналдыруға күш салды. Барақ қайтыс болғаннан кейін, Темір әулетінің толассыз шабуылынан қала әлсіреп, ондағы билік Шибан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр ханның қолына уақытша өтеді. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбіл­қайыр хандығы пайда болды.

1428 жылдары ол Ертістің сол жақ жағалауында, Тобылдың құяр сағасы аумағында Әбілқайыр (Қостанай облысы) хан болып көтерілді. 1430 жылдары Түмен (Шыңғыс-төре, ол қаланы Чинга-Тура деп те айтады) қаласының тізгінін ұстады. Оның Сібір хандығына хан болып баруы заңды еді. Сол кезде Сібірді Шибанның ұрпақтары басқаратын. 1440 жылдары Түменнен оңтүстікке көш ашып, бірінші Есіл өзеніне келіп, сосын Атбасарға, Ұлытау­ға тоқтайды. Ол атасы Жошы хан мәңгілік тыныштық тапқан Ұлытау даласында бірнеше жыл тұрақтайды. 1446 жылы Ұрыс (Ақнияз – Мұхаммед) ұрпақтары қолындағы Сығанаққа келеді. Маңайындағы қалалардың біразы Әмір Темір ұрпақтарының қолында болатын. Парсы тілде жазған Махмуд Кухистанидің жазуынша, Әбілқайыр қалың әскерімен 1444 жылы Қаратаудан түскен кезде шаһар басшылары оған өз еркімен беріледі. Сосын хан мешітке келіп құтба оқып, қаланы басқаруды қолына алады.

Сұлтандар арасындағы таққа талас пен қаржылық дағдарыс салдарынан билік жүйе­сі әлсіреп, ХV ғасырдың 20-40 жылдары Сібір хандығы, Ноғай ордасы, Әбілхайыр хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы болып бөлінді. ХV ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ хандығы мен Астрахан хандығы еншісін алды

Жалпы Әбілқайырдың өмірі Сібірден кейін Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық және оңтүстік өңірінде өтті. Сығанаққа орныққан ол Үргеніш, Бұхарды басып алып, Самарқандты алты-жеті рет шапты. Бірақ ол әрқашан қайта өз елі Дешті Қыпшаққа, қайтадан Сығанаққа келіп тұрақтады. Тағы бір ескеретіні, Әбілқайыр мен оның ұрпақтарының тілі – қыпшақ тіліне (яғни қазақ тіліне жақын), ал өзбек тілі – қарлұқ тіліне жатады. Әбілқайыр ханға бағынған тайпаларды кейін «көшпелі өзбектер» деп атаған. Дешті Қыпшақты балама ретінде «Өзбек даласы» деп те атады.

Ол кезде Әбілқайырдың да, қазақ сұлтандардың да қол астында бүгінгі қазақтың ру-тайпалары бағынды. Мысалы, бүгінгі қазақтың ру-тайпалары: қоңырат, қыпшақ, найман, маңғыт және тағы басқасын айтуға болады. Тіпті кейбір рулар екіге бөлініп, екі жақты қолдады. Бірақ Әбілқайыр хан өлгеннен кейін олар 1470-жылдары Қазақ хандығына қосылды.

Өзбек тарихшылары өз еңбектерінде Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтан келген Мәуереннахрды тонаған қатыгез хан ретінде көрсетеді. Ал қазіргі өзбектер өз мемлекетін Әмір Темірден бастайды. Осыдан түйетін ой, Әбілқайыр Дешті Қыпшақтың соңғы ханы.

– Қазақ, өзбек этникалық сипатқа қалай ие болды?

– Орда Еженнен тараған хан-сұлтандарға ергендер «қазақ» деп аталып, Ақ Ордаға ие болса, Шайбан әулетінің соңынан ергендер «өзбек» аталып, Мәуереннахрдағы Темір империясын құлатып, мемлекет қалыптастырды. Жалпы «қазақ» сөзі – руларды біріктіруші атау. «Моңғол», «өзбек» сөзінде осындай мән бар, яғни ол политоним атау болып, кейін этноним болады. Шыңғысхан құрған империя ұлттар мен ұлыстарды «моңғол» атауымен біріктірді. Бірақ бұл бір ұлттың атауын көрсетпейді. Моңғол дегеніміз «Мың қол» немесе «Мәңгі ел» дегенге саяды. КСРО, совет, кеңес деген ұлт жоқ, 15 республиканы біріктірген одақ емес пе?!

Қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. ХV ғасырда Қазақ хандығы тілі мен ділі ортақ ру-тайпалардың бірігуімен құрылды. ХVІ ғасырда қазақтың этникалық территориясын бірігіп, осы арқылы қазақтың халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.

Парсы тілді тарихшы Фазллаллах Рузбиханның мәліметінше, ХІІІ ғасырдан бері «қазақ» атауы жалғасып келгені, ХV ғасырдың бірінші жартысында «қазақ» деген этносаяси қауымдастықтың болғандығын және сол кезде «қазақ» деп атануды абырой санағанын айтады. Қазақ – еркін, көшпенді дегенге тура келеді. Бір қызығы, «қазақ» та, «өзбек» те мағына жағынан бір-біріне жақын, екеуі де «еркін», өзіне-өзі қожайын дегенді білдіреді. Екінші жағынан, қазақ термині политонимдік мағынада қолданылды.

