Басты ақпаратБілім

Кәсіп игерген нәсіпсіз қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен Ұлттық құрылтай барысында еңбек нарығында жас кадрларды даярлау мәселесін қозғап, білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі деп айқындап берді.

«Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз» деген Президент сөзі жастардың еңбексүйгіш маман болып қалыптасуының маңызын көрсетті. Бұл бағытта елорданың технологиялық колледжі бүгінге дейін 30 мыңға жуық студентті нарыққа шығарды. Олардың дені – еселі еңбек етіп, өмірлік жолын тауып, табысқа қол жеткізген шәкірттер. Ал қазір колледжде 700-ге жуық студент 3 мамандық бойынша білім алуда. Олар: наубайшы, шаштараз және тігінші.

Ұлттық тағамға – басымдық

Қазақстан бойынша ең ал­ғашқы наубайшы мамандығы колледж базасында ашылса, Астанада наубайшылар төрт колледжде оқытылады. Технологиялық колледж директоры Ләззат Разбекованың сөзінше, нарыққа қашанда керек әрі жойылмайтын бұл мамандыққа сұраныс көп.

«Наубайшы, кондитер және аспаз мамандығы қаладағы бірнеше білім беру ұйымында оқытылатындықтан, аталған колледждермен кәсіби түрде бәсекелестік бар. Осы орайда колледж мамандарын оқытудағы басты бағытымыз – тек денсаулыққа пайдалы, ешбір қоспасыз нан өнімдерін дайындау, премиум сегменттегі өнімдерді ұсыну. Нәтижесінде бүгінде экология тұрғысынан таза нанның 11 түрін пісіруге студенттер дағдыланды. Олар тек су мен ұннан қамыр көтеріп, оны 15 күндей ашытады. Мұндай өнімдердің таза әрі пайдалы екені тәжірибе жүзінде де дәлелденді. Ал қарапайым дүкендегі ашытқымен кез келген әйел нан пісіре алады. Сондықтан студенттер осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, 2-3-курстан-ақ жұмыс берушілердің ұсынысын қабылдап жатады. Бұл – 40% теория, 60% практикаға назар аударудың нәтижесі» деді колледж директоры.

Дуальді оқыту жүйесі – мамандықты іс жүзінде меңгертудің тиімді технологиясы. Теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын бұл жүйенің кәсіптік мамандықтарды оқытуда септігі мол. Сондықтан дуальді оқытуға басымдық берген кәсіптік колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. 2022 жылдан бастап колледждерге академиялық дербестік берілгені белгілі. Нәтижесінде жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтас­тық орнатуға мүмкіндік туды. Технологиялық колледж осы мүмкіндікті пайдаланып, 100-ге жуық кәсіпорынмен келісімшарт жасасты. Сондай мекемелердің қатарында этностильді «Sandyq» және «Tary» мейрамханалар желісі бар. Білім беру мекемесінің басшысы әлеуметтік серіктестердің де саны көп, сапасы жоқ болғанын қаламай, бірінші орынға ұлттық нақышы бар өнімдерді шығаруды жолға қоятын мекемелермен байланыс орнататыны туралы пікір білдірді. Қазақылықтың иісі аңқитын нан өнімдерін ұсыну әрі ұлттық тағамдардың өте таза екенін жеткізіп, дәріптеу мақсатында колледжде был­тыр ұлттық дәм тату орталығы ашылды.

Технологиялық колледж Францияның Лион қаласындағы Sipr колледжімен тығыз байланыс орнатып, француз әріптестермен қысқамерзімді курс ашу, француз, қазақ ұлттық тағамдарын біріктіріп, нарықта өтімді, халыққа пайдалы өнімді ұсыну жоспарланған. Тәжірибе жүзінде студенттер француз круассанын қазақтың қазы, құртымен біріктірді. Тары, талқан, түйе сүті бар бауырсақ, жент қосылған печенье дайындап, қанттың орнына балқаймақ қосу секілді қызық тәжірибе жүргізіліп, ерекше өнімдер шығарылады.

Ақысыз оқудың мүмкіндігі

Тігінші мамандығы бо­йынша 3 тігін цехында 4 шебер оқытады. Сондай-ақ колледжде тігіншілікті үйренемін деушілер үшін арнайы қысқамерзімді курстар қарастырылған. Оған елордалық кез келген тұрғын қатыса алады. Колледж шеберлері мен студенттері түрлі бұйым бойынша жеке тапсырыс қабылдайды. Қазіргі таңда білім алушылар ұлттық киім коллекциясын дайындауға кіріскен. Болашағын тігіншілікпен байланыстырғысы келетін студенттің бірі – Айкен Төребаева. 3-курс білім алушысы колледжге түспес бұрын ине мен жіпті сабақтай алмайтынын жасырмады, ал осы оқу ордасы көп мүмкіндікке жол ашқанын айтты.

– Анам тігіншілікпен айналысып, мен де осы салаға қызықтым. Колледжге түскеннен кейін бұл жерде мықты мамандар оқытатынын түсіндім. Ұстаздардың жан-жақты дамуымызға көмектесіп, үнемі қолдап отыратыны ұнайды. Өз мамандығым бойынша Польша­дағы worldskills халықаралық жарысына қатысып, жүлделі орынға ие болып, тәжірибемді шыңдадым. Жалпы алдағы уақытта өзімді қандай салада көретінімді айқындап алдым, мен үшін маңыздысы – сол. Басқа білім беру мекемесінде менің осындай қабілетім ашылмас па еді, бәлкім?! Тігіншілікке студенттер кездейсоқ келмейді, қатарластарымның көбі өз қалауы бойынша осы мамандыққа түсті, – деп ой бөлісті жас маман.

Айтқандай, колледждегі нау­байханада worldskills чем­пионатының қалалық кезеңі өтеді. «Жас маман» жобасы аясында 144 миллионға нау­байшыларға қажет барлық техника сатып алынып, толық жабдықталды. Чемпионат барысында 12 оқушыға арналған жұмыс орны жасалып, пештің түр-түрі орнатылған. Технологиялық колледжің аға шебері Жанар Жұмабаева наубайшылардың қолынан сапалы өнім шығып қана қоймай, әр маман тазалыққа мән беруі қажет, сондықтан санитария мен гигиена бойынша дәрістердің маңызы айрықша екенін атады.

Колледж студенттері тегін білім алып, мемлекеттік шәкіртақымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 50 студент жатақханада тұрады. Алдағы уақытта колледж аумағы маңында жаңа жатақхананың ашылуы жоспарланған.

Адам да, маман да қажет

Әдетте, студенттердің бо­йында «қатты» дағдылар (hard skills) көп дамиды. Яғни техникалық ойлау жүйесінен аспай қалып жатады. Бірақ оқу бітіргеннен кейінгі өмірге дайын болып, ел ісіне араласуы үшін «жұмсақ» дағдылар да (soft skills) қажет. Технологиялық колледж директоры Ләззат Разбекова мамандарды кәсіби тұрғыда ғана шыңдап қоймай, өздерінің дайындаған өнімдерін нарыққа шығаруда дұрыс сата білу үшін маркетинг негіздері қатар оқытылатынын жеткізді.

«Біз көбіне маманнан гөрі адам қылу маңызды екенін естен шығарып жатамыз. Асылында, сыни тұрғыдан ойлай алатын, ісін саралай алатын маман ауа­дай қажет. Бірақ адам бойындағы игі сезімдер мен даналық көзін естен шығармауымыз керек. Жастар оқуға түскен бойда осы жағына мән беріп, түрлі шығармашылық кештер өткіземіз. Ораторлықты шыңдау, көпшілік алдында сөйлей білу, мамандығына қатысты әлеуметтік желіні тиімді қолдана алу үшін осы қасиеттің қажетін тәжірибе барысында түсіндік, себебі кейбір студенттерге бұл дағды жетіспейді. Халықаралық деңгейдегі сайыстардың барысында коммуникация құралдарының кенжелеп қалғаны бірден аңғарылады. Әрине, бірінші тұрғыдан маман тәрбиелеу керек, бірақ адам болу одан да маңызды. Тұлғалық өсу мен маман ретінде жетілу қатар жүру керек. Бірі болып, екіншісі жетілмесе, өмірде жетістікке жету қиын деп есептеймін. Нау­байшы нанын пісіреді, тігінші киімін тігіп, шаштараз шашты қанша жерден жақсы қиып, жұмысын толыққанды дұрыс орындағанмен, халықпен кері байланысқа шықпай, екі ауыз сөздің басын құрай алмаса, әрине, ол білім алушылардың өздеріне емес, колледжге де сын» деді Л.Разбекова.

Оқу-ағарту министрлігі былтыр еңбек нарығында айрықша сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жариялады. Көш басында аспаз, тігінші, кондитер мамандарынан бөлек, сатушы, маркетолог, медбике секілді бірқатар мамандық бар. Яғни білім беру жүйесінде кәсіптік бағдар берудің маңызы күн өткен сайын артып келеді. Осы бағытта елордалық технологиялық колледж ертеңгі қарапайым жұмысшыларды тәрбиелеудің маңызын көрсетті.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button