1500 жылдардан бастап Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед пен Махмұд Мәуереннахрға ауып, ондағы тәжік те, сарт та «өзбек» болып атала бастады. Яғни «Өзбек» этнонимін Орта Азия жеріне Шибандар әулеті ауыстырды.

– Бір сөзіңізде Әбілқайыр хан Сығанақты құтты қала санағанын, Мәуереннахрдағы қалаларды басып алса да, қайтадан өзінің астанасына келіп отырғанын айттыңыз. Жалпы Сығанақ қаласын қалай танып, дәріптеп жүрміз? Сол жағына тоқталсаңыз.

– Сығанақ қала болып XII-XVI ғасырларда көркейгенде Ясы, қазіргі Түркістан жай қалашық болатын. Сығанақ бір кездері аты мәшһүр шаһар болғанымен, қазір топырақ жұтқан, керексіз, мәнсіз тарихи орынға айналды. Негізі Сарайшықтан кейін Ұлттық құрылтайды өткізуге сұранып тұрған жердің бірі – Сығанақ қаласы. Мұның рәміздік мәні де бар. Қызылорда қаласы Кеңестік кезеңде ел астанасы болды. «Қызыл» деген сөздің түрік тілінде «алтын» деген ұғымды да береді. Яғни «Алтын Орда».

Сығанақ шаһары парсы, араб, армян, орыс дерек көздерінде көп кездеседі. Ол деректерді мен Ұлық Ұлыс – Алтын Орда тарихында нақтылап келтірген болатынмын. Себебі Дешті Қыпшақтың ең маңызды қалаларының бірі болып санады. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси Сығанақты Отырармен кіндігі егіз қала деп көрсетеді. Ибн Хальдун, Мұхаммад Хайдар Дулати, Муншидің еңбектеріне қарағанда, кезінде Сығанақ шаһары Самарқанд, Бұхараға қарағанда әйгілі болғанға ұқсайды.

Орта ғасырда Сығанақтың әйгілі болуының бір себебі – 2 мың жылға жуық Ұлы даланың саяси орталығы саналды. Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғасыр), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғасыр), Әбілқайыр хандығының (ХV ғасыр), Қазақ хандығының (ХVІ ғасыр) астанасы болды. Екінші себебі – Ұлы Жібек жолы бойын­дағы ірі сауда-экономикалық орталық болды. Бұл сөзімізге Фазлаллах ибн-Рузбиханның «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды» деген сөзі дәлел. Үшінші себебі – рухани-мәдени және діни-ағартушылық орталық ретінде бағаланды. Мұндағы мектеп-медреселер, мешіттер, кітапханалар шаһардың даңқын асырды. Тіпті араб-парсы деректерінде Берке хан ислам дінін Сығанақта қабылдағаны жазылған. Ортағасырлық өнеркәсіп орындары қалыптасты, қолөнер жақсы дамыды, егін және мал шаруашылығымен әйгіленді. Қаланың маңында жүзім, алма бақтары болды және жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpдi. Мұндай деректерді араб, қытай, парсы, ортағасырлық түркі ғалымдары еңбегінен табуға болады.

Еуропалық көпестер, саяхатшылар, дипломаттар Ұлы Далаға көптеп келіп, Сығанақ қаласына арнайы тоқтады. Олардың ішінде, Марко Поло, Рубрук Вильгельм, Плано Карпиниды бөліп-жармау керек. Рубрук пен Карпини саяхатында Бату мен Беркені көріп, Ұлық Ұлыс халқының өмір сүру салтын біліп, қала мәдениетін бағдарлады. Гетум деген армян патшасы Қарақорымға бара жатқанында Сығанаққа тоқтағаны жазылады.

Қала үшін Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек Қазақ хандары Бұрындық, Қасым мен көшпелі өзбек ханы Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары таласып, талай кес­кілескен соғыстар орын алды. Осыдан-ақ уақытында қаланың саяси мәні зор болғанын пайым­даймыз.

– Қазақ хандары мен Шайбанилер Сығанақ шаһарына көп таласу себебі неде?

– Керей мен Жәнібек Орда Еженнен (кей авторлар Тоқай-Темірден дейді) тараса, Әбілқайыр Шибаннан тарайды. Екеуі де – Жошының ұлы.

Ұрыс хан мен оның ұрпақтары Ақ Орданың билеушісі ретінде, Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтың билеушісі ретінде Сығанаққа иелік етті, әрі Орда Еженнен (Тоғлық-Темірден) тараған хандар және Әбілқайыр хан өзі де кейбір балалары да, мысалы, тұңғышы Шах-Бұдақ Сығанақ қаласының маңына жерленгені анық. Кесене де сол жерде бар. Ұлттық тағылымда ата-бабасы жатқан жерді өзінің отаны санайды емес пе? Яғни қазақ хандары да, шибанилер де Сығанақ қаласына таласуы – заңдылық. Олар бабасының билік еткен қаласы ретінде қарап, өз иелігіне қайтаруға тырысты.

– Енді әңгімемізді Ұлық Ұлысқа бұрсақ. Биыл ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, империя­ның 800 жылдығын атап өтеміз. Біз Ұлыстың заңды мұрагеріміз бе?

– Мемлекет басшысы ел тарихының мыңжылдық межесін белгілеп, терең зерттеуге пәрмен берді. Біле білсек, мұның саяси мәні зор.

Ұлық Ұлыстың шығыс бөлігі Ақ Орда деп аталды. Алып империяның тағында Жошының ұрпақтары билік етсе, Жәнібек пен Керей – Жошының тікелей ұрпағы. Қазақ хандары кімнің жолын, кімнің идеясын жүзеге асырды, әрине, Жошы ханның мақсат-мұратын жалғастырды. Яғни біздің тарихымыз терең. Ең басты дәйек, Ұлы Далада Жошы Ұлысы салтанат құрып, мемлекеттіліктің негізі қаланды десек, сол елдіктің еңсесін тіктеп, тұғырын бекіткен жер – Ұлытау. Президент алғашқы Ұлттық құрылтай өткізетін орын ретінде осы жерді таңдауы кездейсоқтық емес. Мұның астарында Жошы Ұлысының заңды мұрагеріміз деген идея жатқаны анық.

Жошы ұлысының аймағында құрылған империя – Ұлық Ұлыс деп аталып келген-ді, тек ХVІІ ғасырда ғылыми айналымға «Алтын Орда» атауы енді. Бұл сөзді алғаш поляк тарихшысы, дипломаты Ян Длугош, ал кейін неміс географы Христиан Краузе  қолданды.

Сұлтандар арасындағы таққа талас пен қаржылық дағдарыс салдарынан билік жүйесі әлсіреп, ХV ғасырдың 20-40 жылдары Сібір хандығы, Ноғай ордасы, Әбілхайыр хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы болып бөлінді. ХV ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ хандығы мен Астрахан хандығы еншісін алды. Ұлық Ұлыстың құрамында болған ру-тайпаның 99 пайызы кейін Қазақ хандығын құрды. Бізден алшақ қалған тайпалар – Шырын мен Барын, тағы ұсақ бірнеше тайпа татар не өзбекке кетті. Сондықтан Алтын Орда билігінің барлық элементтері: басқару жүйесі, салт-сана мен дәстүр-дағдысы жалғасты һәм жаңғырды. Тіпті жер-су атауларынан сабақтастық табуға болады.

– Неге империя тарихы толық зерттелмей келеді?

– Кезінде Кеңес билігі ортағасырлық империяның тарихын зерттеп, насихаттауға шектеу қойды. Тек Татарстан тарихшылары батылдық танытып, «Әлем тарихындағы Алтын орда» атты үш томдық кітап шығарды. Қазақстанда бұл тақырып «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында кеңінен зерттеле бастады. Бұған дейін академик Әлкей Марғұлан, Сұлтан ­Тұрсынов (ол кісі Ресейде тұрады), Вениамин Юдин, Клавдия Пищулина секілді тарихшылар Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың тарихынан азды-көпті еңбек жазды. Сондай-ақ ғалымдар Меруерт Әбусейітова, Бекет Кәрібаев, Радик Темірғалиев Орда тарихын зерттеуде зор үлес қосуда.

Ұлы мемлекеттің тарихын жазу бір күндік іс емес. Дайын­далып жатқан «Қазақстан тарихының көп томдығында» Ұлық Ұлыс арнайы қамтылып, тарихтағы орны жан-жақты көрсетіледі.

– Соңғы сұрақ. Тәуелсіздік жылдары ұлт тарихын қаншалықты жаза алдық?

– «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында араб, парсы, қытай, армян тіліндегі дерек көздерінен құнды мәліметтер алдық. Сондай-ақ Египет, Франция, Түркия, Моңғолия, Ресей, Ұлыбритания еліндегі архивтік құжаттардан Қазақстанға қатысты құжаттық-мәліметтер Шығыстану институтына жеткізіліп, арнайы орталыққа құжаттар жиналуда. Алашорда тарихы белгілі бір деңгейде зерттелді. Ұжымдас­тыру тақырыбында бiраз ақиқат айтылды. Ұлы Отан соғысы туралы жазылып жатыр. Енді сақ дәуірі мен Түрік қағанаты тұсынан бастап кезең-кезеңімен талданып, ұлттық тарихымыздың концепциясын түзіп, тарихи жадымызды ояту міндеті тұр. «Қазақстан тарихының көп томдығында» осы міндеттер орындалатыны анық.

Өз басым, 40-тай зерттеу­ші-­ғалыммен бірлесіп, қазіргі Қазақстан тарихын саралаудамыз. Сол секілді, сақ-ғұн дәуірі мен түрік қағанаты тұсы, ислам дінінің келуі, Ұлық Ұлыс дәуірі қамтыған кезеңдерді ғалымдар тобы бірлесе зерттеп, ұлттық тарихымыздың концепциясын түзіп, жазуда.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button